Баспасөз мәслихатында бірінші болып сөз алған Астананың көмекші епископы Атаназиус Шнайдер дін мен экологияның байланысы жөнінде ой қозғады. Сондай-ақ ғылым мен дін, мәдениет пен руханият, экофилософия туралы пікірлерімен бөлісті.
«Шіркеу болашақтың энергиясына өзіне ғана тән, айрықша үлесін қоса алады. Алайда, ол қандай да бір технологияның күшімен емес, Жаратушыны жер бетіндегі барлық энергияның қайнар көзі ретінде көрсету арқылы жүзеге асады», – дейді Астананың көмекші епископы Атаназиус Шнайдер.
Ұзақ жылдар бойы христиандық экологиялық білім мәселелерімен айналысып келе жатқан белгілі эколог, Польшаның дін маманы Станислав Яроми көрмеден алған әсерімен бөлісті.
«Мен 10 сағат бойы ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған павильондарды аралап шықтым. 300-ден астам сурет түсірдім. Ол суреттерде басты тақырып – болашақ энергиясы бейнеленген. Осыдан кейін біздің қолымызда әлемді дамытудың тұрақты үлгісі бар екенін ұғындым. Бізде жаңа технологиялар да бар, дұрыс бағдар белгіленген. Тек осының барлығын жүзеге асыру үшін энергия жете ме деген сұрақ туындайды», – дейді доктор Станислав Яроми.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»