01 Қазан, 2011

Палестина

3470 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылу үрдісі ретінде анықталып, солай сипатталып жүрген жаһандану терминін әу баста ғылыми айналымға америкалық экономист Т.Левита енгізгенімен, жаһандану адамзаттық үрдіс  күйінде баяғыдан бар. Арғы замандардағы әлемді жаулаушылық жорықтарын бастаған құді­рет­ті қолбасшыларды жаһангерлер дейтініміз бекер емес. Одан беріге келсек, мысалы, Наполеон соғыстары тек жаулау жолымен жаңа жер қосуды, жаулау жолымен тонау, баюды ғана мақсат тұтпағанын, француз импе­ра­торы сол арқылы  француз мәдениетінің негізінде біртекті әлем құруды да көз­дегенін, көксегенін көреміз. Одан да беріге түссек, кешегі кеңестік боль­ше­виктердің әлемдік революция идеясы да жаһандануға жақындайды. Тіпті, күн көсеміміздің Владимир деген есімінің өзінде бүкіл әлемді бағындыру («владеть миром») ниеті тұрғаны талассыз. Сол жаһандану бүгінде басқа сипатқа ауысып барады. Мәдени жаһандану, экономикалық жаһандану, аумақ­тық жаһандану, ақпараттық-коммуникациялық жаһандану, этнос­тық жаһандану сияқты тарам-тарамға бөлініп, тамыр жая түскен бұл құбылыстың бүгінде біздің санамызға дендеп еніп кеткені күмәнсіз. Бұл ара жаһанданудың жақсысы мен жаманын талдап-таразылап жататын жер емес. Біз тек жаһанданудың сананың саясилануына, әрбір елдің  адамзат қоғамының бөлшегі, әрбір кісінің адамзат баласының өкілі екендігін сергек сезінуге септесіп жатқанын ғана айтпақпыз.      Аптаның бір күнінде Еуразия университетінде дәріс оқып тұраты­ны­мыз бар. Осы сәрсенбіде бірінші курс студенттеріне «Журналистикаға кіріспе» пәні бойынша дәрісте олар таңдаған мамандықтың қоғамдық құбы­лыс ретіндегі сипатын әңгімелеген кезде бұл күндерде әлемдік БАҚ бетіндегі қаны тамып тұрған тақырыптар жайындағы сұрағымызға жастардың біразы салған беттен-ақ «Палестинаның проблемасы» дегенді айтты. Алдыңғы күні Астанадағы «Думан» ойын-сауық кешенінің жанында, Қызылорда облысының көрме-жәрмеңкесі басталар алдында Сыр бойының бір топ сыйлы азаматтарымен аз-кем әңгіме-дүкен құрып қалғанбыз. Сол жерде де сөз арнасы бір сәтте өзінен өзі жаңағы мәселеге – Палес­тинаның тәуелсіздік алу-алмауына ауысып жүре берді. Президенттің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясына қатысқан жұмыс бабындағы сапарына байланысты Нью-Йорктен қайтқалы әлі басы ашыла қоймаған осы мәселеге орай жазсақ па, жазбасақ па  деп екі ойлы күйде келгеніміз рас еді. Мына әңгімелер бұл тақырыптың оқырмандарымыз үшін қызғылықты, бәлкім тіпті көкейкесті боларына сенімімізді нықтай түсті. Сонымен, бүгінгі әңгімеміздің арқауы – Палестина дауы. БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясындағы басты тақырыптардың бірі де осы болды. Біз Нью-Йорктен жолдаған «Семсерден соқа соғу» атты мақаламызда («ЕҚ», 23 қыркүйек) Палестина автономиясының сыртқы істер министрі Рияд әл-Малики Палестина Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тәуелсіз Палестина мемлекетін 1967 жылы шекарасында тану ғана емес, БҰҰ-ға толыққанды мүшелік беру жөнінде өтінім жасайтынын жазған болатынбыз. «Алайда, қазірше, мұндай мәлімдеме министрдің деңгейінде айтылып отыр. Махмұд Аббастың ресми мәлімдемесі жария етілген жағдайда ғана (газет қолыңызға тигенше солай болуы да мүмкін, өйткені мұндағы журналистер, біздің сөйлесе алатынымыз ресейлік әріптестер ғой негізінен, Палестина басшысы БҰҰ Бас хатшысына өтінімді жұмада тапсыруы мүмкін дегенді айтып жатыр) бұл мәселе Қауіпсіздік Кеңесінде ресми түрде қарала алады», дегенбіз. Дәл солай болды. Жан-жақтан қанша қысым жасаса да, Махмұд Аббас Пан Ги Мунға өткен жұма күні ресми өтінімін тапсырды. Онда Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде тану, БҰҰ мүшелігіне қабылдау мәселесін қарау сұралған. Біріккен Ұлттар Ұйымы Палестинадағы ағылшын мандатын жою, ағылшын әскерлерін елден шығару және ел территориясында тәуелсіз екі мемлекет – араб және еврей мемлекеттерін құру жөнінде шешім қабылдаған 1947 жылдан кейінгі кезеңді былай қойғанда, Палестинаны азат ету ұйымы құрылған 1964 жылдан бергі уақыттың өзінде бұл мәселе осындай тұрғыда БҰҰ-ның алдында алғаш рет көтеріліп отыр.  Бұл – ерекше қадам. Бұл – алпыс жылдан астам уақыттан бері адамзатты алаңдатып, ал бүкіл Таяу Шығыстың тынышын алып келген аса ауыр даудың жаңа саяси деңгейге ауысуы. Палестина дауы қандай дау? Ол қашан, қалай басталған, қалай шиеленіскен, оның түйіні неге әлі күнге тарқатылмай келеді?   «Әлемге әйгілі» айдарының бүгінгі айтары осы жайында. Алдын ала ескертеріміз: бұл мақала белгілі бір саяси ұстанымдарды жақтау, мақтау, ақтау, даттау сарынынан ада сипатта, ең алдымен оқырманға түйткілді тақырып туралы танымдық мәлімет беруді көздеп жазылған. Оның себебі мақаланы оқу барысында айқындала түседі.      Сауытбек АБДРАХМАНОВ. Елдің затынан бұрын атын айтайық. Палес­ти­на­ның атын еврейлер ивритше «пелиштим» сөзі­нен шығарады. «Пелиштим»  «сырттан кіргендер»  («вторгшиеся») деген мағына береді екен. Бұл жерді атам заманда мекендегендердің филистимляндар аталатыны сондықтан. Арабтар ол мем­лекеттің атын Даулят Филастын дейді. Дәулет – мемлекет деген сөз. Қазақ «Бай-дәулетті бол» дегенде әйтеуір байлықты ғана айтпаған, байлығыңа сай елдігің болсын деген де тілек білдірген. Осы айдармен жарияланған Иерусалим қаласы туралы мақаламызда («ЕҚ», 2008, 19 қыркүйек): «Бұл оқиғалардың драматизмін сергек сезіну үшін сол өңірдегі ежелгі халықтардың түп-тұқиянына үңілуге тура келеді. Мәселе мы­нада: арабтар да, еврейлер де бір кісінің – Ыбы­райымның (Авраам) балалары. Еврейлер Ыбы­райым­ның Сарасынан (Сарра, Сарай) туған Ыс­қақ­тың (Исаак), ал арабтар Ажардан (Агарь) туған Ысмайылдың ұрпақ­тары. Екеуі де семит­тер. Екеуінің де тілдері семит-хамит тілдік шоғы­рының бір тобына – семит тобына жатады. Семит тілінде сөйлейтін халық­тар­дың ішінде ең көп таралғаны – арабтар мен еврейлер», деп жазған­быз. В.Базановтың: «Мы знаем, что сын Авраама от египтянки Агарь (Хагар), Ис­маил, является родоначальником северных араб­ских племен. Естественно, что и сын от Сарай Исаак в большей степени араб, чем еврей. Как ни странно, но мать еврейского народа имеет арабскую кровь» деген сөзін де («Тайны Библии и Корана», М., «Вече», 2006, 75-бет)  келтіргенбіз.  Ал енді мәселенің қиы­ны да осында. Арабтар да, еврейлер де «Ағай­ын­ның азары болса да, безері бол­майды», «Ағайын өзгеге қиса да, өлімге қимайды» деп мақалдайтын, жақындаса тебісіп, алыстаса кісінесіп жүре беретін кеңбалақ қазақтар емес. Ағайынның  ашынғаны жаман болады. Арасы бір ашылса, араласпай кететін ағайын кейде қазақтан да табылып қалады. Палестина деп географиялық тұрғыдан Таяу Шығыстағы шамамен бүгінгі Газа секторын, Израильді, Голан қырқаларын, Иордан өзенінің батыс бетін, Иорданияның бір бөлігін қамтитын аумақты айтады.   Библияға салсаңыз, еврейлер бұл өңірге б.д.д. 2-ші мыңжылдықта келген екен. Патшалықтар Кітабындағы Саул патшаның соғыстары жайын­да баяндаған тұста «Израиль жері» (ивритше – Эрец Исраэль) алғаш рет ауыз­ға алынған көріне­ді. Сол заманда Иордан өзе­ні­нің қос жағалауында Саул, Давид, Соломон атты ұлы патшалардың дәурен құрған ғасырында бір­тұтас Израиль  патшалығы қалыптасқан. Б.д.д. 930 жылы Давид пен Соломон державасы екі пат­шалыққа ыдырай­ды да, солтүстік жағындағысы Израиль, оңтүстік жағындағысы Иудея атала бас­тайды. «Жеті жұрт келіп кеткен жер» деп біздің қазақ айтатындай, Палестина жеріне де талай жұрт келген, бұл жерден де талай жұрт кеткен.  Ва­ви­лондықтар б.д.д. 586 жылы қуып шыққан еврейлер араға алпыс төрт жыл ғана салып, қайта оралған да, Иерусалим Храмын қалпына келтірген. Палестина парсының Ахемен әулетінің де, Александр Македонский құр­ған мемлекеттің де, Египеттің Птолемей әуле­ті­нің де, Сириядағы Селевки әулетінің де құ­рамы­на кірген кездер болған.  Біздің дәуіріміздің төртінші ғасырында Палестина жерін римдіктер басып алып, Римнің провинциясына (Иудея про­вин­циясы) айналдырған. Император Адриан 135 жылы еврейлер көтерілісін басып-жаншыған соң жалпы Иудей патшалығының атын жұрттың жады­нан біржола өшіру үшін Жерорта теңізі мен Иордан өзенінің  арасындағы бүкіл аумақты Палестина деп ататқызады. Латынша нұсқасы – Palaestina. Бұл жерді арабтар 638 жылы басып алған. Палестина атауының арабша айтылуы түрінде Фаластын сөзін орнықтырған. Қалай дегенде де бүкіл әлем мойындайтын шын­дық мынау: үш ұлы діннің – иудаизмнің, христиандықтың, исламның ұйысқан ұясы осы жер. 2008 жылы Иерусалимге барғанымызда біреу­лердің Көз жасы қабырғасына, біреулердің Құдай қабірі храмына, біреулердің Жартас мешітіне мінәжат етіп жатқанын көргенбіз, Иеру­са­лимнің исламда Мекке мен Мединеден кейінгі үшінші қала саналатынын жазғанбыз. Пайғам­бары­мыз Мұхам­мед (с.ғ.с.) 619 жылы Мираж түнінде (Ләйлат әл-Мирадж) осы жерге Меккеден ұшып келген, дәл осы жерден қанатты Бу­ракқа (қазақ Пырақ дейді) мініп, жеті қат көкке көтерілген. Бұл жайында Құранның Исірә сүре­сі­нің 1-аятында айтылған. Пайғамбарымыз сақа­лының үш талы да осында сақтаулы. Пай­­ғамбарымыз көк­к­е көтерілген жер­ге әл-Ақса мешіті ор­на­тылған. Мұндай жер­ге арабтар неге та­ласпайды? Таласады. Сонымен бірге, этнос ретінде ев­рей­лердің б.д.д. 2-ші мыңжылдықта осы Палестина жерінде қалыптасқаны да талас тудырмайтын та­рихи факт. Бүкіл хрис­тиан әлемі қасиет тұ­татын Құдай қа­бірі храмы да осын­да. Христосты крес­ке керген Голгофа қырқасы да осында. Христостың көкке ұшып кететін жері де осында. Прокурор Понтий Пилат Христосты соттай­тын преторий орны да осында. Мұндай жерді еврейлер неге өзіміздікі демейді? Дейді. Палестина жерінде иудаизмнің, христиан­дық­тың қалдырған ізі көп пе, мұсылмандардың қал­дыр­ған ізі көп пе деп дауласудың да берері ша­малы. Палестина жерінде Омейя әулетінің де (661-750), Аббас әуле­тінің де (750-969), Фатима әулетінің де (969-1099) ізі сайрап жатыр. Мұ­сыл­мандар әл-Құдыс деп атаған бұл қа­ла­ны арабтардан крест керушілер қайта тар­тып алған. Па­лес­тинаның аума­ғын крест керушілерді тал­қандайтын Мы­сыр сұлтаны Салах әд-Дин де, одан кейін Мысыр мен Си­рияны қабат билеген өзіміздің қан­да­сы­мыз Бей­барыс сұл­тан да басқарып тұр­ған. Осын­дағы ол кезде саны аз еврейлер тұрмақ, бү­кіл батыс әлемін моң­ғол әскерлерінің шап­қын­­шылығынан оларды 1260 жылы Айн-Жалут тү­бін­де­гі ұлы шайқаста тал­қандаған Бейба­рыс сұл­тан  құтқа­рып қал­ған жоқ па? Осы же­ңіс моң­ғол­дардың Аф­рика құр­лы­ғына басып кірмек жо­лын бірден кесіп таста­ған еді ғой. Осман им­периясы тарих сахнасына дүрілдеп шыққанға дейін Египеттің қарауында келген Палестинаны сұлтан Селим бастаған түрік қолы 1517 жылы басып алып, тұтастай төрт ғасыр бойы бұл жер түріктердің қолына қараған жоқ па? Ол кезде ел аумағы екі вилайетке (уәлаят) бөлінген.  1800 жылы Палестинаның бар халқы 300 мыңнан аспаған екен, мұндағы бар еврейдің саны 5 мың ғана болған екен. Жалпы, Палестинадағы барша христиандар саны небәрі 25 мың шамасын құраған. Тарих толған парадокс. Бір жаманның бір жақсылығы бар. Палестинаға еврейлерді оралт­қан ұлы идеяның аты – сионизм. Заманында дәу­рен құрып тұрған Израиль патшалығын асси­риялықтар, Иудей патшалығын вавилондықтар талқандаған соң найзаның ұшымен  дүниенің бұрыш-бұрышына қашып барып, шашырап кеткен (гректің «диаспора» сөзінің мағынасы – ша­шырау, бытырау) еврейлер, ана елде де, мына елде де көзтүрткі болып, соғылып, сабылып жүрген (мысалы, Ресейде «еврейские погромы» дейтін масқара оқиғалар 1917 жылға дейін жалғасып кел­ген, 1904 жылғы атақты Кишинев «погромы­нан» кейін елден 40 мың адам Палестинаға көшіп барған) еврейлер, Гитлер геноцидінен 6 миллион адамы атылған, асылған, Освенцим, Бухенвальд пештерінде өртелген еврейлер Екінші дүние­жүзілік соғыста ерекше зардап шеккен этнос ретінде сол соғыс біте салысымен жеке мемлекет құру мүмкіндігіне ие болды. Мұның алдында, 1917 жылы Палестинада «еврей халқының ұлттық ошағын» құруға Ұлттар Лигасы (БҰҰ-ның ізашары) уәде еткен Бальфур декларациясы да еврейлердің Бірінші дүниежү­зілік соғыста алабөтен зардап шеккеніне бай­ла­нысты қабылданған. Ұлттар Лигасы 1922 жылы Палестина аумағын басқаруға Ұлыбритания ман­датын белгілеген. Британ билігі тұсында еврей тұрғындар саны 90 мыңға жеткен. Елдегі негізгі халық мұсылман арабтар болғанымен, сол кездің өзінде Иерусалим тұрғындарының басым көпші­лігі еврейлер еді. Ал саясатты қай кезде де қала жұрты айқындайды. Ұлтты да қала қалыптас­тырады.  Польшадағы, Венгриядағы антисемитизм есірігінен кейін (1924-1929) Палестинаға 82 мың еврей қашып келсе, Германиядағы  нацистік идеология қыспағы Гитлерден бас сауғалаған 250 мың еврейді Палестинаға жеткізген. Қысқасы, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда Палести­надағы әрбір үшінші адам еврей болатын. Осыдан кейін-ақ Палестина жеріндегі ұлтаралық қатынас шиеленісе түсті.  1947 жылы Британия үкіметі Палестина мандатынан бас тартты. Негізгі себебі – арабтар мен еврейлердің мәселесін шеше алмағандығы. Біз  Нью-Йорктегі БҰҰ ғимаратынан «Вопрос о Палестине и Организация Объединеных Наций» де­ген кітапша ала қайтқан едік. Соның қай бетін оқып қарасаңыз да  міне алпыс жылдан астам уа­қыт­тан бері  Палестина БҰҰ-ның басты бас ауру­ла­ры­ның біріне айналып келе жатқанына көз жеткізесіз. 1947 жылғы 29 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы Палестинаны бөлу жоспарын (БҰҰ Бас Ассамблеясының № 181 қарары) қабылдады. Ол жоспар бойынша Палестина екі мемлекетке –  арабтар және еврейлер мемлекеттеріне бөлінетін болып шешілді. Иерусалим БҰҰ басқаратын халықаралық қала ретінде белгіленді. Еврейлер бұл шешімге шап ете түсіп, бірден-ақ қабыл алды. Араб мемлекеттерінің лигасы және Араб жоғарғы кеңесі бұл жоспарды бірден-ақ кері серпіп тастады. Осының себебін түсіндіру қиынның қиыны. Еркін энциклопедия – Википедияның анықтамалық материалында дәл сол кезде Па­лестинаның Жоғарғы комиссары колониялар істері жөніндегі министрлікке жолдаған қызметтік жазбада араб мемлекетін құруға арналған аумақ араб елдерінің арасында болмай қоймайтын со­ғыс­тың нәтижесінде Сирияның, Трансиорда­ния­ның және Египеттің өзара бөлісіне түседі деген болжам жасалғанын айтады. Егер осы сөз шын­дыққа жақындаса, онда Палестинадағы араб мемлекетін құру ісіне әу баста арабтардың өзара алауыз­дығы кедергі келтірген демеске әддің қалмайды. Арабтар мемлекет құрмады екен деп мұндай тарихи мүмкіндіктен еврейлер бас тартқан жоқ. 1948 жылғы 14 мамырда мандатқа қарасты Палестинаның қалған аумағында Израиль мемлекеті құрылатыны жарияланды. Ертеңінде, 15 мамырда арабтың жеті мемлекеті (Египет, Сирия, Ливан, Трансиордания, Сауд Арабиясы, Ирак пен Йемен) жаңа құ­рыл­ған елге бас салды. Бірінші Араб-Израиль соғысы солай басталды. Еврейлердің арабтарға қарсы қоятын екінші кінәсі  осы – соғысты ал­дымен бастағандығы. Жеті жақтап шабуылға шыққанымен, арабтар жабылып жүріп  бір Израильді жеңе алмады. Оның да себептері белгілі. Бір жағынан, араб елдерінің әскери қуаты­ның әлсіздігі, өзара іс-қимыл бірлігінің на­шар­лығы, екінші жағы­нан, халықаралық сионизм күштерінің Израильге қуатты қолдау көр­сетуі. Ақыры жыл бойғы соғыс әрекет­те­рі­нен кейін бітім жаса­лып, уақытша шекаралар белгіленді. Трансиордания Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимді иеленіп, Египет Газа секторына бақылау орнатқаны болмаса, Па­лес­тинаның араб мемлекеті құрылмаған күйі қала берді. Оның есесіне осындай басы ашыл­маған жағдайға қарамастан, сол соғыстың артын­ша, 1949 жылғы 11 мамырда Израиль Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданды. Палестина мәселесін 1967 жылғы және 1973 жылғы араб-израиль соғыстары одан сайын ұшындыра түсті. Әсіресе, 1967 жылғы Алты күн­дік соғыс араб әлемінің әбден ара-дара күйде екенін, араб жұртының экономикалық тұрғыдан да, әскери тұрғыдан да әбден кенжелеп қалғанын көз жеткізе көрсетіп берді. Сол алты күннің ішінде Израиль араб елдерінің бар техникасын талқан­дап (әскери әуежайларға, танк колонналарына авиация соққылары дәйім намаз кезінде жа­сал­ған, ол кезде араб солдаттары, ұшқыштары не бол­са да  сәждеден басын алмайтын), бұрынғы ман­даттың барлық аумағына өз бақылауын орнатып үлгерді,  Египет әскерін Газа секторын тастап шығуға, Синай түбегіне шегінуге мәж­бүрледі, Иордания әскерлерін Иордан өзенінің ар жағына ысырып тастады. Махмұд Аббастың Па­лестинаның тәуелсіз­ді­гін 1967 жылғы шека­ра­сында тану қажеттігін айтып жүргені сон­дық­тан. Палестина мемлекеті 1988 жылғы 15 қараша­да Алжирде Палестина ұлттық кеңе­сі­нің (Палес­тинаны азат ету ұйымының жоғары кеңес ор­га­ны) сессия­сын­да жарияланған. 1994 жылы Ослода Израиль мен Палестинаны азат ету ұйымы ара­сында қол жеткен келісімге сәйкес Палестина ұлттық әкімшілігі құ­рыл­ған. Бұл келісім бой­ынша ООП Израильмен түпкілікті уағ­да­ластыққа қол жеткенге дейін Палестина тәуел­сіздігін жа­рия­лау­ға мораторий белгілеуге және өзін ресми түрде Палестина ұлттық әкім­шілігі деп атауға тиісті болатын. Мемлекеттік құры­лым­дардың жарым-жарты­лай ғана қалыптасты­рыл­ғаны, армияның жоқ­ты­ғы шын мәнінде Палестина мемлекеті қазіргі күнге дейін толыққанды күйде құрылмағанын көр­сетеді. Бір кезде араб мемлекетін құруға бө­лінген аумақ әркімнің иелігінде: Иордан өзені батыс жағалауының басым бөлігін  Израиль армиясы бақылап тұр, Шығыс Иерусалимді Израиль басып алған, Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауы Израиль аумағы бөліп жатқан екі анклав – бір жағына ХАМАС (Ислам қарсылық қозғалысы), бір жағына ФАТХ (Палес­тинаны ұлттық азат ету қозғалысы) иелік етуде. Осы екі ұйым бір-бірімен қарулы қақтығысқа да түсіп тұрады. Әр анклавтың өз үкіметі бар. Оған ХАМАС-ты біраз елде лаңкестік ұйым деп ба­ға­лайтынын қоссаңыз, біраз нәрсенің басы ашы­лады. Лаңкестік демекші, осы жағдай Палестина проблемасын шешудегі басты қиындықтардың біріне айналып отырғанын айтпасқа болмайды. Палестина басшылығындағы ара-даралық, бір кезде жіберілген саяси қателіктер ол елдің халқы тәуелсіз мемлекет құруға құқылы емес дегенді әсте де білдірмейтіні белгілі. Сондықтан да, әлемдік қоғамдастықтың басым бөлігі (125 мемлекет) Палестина мемлекетін ресми түрде танып отыр. Елді танудан (қазірше деп қояйықшы) БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің үш тұрақты мүшесі (АҚШ, Ұлыбритания мен Франция), сондай-ақ Еуро­одақ­тың көптеген елдері, Жапония басқа да мемлекеттер бас тартуда. БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сес­сия­сы­ның қарсаңында осы мәселе ерекше көкей­кес­ті­лене түсті. Махмұд Аббас БҰҰ-ға Палестина мемлекетін толыққанды мүше ретінде тану ту­ра­лы өтінім түсіретіні белгілі болғаннан-ақ сес­сия­дағы пікірталастың басты тақырыбы айқындалып қалған еді. Барак Обаманың сессия басталардан бұрын егер Палестина бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесінің қарауына шығарса, онда АҚШ Кеңестің тұрақты мүшесі ретінде вето қою құқын пайдаланады деп мәлімдеуі оның БҰҰ-дағы сөзіне қызығушылықты тіпті күшейтіп жіберді. Ресей де, Қытай да Палестинаны қолдай­тынын алдын ала-ақ аңғартқан. Шынын айтқан­да, АҚШ басшылығы екі оттың ортасында қал­ды. Ресейдің «Новости» ақпараттық агенттігінің саяси шолу­шы­сы Андрей Федяшин Интернетте: «Ауған­стандағы, Ирактағы, Ливиядағы соғысқа, Сирия­ға «шүйілуге» енді келіп Палестинаға қарсы вето қосылса, онда ислам әлемінің жаңа ра­дикализмі дайын дей беріңіз», деп жазды.  «Нью-Йорк таймс» газетінде былай деді: «АҚШ Па­лес­ти­наның тәуелсіздік жариялау жө­ніндегі өтінімін қолдауға тиіс... өйтпеген күнде олар араб әле­мін­дегі сенімнің қалғанынан да айрылады». АҚШ Президенті әлемнің бас мінберінен мынаны айтты: «Осыдан бір жыл бұрын мен Палес­тинаны тәуелсіз күйде көргім келетінін айтқан едім. Мен палестина халқы өзінің мемлекетін құруға лайықты екеніне сенгенмін және сенемін. Көптеген адамдардың бұл істе ілгерілеу жоқтығына алаңдайтынын білемін. Мен де алаң­даймын. Алайда, маған сеніңіздер, ондаған жыл­дар­ға созылып келе жатқан қақтығыстың тез та­была қалатын шешімдері болмақ емес. Бейбітшілікке қол жеткізу – қиын міндет, бейбітшілікке БҰҰ-ның декларацияларымен немесе қарар­ла­ры­мен қол жете салмайды. Егер бәрі оңай болса, бейбітшілік баяғыда-ақ орнар еді. Біз ұмтылатын болашақта палестиналықтар егемен мемлекетте өмір сүретін болады. Олардың мұны көптен күтіп жүргенін көрмеу мүмкін емес. Сонымен бірге, Американың Израиль қауіпсіздігін қамтамасыз етуге берік бейімділігі бұлжымайтынын да түсіну керек». Франция Президенті Николя Саркози Палестина ұсынысына америкалық вето қойылса, мұның өзі Таяу Шығыста шиеленісті күшейте тү­сетінін ескерте келіп, Палестинаға байқаушы ел­дің өтпелі мәртебесін беруді, Израиль мен Палес­тинаның арасында бейбіт шарт жасау үшін бір жылдық кесте дайындауды ұсынды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-дағы сөзінде Палестина мемлекетінің құ­ры­луын қолдайтынын басын аша айтты. Сонымен бірге, өңірдегі барлық мемлекеттермен жақсы қа­рым-қатынас орнатқан ел ретінде қақтығыстың әділдікпен, соның ішінде тікелей палестина-израиль келіссөздері арқылы реттелуін жақтайтынын атап көрсетті. Біз Нью-Йоркте болған күндері Қазақстан Ислам Ынтымақтас­тығы Ұйымының төраға елі ретінде тағы бір іргелі іс тындырды. Ержан Қазыхановтың төраға­лы­ғы­мен өткен ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы үйлестіру кездесуі  жайында газетіміздің кешегі нөмірінде жа­рияланған «Қыркүйектегі қарбалас күндер» атты мақалада былай делінген: «ИЫҰ деле­гат­тары Палестинаның жағдайына ерекше назар аударып, Қазақстан тарапының ұсынысымен 57 мемлекеттің министрлері алдында Палестина Президенті Махмұд Аббас сөз сөйледі. Осы ма­ңызды жиналыстың соңында Ұйым бір ауыздан Палестина мемлекетінің БҰҰ-ға мүшелігін қол­дау жөнінде саяси қарар қабылдады. Қазақстан төрағалығы арқасында қол жеткізілген осындай саяси ауызбіршілік мұсылман және халықаралық қауымдар үшін өте маңызды серпіліс болды».    Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  Палестина мәселесі бойынша БҰҰ-дағы сөзі, оның артынша өткізілген ИЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің үйлестіру кездесуінде қол жеткен ауызбіршілік біздің еліміздің ислам әлеміндегі орнын бұрынғыдан да қомақтыландыра түсетіні талассыз. Біз әлем жұртының алдында, жылдың басты жиынында палестина халқының өз тағ­ды­рын өзі айқындауға, тәуелсіз мемлекет құруға, БҰҰ мүшелігіне қабылдануға заңды құқын ашық қолдау арқылы палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы келіссөз әлеуетін барынша толық пайдалануды, палестиналық босқындар мәселе­сін әділ шешуді, басып алынған территория­лар­дағы демографиялық құрамды күштеп өзгертуге қарсылығымызды, лаңкестіктің қандай түрін де айыптайтынымызды, сонымен бірге Израильдің қауіпсіз өмір сүруге ұмтылысын қолдайтыны­мыз­ды білдіріп отырмыз. Палестинаны жақтау тіпті де Израильге қарсы шығу емес. Израиль халқының да айналасындағы елдермен бейбіт қарым-қатынас жасағысы, бейқұт өмір сүргісі келетіні талассыз.   Палестинаны жақтау – бір кезде дербес мемлекет құру мүмкіндігін сан түрлі себептерге байланысты қолдан шығарып алған, тарихтың өн бойында көп қиындық көрген ха­лықтың табиғи тілегін жақтау.   1948 жылғы соғыс қимылдарынан кейін 750 мың палес­ти­на­лық атамекенін тастап, батыс жағалауда, Газа сек­торында, көршілес араб елдерінде бас сауға­лап, босқын болып кетті. 1967 жылғы соғыс қи­мылдарынан кейін бұл қатарға тағы да палес­ти­налық 500 мың босқын қосылды. Біз Нью-Йоркте жүргенімізде БҰҰ-да палестиналық босқындарға көмек көрсету жөнінде Таяу Шығыс агенттігі бар екенін білдік. Сұрастырып қарасақ, ол агенттік қазір... 3,9 миллион палестиналық босқынды тіркеп отыр екен! Олардың екеуін – атасы мен немересін мына суреттен көресіз. Ондаған жылдар бойы палес­тиналық босқындардың бар бас­па­насы кәдімгі кенеп шатыр. Сол кенеп шатыр­лар­да туған балалардың балалары тұрмақ, енді неме­релерінің алды да кенеп шатырларда дүниеге келе бастады... Сұмдық қой. Қазірше бұл мәселенің шешіле қоймайтынын айтуға тура келеді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Палестина өтінімін қарап, бұл мәселені жеріне жете тексеруді тиісті комитетке тапсырды. Комитет мәселені бірнеше ай бойы қарауы мүмкін. Ол комитет қандай шешім шығарғанда да қазіргі  саяси жағдайда АҚШ Қауіпсіздік кеңесінде вето құқын пайдаланатындығы анық. Демек, Таяу Шығыстағы ширленген түйін таяуда, оңайлықпен тарқатыла қалмайтыны да анық. Алайда, біз Палестина бос­қындарының аянышты ахуалы дәйім осылайша жал­ғаса бермейтініне сенеміз. Таяу Шығыста  түп­кілікті бейбітшілік орнайтын күн келеріне сенеміз. Біз бұл мақаланы Израиль-Палестина жанжа­лы­на төрелік жасау үшін, артық-ауыс ақылы­мызды айтып қалу үшін жазған жоқпыз. Ондай мақаланы ағылшын тілінде жазсаңыз да, қазір бұл мақсатыңызға жете алмайсыз. Біз бұл мақа­ланы бейбітшілікке апарар  жолдың қандайлық тайғақ кешулі екенін көрсету үшін, бәрінен де бұрын жақында 20 жыл толатын атыңнан ай­налайын Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін өз ағайы­нымызға білгізе түсу үшін жаздық.