22 Қаңтар, 2010

ЕҚЫҰ мен ЕУРООДАҚ ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТПАҚ

1356 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сейсенбі күні Венада Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық жөніндегі ұйымның Тұрақты кеңесінің арнайы отырысы болып өтті. ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің өкілдері алдында Еуропа Одағына 2010 жылдың бірінші жартыжыл­дығында төрағалық ететін Испания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Мигель Анхель Мора­тинос сөз сөйледі. Әдетте бейсенбі сайын болатын мәжіліс осы жолы жоғары мейман құрметіне кезектен тыс шақырыл­ды. Соңғы жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша Еуропа Одағына төрағалық ететін әрбір ел өз қыз­метін ЕҚЫҰ-ға келіп, басымдық­тарын жариялаудан бастайды. Оның себебі Еуроодақ пен ЕҚЫҰ-ның тығыз байланыста және көп­теген бірлескен жобалардың болуын­да жатыр. Еуроодақ – ЕҚЫҰ-ның аса ірі әріптесі. ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекеттің 27-сі Еуроодақ мүшелері болып табыла­ды. ЕҚЫҰ-ның жиынтық бюдже­тінің 70 пайызы және ерікті жар­налардың 55 пайызы Еуроодақ мүшелері есебінен қалыптасады. Яғни, Ұйымдағы салмағы мен рөлі орасан. Ал министр Моратиносқа келе­тін болсақ, Венаның Хофбург сарайы оған бейтаныс мекен емес. Осыдан дәл үш жыл бұрын Испа­нияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы басталған кезде Моратинос мырза ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде өз елінің Ұйымдағы басымдықтарын жария­лаған болатын. Сол 2007 жылдың қарашасында испан төрағалығымен өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер минис­­трлерінің Мадридтегі кеңесінде Қазақстанның Ұйымға төрағалығы бойынша тарихи шешім қабыл­данған еді. Ал бүгінгі Испанияның Еуро­одаққа төрағалығы Одақтағы жаңа­ру кезеңіне тұспа-тұс келді. Еуро­одақтың шешім қабылдау тетікте­рін жетілдіруге бағытталған, әрі Одақтың тұрақты президенті мен сыртқы саясат басшысын тағайын­дауды көздейтін Лиссабон келісімі жуырда ғана күшіне енді. Осы жаңалықтарды іске қосу испан төрағалығының міндетіне кіретін болады. Сондықтан да болар ис­пан­дықтар өз төрағалығына “Еу­ропаны жаңарту” ұранын таңдап алды. Тұрақты кеңес мәжілісінде сөйлеген М.Моратинос Қазақстан­ды ЕҚЫҰ төрағалығымен құттық­тады. Оның пікірінше, бұл оқиға Қазақстан мен Ұйым алдында орасан тарихи мүмкіндік ашады, сонымен қатар, Еуроодақ пен Ор­талық Азияны одан әрі жақын­дастыруға орасан серпін береді. Тұрақты кеңес отырысында М.Моратинос Корфу үдерісі ая­сын­дағы еуропалық қауіпсіздік жөніндегі үнқатысу туралы айрық­ша тоқталды.  Корфу үдерісінің ЕҚЫҰ-да орныққаны Еуропадағы қауіпсіздіктің  жаһандық әрі бө­лін­бей­тін сипатқа ие болғанының бел­гісі болып табылады, деді министр. Еуроодақ Қазақстанның ЕҚЫҰ саммитін шақыру туралы бастама­сын қолдайды, сонымен қатар жо­ға­ры деңгейдегі кездесуді мазмұнды ету қажет деген ұстанымда. Өз тарапынан М.Моратинос саммит өзекті мәселелерді шешуге ЕҚЫҰ-ға аса қажетті саяси серпін беру тұрғысынан өте маңызды болады, деп санайды. Қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін жаһандық шиеленіс айтарлықтай азайды, дегенмен, жеке аймақтарда жанжалдарды болдырмау бойынша бірлесіп жұмыс жасау қажет. Сонымен қатар, күн тәртібінде “созылып кеткен жанжалдарды” реттеу, лаңкестікпен күрес, Ауғанстанды тұрақтандыру және тағы басқа мәселелер бар. Министр ЕҚЫҰ елдерін сенім шараларын нығайтуға бағытталған Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шарт және 1999 жылғы Вена құжатын жандандыруға ша­қырды. Сонымен бірге қауіпсіздікті адам құқығы, заң үстемдігі, халық­тың әл-ауқаты, экономика және экологиялық мәселелерден ажыра­тып қарастыруға болмайтынына баса назар аудартты. Еуроодақ басшысының айтқан­дары өткен аптада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мүшелеріне арнаған үндеуімен тікелей түйіседі. Әсіресе, Қазақстан төрағалығының ұстанымына негіз болған төрт “Т” – “траст” (сенім), “традишн” (дәс­түр), “транспаренси” (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) қазіргі халықаралық қатынастар үшін аса қажеті тұғырлар болып табылады. Халықаралық ұйымдар жұмысының тиімділігін жаһандық жаңа қатерлерге сәйкестендіріп, арттыру мәселесі барша әлем қауымы үшін өзекті екені анық. Мәжіліске төрағалық еткен еліміздің ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов Тұрақты кеңес атынан министрге жасаған мазмұнды баяндамасы үшін шы­найы алғысын білдірді. Өткен апта­да өзінің бағдарламалық мәлім­демесінде ЕҚЫҰ-ның Іс басында­ғы төрағасы, Қазақстанның Мемле­кеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев “Біз ЕҚЫҰ-ның басқа халықаралық ұйымдармен және институттармен ықпалдастығын нығайтамыз, олардың өкілдерін пікір алмасу­ларға жиі шақырып отыратын боламыз”, деп айтқан болатын. Моратинос Қазақстан төраға­лығындағы ЕҚЫҰ-да баяндама жасаған алғашқы мейман екеніне елші қуанышпен назар аударды. Ал ЕҚЫҰ-ның Еуроодақпен тығыз байланыс кестесі келесі ап­тада, 26 қаңтарда Брюссель қала­сында жалғаспақ. Онда Мемлекет­тік хатшы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев министр­лер деңгейіндегі ЕҚЫҰ үштігі мен Еуроодақ бірлескен отырысына қатысады. Кездесу барысында екі ұйым өкілдері өз қызметтерінің үйлестіру жолдарын талқылайды. Талқылануы жоспарланған тақы­рыптар арасында аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оның ішінде Ауғанстанды тұрақтандыру, “созылып кеткен жанжалдардың” бейбіт шешімін табу жолдарын іздестіру, еуропалық қауіпсіздік сәулетінің болашағын анықтайтын Корфу үдерісін ілгерілету және басқа да ортақ қызығушылық тудыратын мәселелер бар. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан.