«Адал азамат» жобасы аясында өткен кездесуде қаламгер жастармен сұхбаттасып, поэзия әлемі жайында сыр тербеді.
Қасымхан Бегманов – жыр мен тарихты, сезім мен зердені сабақтастыра білген қаламгер. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы әдебиет пен журналистика саласында өнімді еңбек етіп, ұлт мұрасын түгендеуге, рухани құндылықтарды дәріптеуге сүбелі үлес қосты.
Ақынның сыршыл поэзиясын бұл кеште жас қауым ерекше ықыласпен қабылдады. Махаббат, сезім туралы шумақтар кештің шырайын кіргізді.

Поэзия кешінде университеттің өнерлі жастары көпшілікке кеңінен танымал «Ол көктем оралмайды», «Бақыттымын өзіңмен» әндерін шырды. Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының мүшелері ақынға жыр жолдарын тебіреніспен арнады. Шаба Әденқұлқызы ақынның «Арманым едің», «Менің де дауысым естілер» әндерін нақышына келтіре орындаса, жас әнші Жақсыбек Қалелбек «Мен сүйген қыздар» әнін әуелетті. Ал Ақсұңқар Ақынбабақызының орындауындағы «Тоғыспаған тағдырым» әні көрермен жүрегіне нәзік мұң сыйлап, зал іші үнсіз толғанысқа бөленді.
Ән мен жыр қатар өрбіген әсерлі кештен студенттер көп сауалға жауап алып, руханият, әдебиетке қатысты әңгімелерге қанық болды. Жүрек түкпіріндегі нәзік сезімдерді қозғаған бұл жүздесу жүректерге жылу, көңілге шуақ сыйлаған тағылымды басқосу болды.
Елімізге танымал ғалымдар, ақын-жазушылар мен журналистер рухани кештің қадірменді қонағы болды.