Осы мақсатты алға қойған облыс басқармасының маманы Нұргүл Бертілеуова ең алғашқы еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясында мұғалім болып бастаған. Ұстаздық еткен 9 жылда толағай табыстарға қол жеткізіп, «Еңбек ерлікке жетелейді» дегендей, жетістікті жылдарын ұстаз болудан бастаған.
Кезінде қалалық, облыстық жыл мұғалімі байқауларында бас жүлдені иемденіп, «Қазақстанның жыл мұғалімі» байқауында «Ұлттық дәстүрді насихаттаушы» аталымының жеңімпазы атанған. Ақтөбе қаласы әкімінің «Жыл адамы», «Үздік ұстаз» аталымын иеленген. Оның авторлық бағдарламасының негізінде ашылған «шеберлік-сыныбы» облыс мұғалімдерінің тәжірибе алаңына айналды.
Жаңашылдыққа, өзге салада өзін сынап көрудегі ұмтылысы Нұргүлді мемлекеттік қызметке алып келді. Болашағын осы саламен байланыстырудағы мақсаты биік. Қазіргі таңда Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасында бас маман болып қызмет атқаратын оның 10 жылдық еңбек өтілі бар. Мақсаты – мемлекеттік тілдің өзекті мәселелерінің айқындалуына, тілдерді дамытудың тың жобаларының жүзеге асуына ықпал ету. Қазақстан Республикасы Тіл туралы заңы және «2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының» мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ете отырып, облыстағы жетекші басылымдар мен электронды бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытындағы жобалардың жүзеге асуына үлесін қосу.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқытып, мемлекеттік тілді білу арқылы жетістікке жеткен тұлғаларды, ұлттық құндылықтарды насихаттап, PR сипатындағы әртүрлі форматтағы жетпіске жуық жобаның тұсауын кескен.
Үштұғырлы тіл саясатын насихаттау, ілгерілету бағытындағы шараларды жүзеге асыруда. Халыққа жақын болу, ашықтық – мемлекеттік қызметтің ең басты қағидаты. Осы бағытта басқарманың ресми сайтын, әлеуметтік парақшаларын контентпен толтыруда. Бүлдіршіндерге тілдерді үйретуді мақсат ететін үш тілдегі «Күншуақ» журналының дайындалып шығуына жетекшілік етіп, «Шетелдегі қазақ диаспораларымен байланыс» жобасын, латын графикасына көшуді насихаттау жөніндегі шараларды жүзеге асыруда. Аталған жобалар Ақтөбеде бастау алып, республиканың өзге де өңірлеріне таралды.
Жалпы, мемлекеттік тіл саясаты мемлекеттіліктің нығаюына, елдің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Ұлттық құндылықпен байланысты салада елдің мүддесі мен ұлт игілігі жолында еңбек ететінін мақтан тұтады. Бар бойындағы қабілет-карымын, күш-жігерін осы саланы дамытуға бағдарлап отырған кәсіби мамандардың қатарында.
«Өйткені, менің іскерлігімнен елімнің ертеңі көрінеді», дейді Н.Бертілеуова.
Әрбір мемлекеттің бәсекелестікке дайын болуы және оған төтеп беруі мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігіне, отансүйгіштігіне байланысты. Сол себепті де, өз қызметіне адалдық пен белсенді өмірлік көзқарас, жоғары жауапкершілік шынайылықты өмірлік ұстанымына айналдырып отыр. Мемлекеттік қызмет саласында азды-көпті жетістігі болса, ол – облыс аумағында тілдік дамуды сипаттайтын көрсеткіштердің тұрақты өсуі. Оның ішінде Нұргүлдің де үлесі бар. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің
25 жылдығы қарсаңында мерекелік медальмен марапатталғаны соның бір айғағы.
Өмірде адал жар, үш баланың анасы. Өмірлік ұстанымында, кәсібінде алға ұстайтын құндылықтардан алыс кетпейді. Мемлекеттік қызметші болу – зор сенім, құрмет. Мемлекеттік қызметшінің әлеуеті мықты болса, елдің де тұғыры биік. Сондықтан ел мүддесі жолындағы белесте халық сенімінен шығу басты міндетім деп біледі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы