«Бір қонағымыз бір күннің ішінде 5-6 павильонды көріп үлгереді. Біздің есебімізге сәйкес, осы уақытқа дейін көрмені 26 мыңнан астам шетел азаматы тамашалады. Ол барлық қонақтардың 13 пайызын құрайды. Көрмеге келгендердің 10 мыңнан астамы алты жасқа дейінгі балалар болса, 2 мыңнан астамы – мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер», деген Б.Қарымсақов шараны тамашалаған оқушылар мен студенттердің де қарасы жоғары – 14 мыңнан асқанын айтты.
Қазіргі динамикаға көз жүгіртсек, көрмеге келетін қонақтардың саны күн сайын артып келеді екен. Мәселен, алғашқы күні 17 мың адам қалашық аумағын тамашаласа, бұл көрсеткіш өткен жұмада 34 мыңнан асқан. Компания басқарушы директорының мәліметінше, ЭКСПО-2017 көрмесіне байланысты осы уақытқа дейін 280-нен аса ойын-сауық бағдарламасы, 50-ден аса хаттамалық іс-шара ұйымдастырылған. Соңғысына мемлекет басшылары, мәртебелі меймандар, павильон комиссарлары және түрлі дәрежедегі делегациялар қатысқан.
Жиында Бейбіт Қарымсақов Шымкент қаласынан ЭКСПО көрмесіне келген қонақтардың билеттері көрме алаңына кіруге жарамсыз болып қалғандығы туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. «Жалған билет болмай қалған жоқ. Көрменің ашылу салтанаты күнінде жалған билеттің 100 нұсқасы анықталды. Барлығы түрлі-түсті көшірме. Екінші күні де 70 дана жалған билет белгілі болды. Негізі, түпнұсқа билеттер Шымкент қаласында сатылған. Біз оны арнайы нөмірлер арқылы білдік. Содан кейін түпнұсқа билеттерден базада жоқ көшірмелер жасалған. Әр билеттің жеке коды болатынын білген жөн. Бүгінде жасанды билетпен келушілер жоқ», деді компанияның басқарушы директоры.
Баспасөз мәслихатында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов әлемге әйгілі «Foreign Policy» басылымының журналисі Джеймс Палмердің бұған дейін дау тудырған мақаласы жайлы әңгімеледі. Оның айтуынша, жұртты шулатқан тілші Астанаға келмеген, тіпті ЭКСПО көрмесін араламаған да. «Біздің анықтағанымыздай, британдық Джеймс Палмер бірнеше басылымға Орталық Азия елдері мен Қытай туралы жазады екен. Алайда, ЭКСПО-2017 көрмесіне ондай журналист тіркелмеген. Бұл – бір. Екіншіден, Джеймс Палмер есімді азамат Қазақстан шекарасынан өтпеген. Яғни кедендік тіркеуде жоқ. Демек, Палмер мырза өз материалын өзге біреудің пікіріне сүйеніп немесе арнайы тапсырыспен жазған», деді С.Куянов.
Оның сөзіне қарағанда, тілші жазбасында көп фактіні бұрмалап көрсетіпті. Мәселен, ол көрме құрылысына жұмсалған қаражатты 5 млрд доллар деп жазған, шындығында бұл – 1,3 млрд доллар. Мұны құрылыс жұмыстарын жүргізген компаниялар да растайды.
Басқосуда ұлттық компанияның коммерциаландыру жөніндегі департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев көрме аумағындағы тағамдар бағасын реттеу мәселесінің мән-жайына тоқталды. Оның айтуынша, компания басшылығы мейрамxана, дәмxана және фаст-фуд сияқты қоғамдық тамақтандыру орындарын ашу арқылы xалықтың барлық топтарына тиімді бағаның болғанын көздеген. Мәселен, қоғамдық тамақтандыру дүңгіршектерінде бір түскі астың бағасы – 1400 теңге. Ол қаланың орташа бағасына сәйкес келеді. Себебі, Астанадағы ойын-сауық орталықтарында да түскі астың бағасы осындай. Ал көрме аумағындағы дәмxаналар мен мейрамxаналарда түскі астың орташа бағасы – 7500 теңге. Ол да – Астана сияқты мегаполистердің орташа бағасы.
Д.Еркімбаев әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған «Тойқазан» ұлттық тағамдар мейрамxанасының бағаларына да түсінік берді. «Шынымен, ол – қымбат мейрамxана. Себебі, тамақтың дәмі де, қызметтің көрсету сапасы да жоғары. Негізі, біз бір ұлттық тағам үшін бірнеше орынды қарастырдық. Мәселен, мейрамxанада қымбат болса, фуд-корттарда қазақтың ұлттық тағамдарын 1-2 мың теңгеге сатып алып жеуге болады. Сол сияқты, дүңгіршектерде де қазақы еттің бір порциясын 1200 теңгеге сатып алуға мүмкіндік бар. Сондықтан қоғамдық тамақтандыру орындарының бағасы бір мейрамxанаға тіреліп тұрған жоқ. Осыны түсіну қажет», деді департамент басшысы.
Маманның дерегінше, қалашық ішінде 25 дәмxана мен мейрамxана жұмыс істейді. Оларда 15 ұлттың тағамдары әзірленеді. Бұдан бөлек, фаст-фуд өнімдері сатылатын 33 шағын дүңгіршек бар. Сонымен қатар, кейбір ұлттық павильондар өз ғимараттарында тамақтандыру орындарын ашқан.
Э
Эллада аңызының өрнегі ме,
Эпостық жырым шықты төрге, міне.
Эскортпен тамашалы таң қалдырып,
ЭКСПО жарқыл қағып келді еліме!
К
Көрмесін ғажайыптың көрді Астана,
Келешек қуат көзін берді Астана.
Керім деп таңдай қақты небір жампоз,
Көтерді зеңгір көкке елді Астана!
С
Сарыарқа сайын төсі дүбірлеген,
Самала жарық көзін бір ілмеген.
Самғаған Париждегі ән Әміре,
Сұлуым Балқадиша күлімдеген.
П
Пейілі қазағымның осындайда,
Пайымы кемелдікке қосылмай ма?
Парасат биігінен тіл қатқанда
Парағы жаңа дәуір ашылмай ма!
О
Ордама алғыс-алқа таға келдің,
Осынша қуанышты ала келдің.
Оңғартқан озық ойын оразада
Отаным назарында бар әлемнің!