Қазақстан • 24 Маусым, 2017

Қазақ ертегілерін тəржімалаған Карла əжей

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайы Астана төрінде өтіп жатыр. Қиырдағы қазақтың басын біріктірген алқалы жиын шын мәнісінде қазақ диаспорасы тақырыбының ғылыми зерттелуін жолға қоятын саяси және мәдени-ғылыми алаңға айналды. Карла Лехтонен құрылтайға Финляндиядан келіпті. Ұзақ жылдар бойы оқу-ағарту саласында қызмет атқарған әжеміз қазір зейнетте. Қолы қалт ете қалғанда қазақ халық ертегілерін фин тіліне тәржіме жасап, бір парасын аударып шыққан. Ендігі мақсаты – ертегілерді жинақ етіп шығару.

Қазақ ертегілерін тəржімалаған Карла əжей

– Елге қош келдіңіз! Құрылтай қалай өтіп жатыр?

– Әлемдегі қазақтардың басын қосу – игілікті іс. Өз мемлекетіңнің қамқорлығында екеніңді сезіну – бақыт. Мұны шеттегі қазақтар жақсы түсінеді. Дүниені таңқалдырған Астананың өсіп-өркендеген бүгінгі келбеті ерекше. Баяғыда мен кеткенде мүлдем басқа болатын.

– Қай өңірдің қызысыз? Финляндияға қоныс аударуыңызға не себеп болды?

– Шешем Көкшетаудың қызы, әкем Арқаның қазағы. Азан шақырып қойған есімім – Қарлығаш. Жастық шағымда Мәскеуде педагогикалық ғылым Академиясында оқыдым. Мәскеуден іс-тәжірибеден өтуге келген фин қызымен жатақханада бірге тұрып, бірге жүрік. Осылайша болашақ жарыммен таныстым. Оның КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебінде оқып жүрген кезі еді, коммунистік партияның мүшесі болды. Одақ ыдырап жатқан тұста екі жарты бір бүтін болып, жолдасымның еліне аттанып кеттік. Финляндияда өмір сүріп жатқаныма 30 жылға таяды. Тұрмысымыз жақсы. Қызым Туркудағы Або Академиясын оқып бітірді. Турку - елдің оңтүстік батысында орналасқан портты қала. Қазір финдердің фирмасында жұмыс істеп жүр. Үнемі шетелдерде іс-сапарда болады. Жақында ғана Шанхайға барып келді.

– Финляндияның қай қаласында тұрасыз?

– Жолдасым қайтыс болғанға дейін Турку қаласында өмір сүрдім. Кейінірек қызымның қолына Хельсинкиге көшіп бардым. Бір немерем бар.

 – Ол жақта қандай кәсіппен шұғылдандыңыз?

– 1992 жылы Ресейдегі финдер еліне оралып жатқан кез-тұғын. Көшіп келген балалар оқитын мектепте көмекші болып қызмет еттім. Оларға фин тілін үйрете жүріп, өзім де осы тілді терең меңгеріп алдым. Кейінірек қарттар үйіне ауысып кеттім. Өйткені жалақысы жоғары, жұмысы да жеңіл болды. Әу демейтін қазақ жоқ, ара-тұра өлең жазатыным бар. Одан бөлек қазақ халық ертегілерін фин тіліне аударып шықтым. Биыл Финляндия мемлекетінің тәуелсіздігіне 100 жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстан елшілігінің атынан ертегілер жинағын тарту етпек ойым бар.

 – Финляндияда қазақтар бар ма? Араласып тұрасыздар ма?

– Нақты санын айта алмаймын. Мұндағы қазақтар Хельсинкидегі Орталық Азиялықтардың қауымдастығымен жиі араласып тұрады. Алдағы уақытта қазақ мәдени орталығын құруды ойластырып жүрміз.

– Қазақстанға қаншалықты жиі келіп тұрасыз?

– Өте сирек. Өйткені жол қатынасы қиындау, Қазақстанға Финляндиядан тікелей рейс жоқ. ЭКСПО көрмесіне орай Хельсинки-Астана бағытында арнайы әуе рейсі ашылды. Әйтпегенде көліктен көлікке ауысып міну қиын, екіншіден жасым келіп қалған адаммын. 11 жасар немерем бар. Оларды тастап Қазақстанға кете алмаймын ғой. Бұл менің тағдырым.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»