Ендігі мәселе сала қызметкерлері мен дәрігерлердің жауапкершілік жүгінің жоғары екенін қаншалықты жақсы білетінінде. Осы орайда, халық тығыз орналасқан және демографиялық өсім бойынша аймақтар арасында алдыңғы қатарда келе жатқан Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан ЕГІЗБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Мұқан Кеңесбекұлы, елімізде денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Өңірдің денсаулық сақтау саласында мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бағытында нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Былтыр өлім-жітім біршама азайды. Биыл алғашқы төрт айда ана өлімі 47 пайызға, нәресте өлімі 9 пайызға төмендеді. Бұл бағытта ең алдымен босандыру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды көздеп отырмыз. Биыл бюджеттен медициналық жабдықтар алуға 2,5 млн теңге қарастырылды. Бүгінгі таңда облыста 26 босандыру үйі бар болса, соның төртеуі үшінші дәрежелі перинаталды көмек көрсетеді. 6 − екінші, 16 − бірінші дәрежелі перзентхана бар. Бірақ, халықтың табиғи өсімі жоғары болғандықтан босандыру үйлері жетіңкіремейді. Сондықтан биыл облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен Түркістан қаласында қосымша ғимараттың құрылысы басталады. Бұдан өзге, Шымкент пен Сарыағашта перинаталды орталық салу жоспарлануда.
Қатерлі ісіктен болатын өлім 13 пайызға азайды. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Сол секілді туберкулезден болатын өлім 27 пайызға төмендеді. Дегенмен, жоспарлы профилактикалық тексерулерден кейін де облыстық Білім, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына қарасты жабық мекемелердегі азаматтарды қайта тексеруді қолға алдық. Бұл өз кезегінде бізге аурудың алдын алуға көмектеседі. Осы мақсатта жоғары және арнаулы орта оқу орындарының алдына жылжымалы флюрографиялық аппараттар апарып қойып, студенттерді де медициналық тексерулерден өткіздік.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша тіс емханасы халыққа тәулік бойы қызмет етуге көшті. Бұл елімізде алғаш қолға алынған шара. Емханада күндіздің өзінде күніне 400-ден астам адам ем қабылдайды. Оған басқарма тарапынан барлық жағдай жасалған. Ал, «Денсаулық» бағдарламасының негізгі индикаторы – 2020 жылға қарай халықтың өмір сүру жасының ұзақтығын 73-ке жеткізу болып белгіленген болса, былтыр бұл көрсеткіш облыста 72-ні құрады. Мұндай оң өзгерістерге республикалық ғылыми орталықтармен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде қол жеткізіп келеміз. Олармен бірге, медициналық ұйымдарымыздың көмек көрсету деңгейінің сәйкестігін анықтап, материалдық-техникалық жабдықталуына, мамандарымыздың білім деңгейлері мен біліктілік санаттарына талдау жүргіздік.
Біріктірілген медициналық көмек қағидатының негізінде медициналық көмек көрсетудің басты бес бағыты бойынша Жол картасы әзірленді. Бүгінде ана мен баланы қорғау, жедел миокард инфарктісі, ми қан айналымының жіті бұзылуы, қатерлі ісіктер, жарақаттар бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Жол картасының орындалуы облыстық үйлестіру кеңестерінде ай сайын тыңдалып, тиісті шаралар қабылданады.
– Жыл өткен сайын емдеу мекемелерінің заманауи құрылғылармен жаңартылып жатқанының куәсі болып жүрміз. Алайда медициналық қызметтің сапасы алдымен маманға байланысты емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Ең алдымен дәрігерлердің ізденістерін арттырып, біліктілігін жоғарылату маңызды. Оңтүстікте оларды кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатында медицинасы озық елдерге тәжірибе алмасуға жіберіп тұру тұрақты түрде қолға алынған. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен былтырғы желтоқсан айынан бері Түркия мемлекетіне 100-ден астам дәрігеріміз барып қайтты. Олардың жол шығындарынан басқасының бәрін Түркия тарапы мойнына алды. Бұрын мұндай тәжірибе алмасулар болған емес. Түбі бір туысқан елден арнайы келген білікті дәрігер, профессор Белхам Акпинар кардиохирургтеріміздің біліктіліктерін арттырып, жүрекке жасалатын күрделі оталарды іс жүзінде үйретіп жүр. Бұрын мұндай оталар Алматы мен Астанадағы республикалық орталықтарда ғана жасалып келген болса, облыстық деңгейде алғаш рет қолға алынды. Бұл әлемнің кез келген дамыған елінде жасала бермейтін күрделі оталардың барлығы да мемлекет есебінен қаржыландырылған. Тегін. Келешекте мұндай күрделі оталарды өзіміздің дәрігерлеріміз де жасай беретін болады. Жалпы, елімізде ашық жүрекке жасалатын оталардың көбі оңтүстікте іске асып жатқанын айта кеткен абзал. Облыстық кардиология орталығында жылына 310 ота жүргізіледі. Соңғы сегіз жылда 3 мыңнан астам ота сәтті жүзеге асты. Қазір кәсіби шыңдалған мамандарымыз жүрек ауыстыруға да дайын.
Сол секілді өңірімізге арнайы келген Оңтүстік Кореяның жетекші медицина ұйымдары мен облыс әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды. Олар арнайы халықаралық шеберлік-сыныптар өткізіп, облыстың ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінен келген мамандарды оқытып, үйретуде. Дәрігерлеріміз солармен бірге Шымкентте бұрын соңды жасалмаған оталарға қатысуда. Оңтүстік Кореяға да мамандарымызды оқуға жіберетін келісімге қол жеткіздік. Сонымен қатар, Франция, Ресей, Моңғолия мемлекеттерімен де сондай байланыс орнатқанбыз. Тіпті, обыр дертін емдеуде облыстық онкологиялық диспансердің мамандары еліміздің өзге өңірлеріне барып, шеберлік-сыныптарын өткізіп жүр. Өз кезегінде білікті дәрігерлерімізден дертіне шипа іздеп, Шымкентке келетіндердің қатары көбейіп келеді. Сонымен қатар, облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарындағы орта буынды қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру және медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында тәжірибе алмасу семинарларын жиі өткізіп тұрамыз. Халыққа көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің 80 пайызы солар арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан мейіргерлер өздеріне міндеттелген қызметтің қыр-сырын жетік меңгеруі тиіс.
– Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы заң күшіне енеді. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы қалай?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша заңнамалардағы өзгерістер мен толықтыруларды халық арасында кеңінен насихаттау аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының үшінші кезеңі жүріп жатыр. Аймақтық штаб спикерлерінің санат бойынша халықпен кездесуінің кесте-жоспары бекітілді. 700-ге жуық кездесу жүргізіліп, 300 мыңға жуық адам қамтылды. Тұрғындарға 4 айда 150 мың данадан астам ақпараттық материал таратылды. Министрлік тарапынан берілген бейне және аудиороликтер, буклеттер, ақпараттық бейнелер тұрақты түрде медицина ұйымдарында және халық тығыз орналасқан орындарда таратылуда. Қалалық көліктер мен сауда орындарының LED-экрандарында бейнероликтер көрсетілуде. Аудан, қала әкімдіктерімен, медицина ұйымдарының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстары барынша жүргізіліп жатыр. Облыстағы әрбір медициналық ұйымдарда ақпараттық дүңгіршек орнатылып, оқытылған 5 менеджер мамандары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, танымдық материалдарды таратуда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша барлық облысағы сияқты бізде де халықтың сұрақтарына жауап беретін арнайы Call-орталық жұмыс істейді. Елімізде 5 сәуірде басталған «Емханаға тіркел де – әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» ұранымен тұрғындарды емханаға тіркеудің науқанын өткізу бойынша тіркелгендердің саны төрт айда 2 240 774 адамға жетті. Тіркелу кезінде 932 376 адамға жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы 1 млн 220 мыңға жуық тұрғынға түсіндірілді. Бұл – облыс халқының 42,6 пайызы.
– Елбасы биылғы Жолдауында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында халыққа қызмет етуді одан әрі жетілдіруді тапсырды. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Облыста қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша 10 ұйым мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тізбесіне енгізілді. Оның сегізі − жаңа құрылыс, енді салынады, біреуі сенімгерлік басқаруға берілетін болса, енді біреуі жекешелендіріледі.
Облыстағы емдеу мекемелері толығымен интернет жүйесіне қосылған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тапсырмасымен оларды ақпараттық жүйелерге енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл өз кезегінде медицина саласын қағазбастылықтан арылтады. Бүгінге дейін аталған жүйеге 37 ұйым қосылды, жұмыстар жылдың аяғына дейін аяқталады.
Әңгімелескен
Ғалымжан Елшібай,
«Егемен Қазақстан»