Дегенмен, солардың арасында «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасының жөні де, жолы да бөлек. Оның өзге мемлекеттік бағдарламалармен салыстыра қарағанда басты өзгешелігі – ауқымдылығында. Ел экономикасы дегеніміз, өте кең ұғым. Осы тұрғыда бұл бағдарлама тек бір саланың аясында шектеліп қалмай, экономиканың барлық буындарын қамтуы оның басты артықшылығын көрсетеді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ақтөбе өңірінде қолға алынған ауқымды іс-шаралардың бірі – «Орталық-Батыс» жобасы. Бұл магистраль Астана – Ақтау бағытын жалғастырады. 2511 шақырымды құрайтын ұзын дәліздің аралығында Арқалық қаласы мен көптеген аудан орталықтары бар. Ақтөбе облысы аумағында бұл дәліздің ұзындығы 518 шақырым.
«Орталық-Батыс» – «Нұрлы жол» бағдарламасының басты жобаларының бірі. Оның негізгі ерекшелігі мен артықшылығы еліміздің барлық өңірлеріндегі автомобиль дәліздерін бір-бірімен түйістіруді мақсат етуін-
де. Оның атқаратын міндеті тек мұнымен шектелмейді. Сонымен бірге, осы жоба аяқталған кезде Ресейдің Урал, Челябинск аймағына, Татарстанға және ақтау қаласы арқылы Түрікменстан мен Иранға жол ашылмақ. Бұл жобаның біздің облысқа тигізетін тағы бір пайдасы Ақтөбе қаласынан Қостанай облысының шекарасы арқылы тура жол тартылмақ. Осы ретпен екі арадағы қазіргі қашықтық пен аралықты 2000 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік туады.
Жалпы, көлік дәліздері туралы сөз болған кезде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін айтпай кету мүмкін емес. Тұтастай еліміздің аумағындағы осынау алып та ауқымды құрылыс ең алғаш Ақтөбе аймағында басталып, Ақтөбе аймағында аяқталды. Осы шаруаның басы-қасында жүрген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетовтің айтуынша, аталған дәліздің облыс аумағындағы ұзындығы 628 шақырымды құрайды. Бұл республика аймақтарындағы ең ұзын қашықтық деген сөз.
– Бұл жол Ақтөбе, Қарабұтақ, Ырғыз аудандары арқылы Қызылорда облысының шекарасына дейін созылады. 2003 жылы басталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін қайта жаңғырту жұмыстары 2013 жылы толықтай аяқталды. Халықаралық стандарттар бойынша жасалған дәліздің бүгінгі бөліктерімен жол жүріп көріп пе едіңіз? Дүниенің бір рақатын содан көресіз. Бұл аралықпен бүгінгі күні тәулігіне шамамен 2000-2500 жүк көліктері жүріп өтсе, 2020 жылға қарай көлік тасқыны мен жүктердің еркін транзиті мұнда 4-5 есе өседі деп күтілуде, – дейді Бағлан Баймағамбетов.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы халықаралық деңгейдегі транзит дәлізі болса, қазіргі кезде «Нұрлы жолға» кіретін нысандар тізбесін негізінен республикалық маңызы бар автожолдар құрылыстары құрайды. Қазіргі кезде Ақтөбе – Атырау бағытында 456 шақырым автомобиль жолын қайта құру жұмыстары басталды. Оның 319 километрі Ақтөбе облысы аумағында. Бұл жобаның ерекшелігі – Атырау облысын қамтып қана қоймай, Ресей шекарасына дейін жететінінде. Бұл Астрахань губерниясының аумағы деген сөз. Оның жобалау-сметалық құжаттары толықтай әзір. Алты бөлікке бөлінген құрылысты 2020 жылы аяқтау белгіленген. Аталған автожол Ақтөбе қаласы мен Алға, Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандары арқылы өтеді. Аталған құрылыс нысандары Ислам және азия даму банкілері арқылы қаржыландырылған.
– Қазір мұнда тиісті сараптамалар мен тендерлік үдерістер жүргізілуде. Осы шеңберде «Ақтөбе – Мақат» аралық бөлігі бар. Жобаның Байғанин ауданынан басталатын 17,4 шақырымдық тұсында жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарын биылғы жылы аяқтауды ұйғарып отырмыз. Осы арада біз іске белгіленген кесте мен уақыттан бұрынырақ кірісіп кеткенімізді айта кеткім келеді, дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетов.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе