Қазақстан • 08 Маусым, 2017

Елбасы ҚХР Төрағасымен кездесті

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин шағын құрамда келіссөз өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы ҚХР Төрағасымен кездесті

Келіссөз барысында Қазақстан Президенті Қытай Төрағасымен осы жылдың ішінде үшінші мәрте кездесіп отырғанын, бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барынша жоғары екенін білдіретіндігін баса айтты.

«Біздің кездесулеріміз, сенімге толы байланысымыз Үкіметтеріміз, министрліктеріміз бен ведомстволарымыз арасындағы қарым-қатынастың барлық спекторларына ықпал етіп, көмектеседі. Егер қысқаша қорытынды шығарар болсақ, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы – бұл үлгі боларлық мемлекетаралық қарым-қатынас.  Бізде шешілмеген  мәселе жоқ. Туындайтын кез келген мәселе шешіледі», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қытайдың  тікелей шетел инвестициясы, бөлінген кредиттер және бірлескен кәсіпорындар бойынша Қазақстан экономикасының негізгі серіктесі болып отырғандығын атап өтті. Энергетикалық ынтымақтастық мәселелері толықтай өз шешімін тапқандығын еске салды.

«Біздің арамызда барлық деңгейдегі жылы әрі тығыз байланыстар қытайлық-қазақстандық қарым-қатынастың стратегиялық сипатын паш етеді, біз мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың үлгісі боламыз десек те болады. Байланыстарымыз барынша тығыз. Менің осы жолғы сапарымды тамаша ұйымдастырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мен Бейжің сарайы қонақ үйіне орналасып, өзімді үйімдегідей сезінудемін», деді өз кезегінде Қытай Төрағасы.

Айта кетерлігі, ҚХР Төрағасы Қазақстанға осымен үшінші рет ресми сапармен келіп отыр. Сапар аясында ол ертең ШЫҰ саммитіне, сонымен қатар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми ашылу салтанатына қатысатын болады.