Аймақтар • 16 Маусым, 2017

Тараптар татуласып, тұрғындар сотқа «Алғыс хат» тапсырды

327 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, шиеле­ніскен даудың басы 2009 жылы Ақтау қалалық әкімдіктің қайт­адан балабақшаға айналдыру үшін бұған дейін медициналық колледж орналасқан ғимаратты босатып, аталмыш колледжге қаланың 35 шағын ауданынан медициналық қалашық салу мақсатында жер телімін бөлуі­нен басталған.

Тараптар татуласып, тұрғындар  сотқа «Алғыс хат» тапсырды

Маңғыстау облыстық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Әкімдік жос­пары бойынша атшаптырым аумаққа ме­дициналық колледж бен емхана ғимараты, жатақхана мен ақ халатты­ларға арналған тұр­ғын үйлер салынуы керек еді. Жоспарды іске асыру үшін 2013 жылы «Ақтау қаласының медициналық колледжі» мен «Альфа-Тур Актау» ЖШС ара­сында құрылыс жұмысын жүргізу туралы келісімшарт жасалады. Келісімшарт негізінде құрылыс компаниясы емхана, медколледж, спорт кешені мен тұрғын үй салуға кіріседі. Тұрғын үй құрылысын салу кезінде екі арадағы келіспеушілік туындайды да, «екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» керімен, жер пайдаланушы мен мердігер арасындағы дауда  үлескерлер үлкен зардап шегеді. 
Өз есебінен тұрғын үй салған серіктес­тік жеке тұлғалармен пәтер сату-са­тып алу туралы ке­лісімшарттарға оты­рып, үлес­керлер құрылыс нысан­дарын қаржыландырып келген. Алай­да, жер пайдаланушы мен бас мерді­гер арасында келіспеушіліктер салдары­нан колледж директоры мен серіктес­тік арасындағы келісімшарт бұзы­лып, нысан құрылысын жүргізген серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ғимараттың құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталмай қалады. Соның салдарынан тұрғын үй­лер салынып біткенімен, пайда­ла­нуға қабылданбағандықтан және ком­муникациялық желілер тартыл­маған­дықтан, пәтер иелері белгіленген мер­зімде  үйлеріне кіре алмай сандалады. Бұл уақытқа дейін ай сайын қолдағы бар тиынын санап беріп, құрылыстың тезірек аяқталуын тілеп жүрген тұр­ғындар өз пәтерлерін анық­тап, тіпті кейбірі ішкі жөндеу жұмыс­тарын да бас­тап кеткен болатын. Жан­жал етек алған соң үлескерлер сот­тан басқа барлық жергілікті билік орган­дарының есігін тоздырып, араша сұрайды.  
Құрылыс жұмысын соңына дейін жеткізе алмаған бас мердігер ортақ пайдалануға берілген жер учаскесіндегі өз үлесін анықтау туралы жер пайда­ланушыға қарсы сотқа талап-арызбен жүгінеді. Сот процесі басталған соң үлес­керлер де сотқа жүгініп, ортақ үлес­тегі жерлерін бөліп, анықтап беру­ді, өз міндеттерін атқарып, тұрғын үй мәсе­лесін барлық жаққа тиімді етіп шешуді сұрайды. 
Ұзақ мерзімге  созылған сот отырысы үш тараптың ме­диативтік келі­сімге келуімен аяқталып,  екі тарап өзара тиімді шешімге келсе, үшін­ші тарап – үлескерлер тұрғын үй кеше­нінің техникалық құжаттарын жасап, коммуналдық желілердің тартылуына қол жеткізді. Себебі, сот про­цесін жүргізген судья жас болса да кәсіби біліктілігін танытып, үш тарапқа да тиімді шешім шығарудың жолын қарастырып, дұрыс бағыт-бағдар беруінің арқасында тараптар медиатордың көмегіне жүгінген еді. 
Осылайша, бірнеше тұрғынды «түнде ұйқыдан, күнде күлкіден айырған» дау соңы келісіммен аяқталды. Сот ұйғарымы заңды күшіне енгеннен соң Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің атына үлескерлерден, яғни «Ақбұлақ» тұрғын үй кешені тұрғындарының атынан Алғыс хат келіп түсті. Алғыс хатта жапа шеккен 200-ден аса үлескердің ішінде еңбектеген баладан, еңкейген қария­ға дейін, бір ғана табысқа қарап отырған зейнеткерлердің, жас отба­сы­лардың, мүгедек жандар мен аз қамтылған отбасылардың бар екені айтылыпты. Құрылыс салушылар мен жер иелері арасындағы даудың салдарынан ұзақ уақыт әбігерге түсіп, бойларын үрей мен қорқыныш билеген отбасы мүшелері соттың соңғы нүктесін тағатсыздана күткен. 
«Сот шешімі қордаланған мәселенің түйінін барлық жаққа тиімді етіп шығарып, үлескерлер арасындағы әлеуметтік толқуды дер кезінде басты. Себебі, біз бар жиған-тергенімізді салып отырған жалғыз баспанамыздан айырылған жағдайда ең ақырғы әре­кетке баруға дайын тұр едік. Сондық­тан, мәселенің байыбы мен оның салдарын түсініп, қарапайым адамдардың заңды құқығын қорғап, судьяға тән біліктілігімен, кәсіби шеберлігімен сыйлас­тық пен ізеттік танытқаны үшін, әділ шешім шығарғаны үшін Маң­ғыс­тау облыстық сотының төрағасы Ж.Алановқа және осы істі аяғына дейін қара­ған Маңғыстау облысының маман­дан­дырылған ауданаралық эконо­ми­калық сотының судьясы А.Бек­болатов­қа алғыс білдіреміз» делінген хатта.
Осындай күрделі даулардың арасында қарапайым халық зардап шегіп жататын жайттар аз емес. Кейде алдына келген адамның тағдыры мен жанай­қайына мән беруге мұрша бер­мейтін жайттар да, жауапкершілік пен білімнің төмендігі де себеп болып, салдары ауыр тиіп жатады. Сондықтан әрбір азамат адал еңбекпен тапқан әр тиынын жұмсарда, әсіресе, жылжымайтын мүлік мәселесіне келгенде барлық құжаттардың толық әрі заңды болуын талап етіп,  сауаттылық танытқандары абзал. Ал жандарын шүберекке түйіп келген «Ақбұлақ» тұрғын үй кешені тұрғындары үшін түйін шешілді, иықтарынан еңселерін көтертпей келген жүк түсті. Олар үш тарапты да риза еткен жан-жақты, сауатты сот шешіміне риза. «Аққа құдай жақ» болып, ауыр істі абыройлы алып шыға алған маңғыстаулық соттың шешімі мен шеберлігі еді бұл. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Гауһар НҰРХАНОВА,    
Маңғыстау облысы