Аймақтар • 23 Маусым, 2017

Қандастар қарымын байқатады

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2003 жылы Білім және ғылым министрлігі Елбасы тапсырмасымен шетелдерде тұратын қазақ балалары арасында арнайы халықаралық оли­мпиада ұйымдастыру ісін қолға алды.

Қандастар қарымын байқатады

Жыл сайын қазақ тілі мен әдебиеті пәні бой­ынша сынға түсіп, дәстүрге айналған олим­пиада биыл Дүниежүзі қазақтарының құ­рыл­та­йы қарсаңында Ақтөбе қаласында жалауын кө­тер­ді. «Дарын» ғылыми практикалық ор­та­лы­ғы ұйытқы болған олимпиада Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде екі кезең бойынша өтті.
Орталықтың директоры Шолпан Қира­ба­ева­ның айтуынша, «Қазақстан – атажұр­тым, қасиетім, ана тілім» атты кезекті XIV ха­лық­ара­лық олимпиада сайысы екі кезеңнен тұрады. Бі­ріншісі, жазбаша шығармашылық жұмыстар, екінші кезең ауызша әңгіме түріндегі сын. Осыған орай Қытай, Иран, Өзбекстан, Моңғо­лия және Ресейден келген оқушылар бі­рін­ші кезеңге сай жазба жұмыстарын қазылар ал­қа­сының назарына ұсынды. Осы тұста оның құ­рамы еліміздегі элитарлық жоғары оқу орындарының білікті профессорлары мен ғылым докторлары және кандидаттары арасынан іріктелгенін айта кеткен жөн. Мұның өзі жұмыс қорытындыларын бағалау ісіне ұйымдастырушылар тарапынан үлкен мән берілгенін көрсетеді. Қазылар алқасының төрағасы, белгілі ғалым Құлбек Ергөбек:
«Бүгінде олимпиаданың түрлері көбейді ғой. Дегенмен, мәні мен маңызы жағынан жә­не шет елдегі қандастарымыздың жоғалта бас­таған ұлттық құндылықтарын түгендеуде бұл олимпиадаға ешқандай баға жетпейді. Ха­лықаралық деңгейдегі бақ сынауға қаты­са­тын оқушылардың бәрі де шет елдерде оқитын қазақ диаспораларының балалары. Сондықтан, комиссия мүшелері олардың шы­ғармашылық қызметіне сәл жеңілдікпен қа­рағаны жөн. Өйткені, өзге мемлекеттердегі пән­дер бағдарламасы мен еліміздегі бағдар­ла­ма­ның біраз айырмашылығы бар», деді.
Бұл олимпиадаға қатысушылардың еш­қайсысы да ұтылмайды. Өйткені, жеңімпаздар Қазақстандағы жоғары оқу орындарының біріне грантпен қабылданады. Бұл олимпиадаға шет елдегі қазақ диаспораларының балалары жеті сыныптан бастап қатыса алады. Ал гранттар тек жоғары сыныпта оқитын оқушыға бе­ріледі.
Соңғы жылдары дәстүрге айналған олим­пи­аданың жеңімпаздарына грант бөлуге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Ясауи атындағы Ха­лық­аралық қазақ-түрік университеті мен басқа да жоғары оқу орындары қолдау көрсетіп келеді. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ