– «Алатау жарық компаниясы» қала мен облыстағы халықты энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Халыққа сапалы қызмет көрсетіліп жатыр ма?
– Бұл өте өзекті сұрақ, әрі маңызды мәселе. «Алатау жарық компаниясы» АҚ – Алматы қаласы мен облысының тұрғындарына, өндiрiстiк кәсiпорындар мен мемлекеттiк мекемелерге, ауылшаруашылық қожалықтарына электр қуатын жеткiзумен, сондай-ақ, таратумен айналысатын республикамыздың оңтүстiгiндегi ең iрi энергетикалық жүйе. Сонымен қатар, «АЖК» АҚ Орталық Азияның бiртұтас энергетикалық жүйесiндегі Өзбекстан, Қырғызстан, Түркiменстан сияқты көршiлес елдердегі электр қуаты саласындағы алпауыт компаниялардың сенiмдi серiктесi. Осы нарықта жетекші компания болып отырғанының өзі компанияның электр қуаты сапалы және бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Жалпы, компанияның электртасымалдаушы желісінің ұзындығы 29 мың километрден асады, ал трансформаторлы қосалқы стансалардың саны жеті мыңнан асады, күшті трансформаторлардың жалпы қуаты 9467 МВА. 2017-2020 жылдардағы инвестицияларымыздың жалпы құны 51,9 миллиард теңге. Бұл халыққа жеткізілетін электр қуатының одан да сапалы әрі тиімді жетуін қамтамасыз ету үшін жұмсалатын қаржы.
– Оларды тасымалдаушы кабельдер жүйесі жаңартылып жатыр ма?
– Қазір біз үкіметпен және қалалық әкімдікпен бірлесіп, жоғары вольтті қосалқы стансаларды жаңартып, қайта салу үстіндеміз. Сонымен қатар, 6-10 кВ кабельдер жүйесі жаңартылып жатыр. 2012 жылдан бері өздігінен ұстасатын оқшауланған сым кабельдерімен электр трассаларын жаңартумен айналысып келеміз. Бұл өте ыңғайлы, қауіпсіз кабельдер. Жел соққанда да, қатерлі дауылдарда да электр қуатын тұтынушыларға үзбей жеткізіп тұрады. Жер астындағы және әуе кабельдерін жаңарту үшін қомақты қаржы керек. Оның үстіне, бұл оңай біте салатын шаруа емес.
Біздің алдымыздағы бар міндет, Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламалық тапсырмаларының ішінде тұр. 2015 жылы біз жалпы кабельдер жүйесінің 12 пайызын жаңартқан болатынбыз. Одан кейін қаладағы кабельдік жүйені реттеп, қайтадан толық жөндеуден өткіздік. Сондықтан, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сүйеніп, сол бағытта осы жұмыстардың бәрін реттеп жатырмыз.
Әуе желiсiне қарағанда, жер астымен жететiн электр жүйесi қауіпсіз. Яғни, табиғаттың түрлi тосын мiнезiне көп тап болмайды. Мәселен, дауыл кезiнде немесе қатты нөсерде әуедегi желiлер апатқа жиi ұшырайды. Ал жерасты жүйесi тұрақты әрi сапалы жұмысты қамтамасыз етумен бiрге ұзақ мерзiмге шыдайды. Әрине, оның құрылыс сметасы қымбатқа түседi, дегенмен, эксплуатациялық шығыны төмен, сондай-ақ, техникалық ақауы да аз болады. Электр қуатының жерасты жүйесiне броньдалған желiлердi пайдаланған дұрыс. Өйткенi, оның сыртқы металды қаптамалары химиялық әсерге төтеп бере алады, эррозияға ұшырамайды. Егер броньдалмаған кабель төселетiн болса, арнайы технологиялық қорғаныс жүйелерi қолданылады.
– Осы жұмыстарды компания өз қаражатымен атқарып отыр ма? Әлде мемлекеттік бағдарламаларға сүйеніп жасап жатыр ма?
– Алдында айтылғандай, мемлекеттің көмегімен де, өз қаражатымызбен де көптеген маңызды жобаларды іске асырып жатырмыз. 2009-2015 жылдар аралығында компания 92 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырды. Оның 53 пайызы бюджет қаражаты. Нәтижесінде қуат күші оңтайлы өсіп 3 061 МВА-ға жетті. Осы бағдарлама бойынша «Алатау жарық компаниясы» АҚ-тың 2017-2020 жылдардағы қаржысы 51,9 миллиард теңгені құрап отыр.
– Қала өсіп, маңындағы ауылдар да үлкейіп жатыр. Бәріне электр қуатын жеткізу қиындық тудырып жатқан жоқ па?
– Қаланы қоршай орналасқан 220 кВ электр жеткізуші желілер жұмысын аяқтадық. Бұл еліміздегі ең ірі электрлі айналма көпір! Яғни, энергетиктердің талайдан күткен шын мәніндегі үлкен арманы орындалды. Оны жүзеге асыру үшін қаланы электр желісімен толықтай айналдырып өттік. Бұл үлкен іс «2005-2015 жылдары Алматы қаласын дамыту және энергетикалық кешенін модернизациялау» бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Қаланың электр желісі 220/110/10 кВ электр жеткізуші желілер 220 кВ «Алма» – «Бесағаш» – «Ерменсай» қосалқы стансаларын салу арқылы бір-бірімен ұштасты. «Ерменсай – Бесағаш» электр тасымалдаушы желісі ең ірі жобалардың бірі. Жалпы ұзындығы 81 километр болатын 220 кВ электр желісі жүргізілді.Оның 27 километрі жерасты кабелі. Ол кабельдерді Оңтүстік Кореядан арнайы алдырдық. Шығарушы мемлекет кабель сапасына 30 жыл кепілдік беріп отыр.
110/10 кВ – Бостандық ауданында «Есентай» және Түрксіб ауданында «Алтай» қосалқы стансаларын іске қостық. Бұл қаланы электр қуатымен қамтамасыз етуді тиімді және нәтижелі етуді қадағалауға мүмкіндік беріп отыр. Құрылыс кезінде барлық нысандарда отандық өнімдермен қатар SIMENS, ABB, тағы басқа заманауи, мықты, жетекші компаниялардың өнімдері пайдаланылды. Қосалқы стансалар автоматты релелік қорғаныстың микропроцессорлық технологияларымен жабдықталған.
Бұл модернизациялар қысқы «Азиада» ойындары кезінде алғаш рет сынақтан өтсе, биыл ғана еліміз үлкен абыроймен атқарған «Универсиада» ойындары кезінде өзінің қуаты мен қызметін тағы бір дәлелдеді.
– Жаңа электр желілерінің артықшылығы неде?
– Өздігінен ұстасатын оқшауланған сымның (СИП) артықшылығы, үш бағыт бір-біріне жел соққанда немесе жауынды күндері кедергі келтірмейді.Олардың әрқайсысы бөлек-бөлек қорғаныш қабығымен оралған. Яғни, адам өміріне қауіпсіз.
– Электр қуатын қалай бақылайсыздар? Ұрлайтындар жоқ па? Электр қуатының нормативті ысырабы қай деңгейде? Бұл сіздерге қаншалықты шығын әкеледі?
– Бұрынғыдай емес, қазір халықтың жағдайы жақсы. Қазір электр қуатын ұрлау жоқ десек те болады. Соған қарамастан, нормативті ысырапты болдырмау, қадағалап отыру компанияның негізгі міндетінің бірі.Осы таңда бұл көрсеткіш 2001 жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Өткен 2016 жылы 13,46 пайызды құраса, 2017 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 12,83 пайызды құрап отыр. Бұл негізінде жақсы жетістік. Бірақ алдағы кезде осы көрсеткішті тағы да төмендету деген жоспарымыз бар.
«Алатау жарық компаниясы» АҚ қазір Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (АСКУЭ) тиісті жабдықтарымен өзіне тиесілі аймақты жабдықтап жатыр. Бұл жұмыс бірнеше кезеңді қамтиды. 2013 жылы бұл бағдарламаның серверлік жабдықтармен жасақтайтын, ақпаратты сақтап, сараптайтын орталық өзегі жасалды. Сол жылдан бастап төменгі кернеулі желілерге Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (АСКУЭ) енгізіле бастады. Бұл электр жүйесін модернизациялаудың оңтайлы жолы.
АСКУЭ бізге әр есептеуіштегі көрсеткішті білуге мүмкіндік береді. Заманауи электр жүйесінде бәрі бірыңғай болуы шарт. Сол үшін біз электр желілері мен есептеуіштерді, трансформаторларды жаңалап, қосалқы стансаларды заманға лайықтап салып жатырмыз.
– Компанияларыңыздың алдағы жылға қандай жоспарлары бар?
– Жылдан-жылға электр қуатына деген сұраныс артып келеді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша электр қуатын тасымалдау және тарату 2010 жылмен салыстырғанда 19 пайызға жоғары. Осы жылдың бірінші маусымының қорытындысы бойынша, былтырғы жылмен салыстырғанда тұтынушылық қызмет 7 пайызға өскен. Бұл осы жылдың аяғына дейін биылғы көрсеткіш одан да жоғары болады деген сөз. Демек біз нарықта өз орнымызды одан әрі кеңейтіп, халықты тиісті жарықпен қамтамасыз ету қызметін одан әрі абыроймен жалғастыра береміз. Біздің міндетіміз, халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету. Алдымызда әлі көптеген міндет тұр. Ең бірінші – халықтың үмітін ақтау, оларға қолайсыздық тудырмау. Оның бәрі техникалық, экономикалық жағдайларға байланысты. Екінші – өзіміздің тасымалдаушы трассаларды модернизациялауды жалғастыру. Бұл «Жаңа индустриализация» бағдарламасындағы ең бірінші атқарылатын жұмыстар деп есептеймін. Сондықтан алдағы міндеттерді жоғары дәрежеде орындаймыз деп сенемін.
Бізге қала, облыс әкімдігі де қолдау көрсетіп отыр. Таулы қыратта орналасқан №131А қосалқы стансасы қауіпті аймақта болғандықтан оның жүктемесі Ерменсай №160А қосалқы стансасына ауыстырылу үстінде. Оны осы жылдың аяғында бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Оған қолдау көрсеткен қала әкімі Бауыржан Байбек мырзаға ерекше алғыс айтамын.
– Облыстық маслихаттың депутатысыз. Халықпен жиі кездесіп тұратын шығарсыз. Бұл бір жағы сіздің негізгі жұмысыңызға да тиімді болар?
− Әрине, ел ішінде депутаттық жұмыстармен жиі боламыз. Бұл ең алдымен халықты жақыннан тануға, ішкі жағдайлары мен көңіл күйін білуге ең жақсы жол деп түсінемін. Жақында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын халыққа түсіндіру жұмыстарымен елді араладық. Бұл мақала өздеріңіз білесіздер, ел ішінде, баспасөз бетінде, зиялы қауым арасында кеңінен талданып, таразыланып, қолдауға ие болып отыр. Біз де соған өз үлесімізді қосу үстіндеміз. Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауы мен Үндеулері ел мен жер, мемлекет үшін аса маңызды мәселелерді қозғап, әрқашан алдымызға ұзақ мерзімді тапсырмаларды қойып келеді. «АЖК» АҚ сол тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап отыр. Енді рухани жаңғыруға біздің компанияның қандай септігі тиеді? Ол халықты ең алдымен үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз етіп, қолайлы жағдай жасау. Халықтың тұрмысы жақсы болса, рухани ізденіс те, рухани жаңғыру да тиісті деңгейде болмақ. Біз халыққа сондай мүмкіндік туғызуға барымызды салудамыз.
– Кітап оқисыз ба?
– Иә.
– Сүйікті ақындарыңыз кімдер?
−Бала кезімізден Сүйінбай, Жамбыл аталарымыздың өлеңдерін, ел арасындағы айтқан шешендік сөздерін естіп, жаттап өстік. «Бөрілі байрақ ұраным» деген Сүйінбай бабамыздың елшіл, көпшіл, рухты жырлары бала кезімізден бойымызға адамгершілік дәнін ексе, елдік пен ерлікті жырлаған Жамбыл жырлары жерді сүюіп, өз еліміздің патриоты болуға тәрбиеледі. Одан кейін де неше толқын ақындарды оқыдық. Бірақ жү регіме алғаш рухани нұр сепкен осы екі ақын ерекше жақын.
– Сіз үшін ең үлкен бақыт не?
Еліміздің Тәуелсіздігі!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»