Қазақстан • 13 Маусым, 2017

Бейбітшілік пен келісім – игілікті энергия

310 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Астана қаласындағы Ұлттық музейде Мем­ле­кет­­тік хатшы Гүлшара Әб­діқалықованың қатысуымен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін таныстыруға арналған «Бейбітшілік пен келісім қуаты» атты жиыны өтті.

Бейбітшілік пен келісім –  игілікті энергия

Шараға ҚХА Төрағасының орынбасары Дарxан Мыңбай, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ЭКСПО-2017 көрмесіне келген шетелдік қонақтар, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, дипломатиялық кор­пустың, мемлекеттік орган­дар­дың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында алғы­сөз­ді алған Мемлекеттік xатшы Гүлшара Әбдіқалықова дүние жүзінде ұлтаралық кикілжің сал­дарынан болып жатқан проб­лемалар жайлы, сондай-ақ Қа­зақстанның бейбіт өмір сүруінің басты себебін айтып өтті.

– Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Н.Назарбаев Семей ядролық полигонын жауып, әлем жұртын алапат қасіреттен құтқарды. Бүгінде Орталық Азияда ядролық қару жоқ. Себебі, бұл аймақта атом энергиясын бейбіт мақсатта ғана пайдалануға болады. Дегенмен, Қазақстанда одан да қуатты энергия бар екенін айта кеткім келеді. Ол – бірлік, бейбітшілік пен келісім энергиясы. Біз осы бағыттағы бай тәжірибемізбен, достық пен өзара сенім энергиясымен бөлісуге дайынбыз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Шараға қатысқан Германия мәдениетаралық байланыс орталығының директоры Константин Шамбер Қазақстанда туып-өсіп, осы мекеннің тәрбиесін бойына сіңіргенін ерекше атап өтті. Сәби күнінде тарихи отанына көшіп кеткенмен, туған еліне деген аңсары ауып, жиі келіп тұратынын мәлімдеді.

– Қанша дегенмен туған елімнің орны бөлек. Астанаға әр келген сайын еріксіз таң қалып қайтамын. Қазақ елі күн санап дамып бара жатқанын байқаймын. Осы қарқынымен жалғастыра берер болса, Қазақстан дамыған елдердің қатарынан көрінеріне сенімім мол. Әлемнің бірқатар елдерін аралап көрдім. Бірақ дәл қазақ халқындай өзге ұлт өкілдеріне мейіріммен қарағанын байқамадым. Осы жағынан тіпті, Германияның да Қазақстаннан үйренері көп деп айтар едім. Себебі, Алмания елі қанша деңгейде дамығанмен, тұйық мінезді xалық. Өзге ұлт өкілдеріне Қазақстандағыдай көңіл бөлмейді. Оған бірер жыл бұрын көшіп келген босқын­дар­дың жай-күйі бірден-бір дәлел, – деді Константин Шамбер.

Ал Қазақстандағы әзер­бай­жандар қоғамының төрағасы Абил­фас Хамедов жер аударылып келген әке-шешесінің тұр­мыс-тіршілігін, қазақ xалқының тигізген көмегін қысқаша баяндап берді.

– Өткен ғасырдың отызыншы жылдары әке-шешем Мақтаарал жеріне депортацияланып келді. Ішерге асы, киерге киімі, тұратын үйі болмаған. Сол кезеңде қазақтың да жағдайы мүшкіл еді. Дегенмен, сондай күйіне қарамастан әр үй бір отбасыдан бөліп алып, бауырларына басты. Қазақтың осындай дархан көңілі бүгінде біздің жер басып, тіршілік етіп жүргенімізге себепші болып отыр, – деді Абилфас Хамедов.

Жиын барысында Қазақстан xалқы Ассамблеясының құры­лу тариxы, оның мақсаты мен бүгінгі міндеті арнайы әзірлен­ген бейнематериал арқылы көрсетілді. Шараға жиналған қауым xалқымыздың ұлттық тағам­дарынан дәм татып, қазақ жерінде тұратын түрлі ұлттар­дың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрып­тарымен кеңінен танысып шықты.

«Бейбітшілік және келісім энергиясы» атты жиын аясында Қазақстан халқы Ассам­блея­сының Бейбітшілік және келісім аллеясы ашылды.  Салтанатты шарада Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықова сөз сөйледі.

– Орталық Азияда алғаш рет елімізде өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық мамандан­дырыл­ған көрмесінде күллі әлемнің болашақ энергиясы саласындағы соңғы жетістіктері мен заманауи технологиялары көрсетіліп жатыр. Еліміздің атын дүние жүзіне айшықтайтын жаһандық шара аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының аллеясын ашып отырмыз. Бұл – татулық пен бірліктің символы іспетті. Бейбітшілік пен келісім энергия­сы – ғаламшардағы ең таза әрі игілікті энергия екені аян.  Осы аллеямен жүрген әрбір адам қазақ халқының қонақжайлығы мен бауырмалдығын жүрегімен сезініп, елімізде орныққан бейбіт өмірдің шуағын әлемге таратады дегенге сенеміз,– деді Мемлекеттік хатшы.

Аллея ашылуында этно­мәдени бірлестіктер мен шығар­машыл жастардың театрлан­ды­рыл­ған шеруі, халықтық қол­дан­балы өнер шеберлерінің «Ше­бер­лер ауылы» көрме-жәрмең­кесі, «Ал­ға, Қазақстан!» флешмобы өтті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан»