20 Маусым, 2017

Ірілену ізгіленуге жол ашады

138 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ЮНЕСКО ғалымдарының есептеп, пайымдауынша Қазақстан­ның жері тиімді пайдала­нылған жағдайда 1 миллиард адамды асы­рай алады екен. Осы сөзді ауыл шаруа­шылығына негіздеп айтар болсақ, оған жер жағдайының мүмкіндік беретіні күмәнсіз. Ал жалпы жер қорының үлесіндегі алқаптардың 82 пайызын немесе 225,5 миллион гектар жерді ауыл шаруашылығы секторындағы еңбеккерлер игеруде.

Ірілену ізгіленуге жол ашады

Демографтардың болжамы бойынша, жер бетін мекендейтін халықтың саны 2050 жылға таман 9 миллиардқа жететін болса, ахуалдың күрделене түсері анық. Өйткені, бүгінде 7 миллиардқа жуық тұрғындардың 1 миллиардтан астамы тоя тамақ ішпейтіндіктен ашқұрсақ жүреді екен. Сондықтан алдағы 30 жылдың ішінде өнім өндіру көлемін кемінде 1,5 есеге дейін арттыру міндеті тұр.

Еліміз Кеңестер одағындағы Ресей­ден кейінгі дәнді дақылдармен қатар ең ірі мал шаруашылығы өркендеген өңір болған еді. Одақтағы бидай егістік­терінің 30 пайызы, қой мен ешкінің 25 пайызы және ірі қараның 8 пайызынан астамы қазақтардың үлесінде болды. Қазақстанның аграрлық секторының 1990 жылғы ішкі жалпы өнімі 1983 жылғы бағамен есептегенде, 15 млрд 386 млн сомға тең болған. Бұл сол кездегі ІЖӨ-нің 38-40 пайызын құрады деген сөз. Елімізде 1990 жылы 24 млн 107,6 мың тонна дәнді дақылдар бастырылса, оның 14 млн 399 мың тоннасы бидай, 568 мың тоннасы қара бидай, 493 мың тоннасы жүгері, 590 мың тоннасы күріш болған екен. Осы жылғы деректерді сараласақ, ірі қара мал саны 9 млн 729,4 мың бас, қой мен ешкі 35 млн 586 мың бас, жылқы 1млн 627,1 мың бас, түйе 144,6 мың бас, ал шошқа 3 млн 208,9 бас болып түзіліпті. Ал жан басына шаққанда 93 келі ет өндіріп, ішкі тұтынуға адам басына 71 келі ет желінді деген сөз бар. Мұның барлығын не үшін айтып отырмыз? Өткеннен сабақ ала отырып, алдағы жұмысымызды бағдарлап алмаққа таптырмайтын мысалдар еді.

Енді аз-кем салыстыруға келейік. Сол тоқсаныншы жылдары ІЖӨ-нің 40 пайызын ауыл шаруашылығы өндірген болса, бүгіндері еліміздің жиынтық өніміндегі аграрлық сектордың үлесі 4 пайызға дейін құлдыраған. Сондықтан маңдайы жарқыраған тау-кен, мұнай-газ салаларының алдында ауыл жетімдік көріп, зар еңіреп қалғанын бәріміз көріп отырмыз, ал халқымыздың 47 пайы­зы ауылдық жерде өмір сүріп жат­қа­нын ескерсек, жетімдік көріп кел­ген кім еке­нін оп-оңай ұғынуға бола­ды. Қала­да­ғы да, даладағы да қазақ баласы­ның тірегі де, қорегі де, демеушісі де ауыл еді...

Өткен ғасырдың 30-жылдары эконо­мика ғылымына ерекше үлес қосқан неоклассикалық синтездің негізін қалаушы Альфред Маршалл «Жеке меншік өз кезінде маңызды болған шығар, ал бұдан былай шаруашылықты бұлай жүргізуде ешбір рөлі жоқ» деген тоқтамға келген екен. Бұл сөз біздің дәл қазіргі ауыл шаруашылығын кооперативтерге біріктіріп, ірілендіру саясатын жүргізіп жатқанымызды дөп басып айтқандай. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибеде шаруашылықтың ең озық ұйымдық-құқықтық пішіні кооператив деп пайымдалып отыр, өйткені мұндағы материалдық ынталандыру жүйесі екі есе күшті. Біріншіден, кооператив мүшесі міндетті түрде жұмыс істеп мол жалақы алуға тырысып бағады, екіншіден, кооперативтің жылдық нәтижелі әрекетінен түскен табыстан өз үлесін алуға тағы да мүдделі болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының 1- басымдығының төртінші міндеттемесіне назар аударар болсақ, онда «...бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек» делінген. Әрине, бұл оңай жұмыс емес. Мұның оңай еместігін өз тәжірибеме сүйеніп айтайын. БҰҰ шеңберінде жүзеге асқан ғылыми бағдарламасы аясында 2009-2011 жылдары «Жаһандық ауа райының өзгеруіне бейімделу үшін табындық жылқы шаруашылығына көшу мәселелерін зерттеу» атты жобаға басшылық еткен едім. Зерттеу нысаны ретінде алысқа ұзамай-ақ Алматы қаласының іргесіндегі Қарғалы, Ұялы ауылдарын таңдаған едік. Сол жердегі жайылым мен шабындық иесінің келісімін алып, аталған екі ауылдың жылқысын біріктіріп кооператив ашуды ойладық. Әр үй өз бетінше жылқысын, сиырын, қойын өріске таң ата бөлек шығарып, кешке бөлек қайтаратынын көріп, жағамызды ұстаған едік. О заманда, бұ заман, жылқыны күндіз баққан қиянат қой. Бірнеше рет ауыл тұрғындарын жинап үгіт насихат жасадық, беделді ақсақалдарды ертіп апарып сөйлеттік, алайда оң нәтижеге қол жеткізе алмадық. Дегенмен де ұсақ шаруашылықты біріктірмей, ауыл шаруашылығының экономикалық тиімділігіне қол жеткізу Қазақстанның солтүстік өңірлерінде мүмкін емес екені ғылыми дәлелденген ақиқат.

Жанкелді ШЫМШЫҚОВ,
Мәскеу халықаралық Аграрлық білім академиясының академигі