Бизнес • 09 Маусым, 2017

Алматыда кәсіп бастағысы келетіндер «Ашық есік күніне» келді

224 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін «Даму» Қорының Алматы филиалы «Ашық есік күнін» өткізді. Бұл күні Алматы филиалының директоры Алмат Нұрахметов пен Қор мамандары күні бойы тұрғындарды қабылдап, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері жайлы егжей-тегжейлі кеңес берді.

Алматыда кәсіп бастағысы келетіндер «Ашық есік күніне» келді

Аталмыш Қордың мұндай қадамға Алматы қаласы бойынша қолданыстағы «Алматы-Өнім, «Алматы-Инновация», «Жібек жолы» және «Алматы-туризм» секілді бағдарламаларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау үшін барып отыр.

Сонымен Қордың Ашық есік күніне 150 шақты адам келіп, 400-ге тарта кеңес берілді. Кездесуге банк өкілдері де шақырылған. Олар кәсіпкерлерге бизнес үшін несие алу талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ, кеңес берушілер қатарында Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), прокуратура, Алматы қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері мен әкімшілік қызметкерлері де бар. Келушілерді негізінен франшиза сатып алу, аймақтық бизнесті қаржыландыру бағдарламалары, жаңадан іс бастау – стартап жобаларды қаржыландыру, ЖК мен ЖШС тіркеу, несиеге кепілдеме беруді қарастыру мерзімі мен несие пайызын субсидиялау тәртіптері секілді сұрақтар қызықтырды. Ашық есік күні аясында аулада «Даму» Қорының қолдауын алған отандық өндірушілердің көрме-жәрмеңкесі де өтті. 

2012 жылдан бастап 2017 жылдың маусым айы арасында Алматы қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында шамамен 24 848 мың қызмет көрсетіліп, 19213 адам кеңес алған. Ал 2017 жылдың алғашқы 5 айында 2 Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен Жылжымалы түрде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орындары 3 мыңнан астам қызмет түрін көрсеткен.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ