Алғашқы кезеңде Қарағанды облысы жергілікті өндірушілердің құрылыс материалдарын жеткізу, ЭКСПО нысандарын салу бойынша жобалық ұйымдар мен құрылыс компанияларының жұмысын жүзеге асырумен айналысты.
Нәтижесінде, аймақтағы 29 кәсіпорын 9,5 млрд теңге көлемінде өнім жеткізіп, 7 кәсіпорын 257,5 млн теңге сомасында қызмет жұмыстарын орындады.
ЭКСПО көрмесін тамашалауға келген шетелдік қонақтарға ақпараттық қызмет көрсету үшін Қарағанды облысының ЖОО-нан үш тілге жетік, мәдени-бұқаралық іс-шаралар жүргізуде машығы бар 250 ерікті таңдалып алынды.
Әлем назарын тігіп отырған «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне Қарағанды облысының тұрғындары осы күнге дейін 90 мың билет сатып алған. Бұл туралы аймақтық орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысы кәсіпкерлер басқармасының басшысы Татьяна Аблаева мәлімдеген болатын.
Аймақ жұртшылығы арасында әлемдік шараға қызығушылық күн санап артып келеді. Оны осы күнге дейінгі ресми мәліметтер растайды. Сонымен қатар, ел ішінде көрмеге ерікті түрде қатысамын деушілердің қарасы аз емес. Жалпы, Қарағанды облысынан әлемдік шараға 200 мың адам қатысады деп болжам жасалуда. Бюджет қаражаты есебінен 3750 оқушының қатысуын қамтамасыз ету жоспарланған. Яғни, 12 маусым мен 6 шілде аралығында 1050 дарынды бала және балалар үйінің тәрбиеленушілері көрмені облыстық бюджет есебінен барып тамашалайтын болады. Ал 10 шілде мен 10 қыркүйек мұғдарында көрмеге жергілікті бюджет есебінен аудандар мен қалалардың жалпы білім беретін мектептерінен 2700 әлеуметтік аз қамтылған дарынды оқушылар қатыспақ.
Көрмені өткізу барысында өңірдің ауыл шаруашылығы 8964 тонна азық-түлік тауарын өндіру және жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, осы жылдың 4-9 қыркүйегі аралығында Қарағандының мәдениет күндері шеңберінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы тарапынан 21 мәдени-сауықтық іс-шара ұйымдастыру көзделуде.
«ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі – отандық туризмді түлетудің жаңа бір мүмкіндігі болмақ. Алдағы уақытта елімізге Жер шарының түкпір-түкпірінен 2 миллионнан астам қонақтар келсе, оның 300 мыңдайы шетелдіктер болады деп күтілуде. Осы ретте, Қарағандының таңғажайып табиғаты мен тарихи орындарын тамашалауға келгендер үшін «Nomadic Travel Kazakhstan», Қарқаралы мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі, «Павлин-Тур» туроператорлары дайындаған «Қазақ даласының Жерұйығы», «Қызыларай: бағзыдан – биікке», «Қарқаралы – Сарыарқаның сәнді алқасы», «Теміртау – металлургтер қаласы», «Қазақстанның жаңа парақтары: Астана-Қарағанды» туристік бағыттары қызмет көрсетпек.
Жалпы, Қарағандыға ат басын бұрған, сондай-ақ, аталмыш көрме қонақтарының жайлы орналасуын қамтамасыз ету мақсатында нөмірлік қорды кеңейту және жетілдіру жұмыстары жүргізілді.
2015 жылдан бері Кеншілер астанасында жалпы сомасы 3,5 млрд теңгені құрайтын орналасу нысандарын салу және қайта жөндеу бойынша 23 жоба жүзеге асырылған.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»