Аймақтар • 08 Маусым, 2017

Ақтөбеде адамның дене-мүшелерін ауыстыру оталары сәтті жалғасып келеді

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбеде ми өлімі деп диагноз қойылған жігіттің бүйрегі кезекте тұрған 1971 және 1973 жылдары дүниеге келген екі әйелге салынды. Бұған өмірден өткен жігіттің туысқандары келісім берген. Аталған екі науқас та бұған дейін гемодиализ орталығында ем алып келіпті.

Ақтөбеде адамның дене-мүшелерін ауыстыру оталары сәтті жалғасып келеді

«Сараптамалар сәйкес келгеннен кейін бірден ота жасауға кірістік. Ота сәтті өтті. Қазір науқастардың жағдайы қалыпты. Олар дәрігерлердің бақылауында», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев.

Бұл облыста жыл басынан бері мәйіт трансплантациясы бойынша жасалған алтыншы ота екен. Сондай-ақ, қазіргі күні ақтөбелік дәрігерлер бүйрек ауыстыру отасын ешкімнің көмегінсіз өздері жасап жүр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша бұған дейін бүйрек және бауыр секілді ағза мүшелері ауыр науқастағы адамға тек туған-туысқандарынан ғана алынып келген. Ал соңғы уақытта өңір тұрғындары мәйіт донорлығына да оң көзқарас таныта бастапты.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»