Мұнда Астана, Алматы бағыттары бойынша ұшақтар қатынап келсе, бұдан былай Шымкентке де айқара жол ашылып отыр. Оның алғашқы жолаушысы ретінде мектеп оқушысы Айсұлу Ерлікқызы тіркелді. Әке-шешесін қатты сағынғаны түрінен де, сөзінен де білініп тұрды. Бұрын пойызбен тәуліктеп сапарласа, енді отбасына тез-ақ жете алады. Айтолла Уашев те қатты қуанулы. Денсаулығы дімкәс жан биыл Сарыағаш шипажайына жету үшін көп мехнат көріпті. Неткен рақат, дейді миығынан күліп.
Барлық талаптарға сай жабдықталған 50 орындық «Сирджей-200» ұшағы Шымкент қаласына аптасына екі рет қатынайды. Билеттің бағасы – 20 мың теңге. Жүрдек пойыз «Тальгоға» қарағанда арзан. Екіншіден, аралық уақыт 9 есеге дейін қысқарады. Бүгін ұшақ лық толы. Соған қарағанда, үміт ақталады деген сенім басым. Өйткені, «Серпін»-2050» бағдарламасы бойынша оңтүстік жақтардан жастар көп оқиды. Оның үстіне, ішкі көші-қон үдерісін реттеу жөніндегі Үкімет бағдарламасына орай көшіп келушілер де, сонымен бірге демалушылар қатары да қалың. Осы жайттар жан-жақты ескерілген, дейді мекеменің директоры Марат Хасенов.
Жолаушыларға «Скат» авиакомпаниясы қызмет көрсетеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы