Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен қытайлық «Shineworks Pictures» және «China film coproduction corporation» компаниялары бірлесіп түсіреді. Бірлескен жоба туралы уағдаластық 2015 жылы Қытайда өткен «Жібек жолы» ІІ халықаралық кинофестивалі кезінде жасалған болатын. Ал былтыр бірлескен жоба нақтыланып, «Композитор» атты көркем фильмді бірлесіп түсіру, қаржыландыру және бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қойылған. Ендігі жерде фильмді түсіру жұмыстары басталып кетпек. Алматыда түсірілетін фильмнің шығармашылық, қаржылық ресурстары дайын. Бұл туралы әңгімелеген «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Серік Жұбандықов фильмнің 80 пайызы Алматыда, ал жиырма пайызы Қытайда түсірілетінін, дегенмен монтаждау, компьютерлік графика жағымен қытай тарапы айналысатынын баяндады.
«Фильм түсіру оңай. Қаржы мәселесі, прокат жағы қиын. Біз фильмнің сметасын тең бөліп алдық. Екі жақ та фильмді түсіру үшін елу-елу пайыздан қаржы шығарады. Келер жылы сәуірде фильм түсіріліп бітеді. Мақсатымыз – Қытай нарығына шығу. Фильмнің Қытайдағы прокатына Бейжің қалалық партия комитеті көмектесетін болады», деді ол.
Қытай киногерлерімен бірлесіп түсірілейін деп жатқан «Композитор» атты көркем фильмге қос композитор Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың достығы арқау етіп алынған. Яғни, өмірде болған оқиғаның ізімен түсірілмек. Си Синхай – Қытай Халық Республикасының Халық композиторы атағына ие болған, қысқа ғана ғұмырында 300-ден аса шығармалар тудырған дара талант иесі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде саяси қуғын-сүргін көрген ол өмірінің соңғы жылдарын Қазақстанда өткізген. Қазақтың көрнекті композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болған. Дұрысы, Си Синхайды аштық, қайыршылық күйден құтқарып, қайтадан шығармашылық ортаға оралуына септігі тиген Бақытжан Байқадамов болғаны қай бір жылдары БАҚ беттерінде жарияланған. Ол кезде екі таланттың достығы туралы режиссер Әсемғазы Қапанұлы 20 минуттық деректі фильм түсірген еді. Қытай мәдениетіне үлкен із қалдырған үлкен тұлғаның тағдыры енді көркем фильмге айналып, екі елдің көрермендеріне жол тартпақ.
«Композитор» фильмін түсіру жұмыстары басталғаны туралы шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚХР Басылым, кино, радио, телехабар мәселелері бойынша мемлекеттік әкімшілігінің министрі Не Ченьсимен бірге екі тараптың да киногерлері, әртістері қатысты. Айта кетейік, аталмыш фильмнің режиссері – Шеризат Яқұб, қоюшы режиссері – Сәбит Құрманбеков. Олардан бөлек басты рөлдерді сомдайтын Ху Джун, Берік Айтжанов және Алтынай Нөгербек те шарада қонақ ретінде бой көрсетті.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»