Бокс • 09 Маусым, 2017

«Астана арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына шықты

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

WSB жобасында сынға түсіп жатқан «Астана арландары» клубының боксшылары жылдағы әдетінен жаңылмай биыл да сәтті жұдырықтасып, финалдық бәсекеге жолдама алды.

«Астана арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына шықты

Британдық «British Lionhearts» командасына қарсы өткен жартылай финалдың алғашқы кездесуінде «арландарымыз» 4:1 есебімен жеңіске жеткен болса, сырт алаңдағы қарымта кездесуде де 3:2 есебімен басым түсті.

Лондонда өткен бокс кешінің шымылдығын 52 килодағы былғары қолғап шеберлері ашты. «Арландар» сапынан алғаш шаршы алаңға Олжас Сәттібаев шығып, қарсыласы Дин Фаррелды 2:1  есебімен ұтты. Осылайша, «арландар» кездесуді жеңіспен бастады. Екінші кездесуде Зәкір Сафиуллин (60 кг) қарсыласы Чад Милнсды екі раундта екі рет нокдаунтқа жіберген соң, Чад жекпе-жекті жалғастырудан бастартты. 69 кило салмақта рингке шыққан Асланбек Шымбергенов «British Lionhearts» командасының үндістандық легионері Кумар Манодждан төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсті.

Ал, 81 килодағы Арман Рысбек WSB жобасындағы алты жекпе-жегінен кейін бірінші рет жеңіліске ұшырады. Ол Томас Уитаккер-Хартудан 1:2 (45:50, 49:46, 45:50) есебімен жеңілсе, аса ауыр салмақтағы дебютант Нұрсұлтан Аманжолов өзің алғашқы жекпе-жегінде ұтылып қалды. Аманжолов үшінші раундта нокдаунтқа түсіп қалған соң «арландар» бапкері алаңға орамал лақтырып, кездесуден бас тартты.

«Астана арландары» мен «British Lionhearts» командалары арасындағы жартылай финалдық кездесу 7:3 есебімен қазақстандық команданың жеңісімен аяқталды. Арландардың финалдағы қарсыласы 10-шы маусым күні кубалық «Cuba Domadores» пен колумбиялық «Colombia Heroicos» жекпе-жегінің жеңімпазы болмақ. Қос клуб арасындағы жартылай финалдың алғашқы кездесуінде колумбиялықтар 3:2 есебімен басым түскен болатын.

Еске сала кетсек, былтырғы маусымның жартылай финалында «арландар» дәл осы «British Lionhearts» клубынан ұтылып, финалға шыға алмай қалған еді.

Жетінші маусымда «Арландар» Азия аймағы тобында Өзбекстан, Ресей, Қытай боксшыларын жеңіп, топтан бірінші орынмен шыққан еді. Ширек финалда ресейлік боксшыларды 7:3 есебімен ұтты.

Айта кетейік, «Астана арландары» WSB жобасында қатарынан жеті маусым бойы қатысып келе жатыр. Бұған дейін, екі рет чемпион атанса, бір рет күміс және үш рет қола медаль иеленген. Бүкіләлемдік бокс сериясының финалдық кездесуі қай елде өтетіні жақын күндері белгілі болады. Дегенмен, финалдық кездесуді өткізуі мүмкін негізгі үміткер ел – Қазақстан. Бәлкім, ЕХРО-2017 аясында Астанада WSB жобасының финалын көріп қалуымыз мүмкін.

Финалдар тарихы

І кезең (2010-2011 жыл)

1-орын: «Paris United» (Франция)

2-орын: «Astana Arlans» (Қазақстан)

3-орын: «Baku Fires» (Әзербайжан)

3-орын: «Los Angeles Matadors» (АҚШ)

 

ІІ кезең (2011-2012 жыл)

1-орын: «Milano Thunder» (Италия)

2-орын: «Dynamo Moscow» (Ресей)

3-орын: «Astana Arlans» (Қазақстан)

3-орын: «Baku Fires» (Әзербайжан)

 

ІІІ кезең (2012-2013 жыл)

1-орын: «Astana Arlans» (Қазақстан)

2-орын: «Ukraine Otamans» (Украина)

3-орын: «Milano Thunder» (Италия)

3-орын: «Mexico Guerreros» (Мексика)

 

IV кезең (2013-2014 жыл)

1-орын: «Cuba Domadores» (Куба)

2-орын: «Baku Fires» (Әзербайжан)

3-орын: «Astana Arlans» (Қазақстан)

3-орын: «Russia Boxing Team» (Ресей)

 

V кезең (2015 жыл)

1-орын: «Astana Arlans» (Қазақстан)

2-орын: «Cuba Domadores» (Куба)

3-орын: «Russia Boxing Team» (Ресей)

3-орын: «Mexico Guerreros» (Мексика)

 

VI кезең (2016 жыл)

1-орын: «Cuba Domadores» (Куба)

2-орын: «British Lionhearts» (Британия)

3-орын: «Astana Arlans» (Қазақстан)

3-орын: «Uzbek Tigers» (Өзбекстан)

 

Әли Битөре

«Егемен Қазақстан»