Аймақтар • 12 Маусым, 2017

Оңтүстік туристерді күтіп алуға дайын

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қонақжайлылығымен танымал, қа­зағы қалың қоныстанған Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы халықаралық көрмеге кел­ген туристерді күтіп алуға дайын. Қонақтарға «біздерде мынадай бар» дерлік тарихи-танымдық орындар да, табиғаты тамсандырар жерлер де же­терлік. 

Оңтүстік туристерді күтіп алуға дайын

Бұл орайда, облыс әкімдігі өңірлік ту­ристік ұйымдармен бірлесіп, көрме қонақтарына арналған 3 және 5 күндік туристік бағыттар әзірлепті. Нақтырақ айтсақ, Оңтүстікке келген қонақтар Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайын, Сауран қалашығын аралап, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесінде және Отырар қала­шы­ғында болып ел тарихына қаныға алады. Сондай-ақ, Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі, Домалақ ана кесенесінің, Қазығұрт ауданындағы «Ке­ме қалған» мемориалды ке­шені мен «Адам ата-Жер Ана» табиғи ескерткіші шетел­дік­­терді қызықтырары анық. Ал Тө­леби ауданы аумағындағы «Сай­рам-Өгем» мемлекеттік ұлт­тық табиғи пар­кі мен Түл­кібас ауданындағы «Ақ­су-Жабағылы» мемлекеттік таби­ғи қо­рықтың экологиялық бағыт­тағы ту­ризмді ұнататын­дар үшін берері мол. Әрине, облыс орталығы Шымкенттің өзін­де танымдық экскурсия жа­сайтын орын көп. Саялы ағаш­тарымен танымал Ден­дросаябақта, авторлары Мем­ле­кеттік сыйлық иегері атан­ған ерекше жоба – Тәуел­сіздік саябағы, Бәйдібек би ес­керткіші, Наурыз алаңы, жаз айлары жағасы босамайтын «Жайлаукөл»... тізе берсек облыс орталығында қонақтарға мақтан ете көрсететін орын көп.
ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі қонақтарына ұсыны­латын туристік мар­шруттардың бойындағы қонақ үйлердің барлығы қызмет көрсетуге дайын. Сондай-ақ, қонақтар на­за­рына Түркістан және Оты­рарда орналасқан 2 этноауыл ұсынылады. 
Сондай-ақ, көрме шең­бер­інде тамыздың 29-ы мен қыр­күйектің 3-і ара­лығында Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері өтеді. Оған 610 адамнан құралған 17 шығармашыл  ұжым қатысып, өнерлерін көпшілікке ұсынады. Оның ішінде жергілікті 22 қолөнер шеберлері де бар. 
Оңтүстікке келуге ниет білдірген туристерге барлық жағдай жасап отырған облыс әкімдігі халықаралық көрмеге баратын жергілікті тұрғындарға да қолдау көрсетпек. Бұл орайда, Астана қаласында облыстан көрмеге қатысушыларды ор­наластыру үшін екі университеттің жа­тақ­ханаларынан күніне 600 орын алдын ала алынып қойылған. Көрменің өту ке­зеңіне көлік қатынасы ұлғайтылып, қосымша орындар қарастырылған. Мысалы, темір жол құрамдары 86 вагонмен толықтырылса, әуе қатынасы бойын­ша қосымша 16 755 орын беріліпті. Сон­дай-ақ, 450 орындық 10 автобус қосы­латын болады. Облыстан 3 750 мек­теп оқушысын, 179 ардагер, зейнеткер және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды көрмеге алып бару жоспарланған. 
Халықаралық көрменің тақырыбына сай қуат көзін жаңғырту бойынша оңтүстіктен 4 жоба интерактивті картада таныстырылатын болады. Атап айтқанда, облыста электр энергиясын өндірудің тап­шылығын төмендету және жаңғырмалы энергия көз­дерін қолдану мақсатында жү­зе­ге асырылған Сайрам ауда­нын­дағы күн электр стансасы, Сарыағаш ауданы Келес өзеніндегі шағын ГЭС. Сондай-ақ, еліміздегі және сыртқы нарықтағы тұтынушылар мен ірі компанияларды жоғары сапалы майлау материалдарымен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейтін, өндірістік қуаты жылына 70 мың тонна болатын «Hill Corporation» ЖШС-нің жобасы ұсынылмақ. Биогаз өндіретін және әрі қарай электр энергиясын алуға мүмкіндік беретін шөгінділерді өңдеу бағытындағы жоба да көрме қатысушыларына таныс­тырылады. Бұдан бөлек 35 кәсіпорын елорда тұрғындары мен қонақтарына ауылшаруашылық өнімдерін ұсынбақ.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»