«Республикадағы кәсіподақтардың міндеті – жұмысшылардың құқықтарын түсіндіру және қорғау. Біздің федерация елдің түкпір-түкпірінде былтыр қабылданған жаңа «Еңбек кодексі» мен 2014 жылы қабылданған өзіміздің «Кәсіподақтар туралы» Заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.
«Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттемелерін жүзеге асыру әлеуметтік жаңартудың кепілі», – деді кәсіподақ қозғалысының өкілдері.
Сонымен қатар, Федерация төрағасы мекемелердің қарамағындағы қызметкерлер құқығын бұзу мәселесі туралы да пікірімен бөлісті. «Қазіргі уақытта жұмыс берушілердің тарапынан жұмыскерлер құқықтарының бұзылу деректері азайып келеді. Өйткені, дауласқан тараптар мәселені заңға жүгіне отырып шешетін болған. Дегенмен, біз де босаңсымай, жұмыскерлер құқықтарын қорғау мен оның бұзылуының алдын алу шараларын тұрақты өткізіп тұрамыз. Мәселен, 2017 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде біз республика бойынша 2 мыңдай азаматты қабылдадық. Олардың бізге арызданып келгенде айтатын мәселелері негізінен жұмысқа орналасу, негізсіз жұмыстан қуылу және жалақының уақтылы төленбеуі. Кәсіподақтар бұл мәселелердің бәрін шешуге тиісті мемлекеттік органдарды тартып, ешбір азаматтың арызын бос қайтармауға тырысады», – деді Әбілғазы Құсайынов.
Айта кетейік, Қазақстанда жұмысшылар құқықтарының бұзылу деректерінің басым көпшілігі жалақының уақтылы төленбеуі екені анық. Бұл, әсіресе, жекеменшік секторға қатысты. Осы орайда, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы мұндай мәселелер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп шешілетінін айтты.
Бауыржан МҰҚАНОВ,
«Егемен Қазақстан»