Түбегейлі жөндеу үшін бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 10,197 млрд теңге бөлініп отыр. Айта кету керек, Семей әуежайы Қазақстандағы ең бір проблемасы көп, шығынға батқан әрі күрделі жөндеуді қажет ететін әуежайлардың бірі болып саналады. Егер әуежайды тиісті инфрақұрылымымен бірге жөндеуден өткізсе, жолаушылардың қатары төрт есеге ұлғаюы мүмкін. Өз еліміздің ішінде ұшып-қону былай тұрсын, Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропа елдеріне қатынайтын әуе жолының транзиттік бағытында қызмет көрсетпек. Қазіргі уақытта Семейден тек бірнеше бағытқа ғана авиамаршрут бар екен. Яғни, Астана, Алматы, Мәскеу, Өскемен қалаларына ғана ұшуға болады. Аудандардан халық Үржар өңіріне көбірек шығады. Өткен жылдың желтоқсан айында аэродромда жөндеу жұмыстары басталып та кетті.
Семей әуежайының директоры Нұртай Оспановтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жөндеу жобасы 22 айға лайықталған. Ең соңында халықаралық ИКАО стандарттарына жауап бере алатын әуежай аталып, барлық талаптардан өткен соң халық игілігіне беріледі. Сөйтіп, Семей халықаралық тасымалда маңызы бар жол айрығы болып саналмақшы. Семейге Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев келген кезде де осы мәселелер анық айтылды. Алдағы уақытта ұшақтар ұшып-қонатын алаң 2,7 шақырымнан 3,3 шақырымға дейін ұзартылуы мүмкін. Және жаңадан апаттан құтқару стансасы іске қосылатын болды. Сондай-ақ, ішкі коммуникация жүйесі толығымен жөнделеді. Аталмыш әуежай «В» категориялы топқа жатады. Оның ауданы 3 500 шаршы метр. Аэрожүйе жұмысын 136 адам атқарады. Әуежай алдағы уақытта 70 000 жолаушыға қызмет көрсете алады, оның ішінде 80 пайызы ішкі әуе қатынасы десек, халықаралық байланыс үлесінде 20 пайыз. Жаңарған әуежай жылына 4 мыңға дейін авиарейс жасай алмақ. Бұнда бұрындары тек мың шақты ғана авиарейс жасалатын. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әуежайдың жоба-жоспарымен танысқаннан кейін «Бұл өңірде Семей, Өскемен аумағында ғана 820 мың адам тұрады. Сондықтан да, авиарейс саны 4 мыңнан да көбірек болуы қажет», деп нақтылады.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист
Семей