Қазір мамандарымыз елімізде жалпы дәрілік өсімдіктердің 1,5 мыңға жуық түрі өсетіндігін, олардың тек 40-қа жуығының ғана медициналық шикізат ретінде пайдаланарлық қоры бар екендігін айтып отыр. Өкінішке қарай, осыған қарамастан, оңтүстік өңірлерде ғана өсетін емдік дәрі-дәрмек жасауда таптырмас бағалы мия тамырын жинау тоқтамай тұр. Мысалы, тек Қызылорда облысы бойынша ғана екі жылдың ішінде 1800 тонна қызыл мия тамыры Қытайға жөнелтілсе, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан да соңғы төрт жыл ішінде 63 мың тонна мия тамыры жиналып, өзге елдерге әкетіліпті. Соның салдарынан мыңдаған гектар аридтік аймақтардағы жерлер деградацияға ұшырауда, табиғатқа орасан зор зиян келуде.
Тағы бір мәселе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумақтарында ғана өсетін емдік қасиеті өте жоғары болып саналатын дәрілік сасық кеуректің (ферула вонючая) майын (сағыз) шетелге заңсыз шығару кең етек алып отыр. Айта кету керек, сасық кеурек деген жалпы атпен белгілі өсімдіктің 10-нан астам түрі бар, олардың барлығы да Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген. Сасық кеурек өсімдігінің шикізаты Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан сияқты елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде осы өнімнің бір килограмы 100-150 доллар шамасында бағаланады. Ауғанстанда аса бағалы дәрілік зат ретінде құнды саналатын сасық кеурек аяусыз жиналып, қазіргі уақытта мүлдем жойылып кеткен көрінеді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Арыс, Отырар аудандарында сасық кеурек дайындау үшін көптеген фирмалар құрылған және де олар өнім дайындауға шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарта бастаған. Мысалы, тек 2009 жылы ғана ауғанстандық мыңнан астам азамат туристік визамен келіп, 7000 килограмм шикі өнім (сағыз) дайындап, сыртқа жөнелтіпті. Ал 2016 жылы Ауғанстанға 14 тоннадан астам шикізат (сағыз) жіберілген. Осындай заңсыз іс-әрекеттерге байланысты аса бағалы дәрілік өсімдіктер азайып қана қоймай, мүлдем жойылып кету қаупінің алдында тұр. Сасық кеуректің құм және шөлді (аридтік) аймақтарда өсетіндігін ескерсек, оны құрту жердің тозуына, құмның көшуіне алып келетіні сөзсіз. Ең сорақысы сол, «Қызыл кітапқа» енген өсімдік әлемін қорғауға тиіс ғылыми-зерттеу инс-
титуттары, мысалы, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ботаника және фитоинтродукция» институты табиғи өсімдіктерді заңсыз жинап, экспортқа шығарып жүрген фирмалармен келісімшарт жасасып, ақша тауып отыр. Осы құжат олардың заңсыз әрекетіне жол ашып беруде.
Қазақстан бойынша дәрілік өсімдіктерді жинап, пайдалану мәселелері заңдық тұрғыдан реттелмегендіктен, ол «көлеңкелі экономикаға» тікелей жұмыс істеп тұр. Өйткені, жергілікті жерлерде бақылау жоқ. Міне, сондықтан да түрлі емдік және дәрілік өсімдіктер соңғы бірнеше жылда түп-тамырымен қопарылып, шет елдерге сатылып келеді және оның жабайы өсетін таралымы жойылып, табиғи экожүйелерге үлкен залал келтіруде.
Біздің мамандарымыз дәрілік өсімдіктерді қолдан өсіретін және оны терең өңдейтін технологияларды пайдалануды жолға қоя алсақ, ел экономикасына миллиондаған теңге табыс әкелуге болатындығын айтады. Мысалы, көрші Өзбекстанда мия тамырын қолдан өсіріп, терең өңдейтін АҚШ, Жапония, Қытай инвестициясына салынған 20 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар мия экспортының 70%-дан астамын терең өңдеп сатуда екен.
Бізде «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заң бар да, өсімдік әлемін қорғау туралы арнайы заң жоқ. Сондықтан да қысқа мерзімде «Өсімдік әлемін қорғау туралы» заң қабылданса, табиғи емдік-дәрілік өсімдіктер осы заңмен қорғалған болар еді. Оның еліміздің бай табиғатын сақтауға толық мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Мұрат БАХТИЯРҰЛЫ,
Сенат депутаты