Осыған байланысты Мемлекет басшысы елорданың даму бағдарламалары қаралатын дәстүрлі кеңестің 2012 жылғы 22 сәуірдегі отырысында Астананы болашақ қаласы ретінде дамытудың «Smart City» – «Ақылды қала» халықаралық форматының «Smart Astana» жобасын 2017 жылға дейін іс жүзіне асыру міндетін күн тәртібіне қойған болатын. Міне, осы бір келелі міндетті орындау мақсатында Астана қаласының әкімдігі «Smart Astana» тұғырнамасы аясында алдымен екі ірі қанатқақты жобаны – «Қауіпсіз қала – Астана қаласының тіршілік қызметін кешенді қамтамасыз ету жүйесі» (ТҚКҚЖ) және «Интеллектуалды көлік жүйесі» (ИКЖ) жобаларын іс жүзіне асыруды қолға алды. «Smart Astana» жобасының басты мақсаты елорда тұрғындарының тұрмыс дәрежесін, әл-ауқатын арттыру, Астана қаласының инфрақұрылымын жақсарту және одан әрі жаңғырту, қоғамдық қауіпсіздік дәрежесін арттыру болып табылады. Бұл заманауи жобаның негізгі операторы «Astana Innovations» АҚ болып табылады. «Smart Astana» жобасының үлгісіне мынандай алты тұғырнамаға негізделген еуропалық «ақылды» қалаларды дамыту моделі алынған: ақылды экономика, ақылды басқару, ақылды өмір сүру деңгейі, ақылды жұмылу, ақылды адамдар және ақылды қоршаған орта.
Астана қаласының әкімдігі қалалық қызмет көрсету мекемелерінің және қала тұрғындарының өзара тығыз байланыстағы мүмкіндіктерін ескере келіп, елордамыздың тұрғындарына және қонақтарына әлемнің ең дамыған қалалары сияқты жоғары технологиялық қызмет түрлерін көрсету мақсатындағы батыл қадамдарды жүзеге асыруды белгіледі. Бұл ретте Астана әлемнің көшбастаушы «ақылды» қалаларының тәжірибелеріне жүгінді. Мәселен, Сеул қаласында жол қозғалысын басқару технологияларын барынша жетілдірудің нәтижесінде сапалы да қауіпсіз көлік қозғалысына қол жеткізілген. Гонконг қаласының тұрғындары қала қызметінің барлық түрлеріне, атап айтқанда, дүкендерден қажетті заттарын сатып алуға, автотұрақтарға ақы төлеуге, қалалық қоғамдық көліктің жолақысын төлеуге бір ғана электронды картаны пайдаланады. Ал Токио қаласының тұрғындары құбырлармен келетін судың шығынын анықтайтын өлшегіш құралдарды қолдану арқылы сенімді де арзан су көзіне қол жеткізіп, адамзат үшін аса қымбат ауыз суды тиімді үнемдеуге бет бұрған. Міне, әлемдік озық қалалардың тұрғындарға және қала қонақтарына қызмет көрсету жұмысындағы осындай озық үлгілерін тәжірибеге ала отырып, Астана жаһандық ауқымды шара – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезеңінде әлемдік «ақылды» қалалар көшбасшыларының қатарынан көрініп отыр.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бұл ауқымды істерді жүзеге асырудың алғашқы қарлығашы ретінде ТҚКҚЖ қанатқақты жобасы іс жүзіне асырылды. Бұл жоба қаладағы құқық тәртібін жақсартуға, қала қызметінің барлық түрлерінің үзіліссіз жұмыс істеуіне, қала инфрақұрылымының, оның ішінде көлік қызметінің сапалы дәрежеге көтерілуіне ықпал жасады. Мемлекет басшысы қала әкімдігінің алдына ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу кезеңінде елордада ерекше қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруды, оның ішінде қала көшелері мен елеулі нысандарға бейнекамералар орнату қажеттігін тапсырған болатын. Міне, осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында «Қазақтелеком» АҚ ауқымды жұмыстарды атқарып шықты. Қала әкімі Әсет Исекешов ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу қарсаңында қала аумағында 3 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылғанын, ал 2018 жылы олардың саны 7 мыңға жеткізілетіндігін атап көрсетті. Қорыта айтқанда, ТҚКҚЖ жобасын іс жүзіне асыру Астана қаласындағы қоғамдық көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, коммуналдық қызмет көрсету сапасын арттырып, барлық көпшілік орындардағы қоғамдық қауіпсіздіктің деңгейін жақсартып, қала тұрғындары мен қонақтарына жоғары деңгейдегі қолайлы жағдай жасауда.
Ақылды қала әлемдік үрдісінің Астанадағы ауқымды жобаларының шеңберінде атқарылған тағы бір ірі жоба – «Интеллектуалды көлік жүйесі» (ИКЖ) жобасы болып табылады. Өркениет әлемінде озық үрдіс боп саналатын бұл өміршең жобаны жүзеге асыру міндеті – «Typsa» атты испаниялық компанияға жүктелген. «Smart Astana» кешенді бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған ИКЖ жобасы қала көшелерімен күн сайын 400 мыңнан астам көлік қатынайтын Астана үшін ауадай қажет. Тар жолдардың ұзына бойы автомашиналар қойылатын көлік тұрағына айналған, көлік кептелісі жиі болатын елорданың көлік инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай қайта құру уақыт талабы.
Үстіміздегі жылы елордада жаппай орнатыла бастаған «Ақылды шамдар» «Smart Astana» шеңберіндегі ерекше жобалардың бірінен саналады. Мамандардың айтуынша, аталған жоба жарықдиодты шамдар орнату мен көшені жарықтандырудың «ақылды» жүйесіне көшу арқылы энергия үнемдеуді арттырады. Жоба аясында натрий шамдары жарықдиодты шамдарға алмастырылады. Осы орайда жоба авторлары көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын электр энергиясы шамамен 50 пайызға үнемделіп, ақылды жүйенің көмегімен шамдарды алмастыруға жұмсалатын қаржы қайтарылады деп отыр. ЭКСПО 2017 көрмесі аумағында «Ақылды энергожүйелер – Smart Grid» жобасы іс жүзіне асырылуда. Көрме қалашығындағы «Ақылды жарықтандыру» жобасы көрме аумағындағы жарық диодты шамдармен жабдықталған 1200 жарық беру бағанасын қамтиды. Бұл жоба да энергия үнемдеу технологиясына негізделген. Ал ЭКСПО-2017 көрмесінің павильондары мен кеңселерінде «Ақылды ғимарат» технологиясы енгізілген. Яғни бөлмелердегі адам санына қарай ауа баптау, желдету, жылыту жүйелері автоматты түрде реттеліп отырады.
Жақында астаналықтар мен қала қонақтары «Smart Astana» мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасының көмегімен Астана қаласының ашық, сапалы, маңызды және өзекті сервистеріне қол жеткізе алатын болды. «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаевтың айтуы бойынша, мобильді қосымшаның арқасында мемлекет және қала қызметтері, денсаулық сақтау, білім, ТКШ, қоғамдық көлік, туризм, коммерциялық қызметтер, ойын-сауық қызметтер, қаладағы жаңалықтар мен оқиғалар, белсенді тұрғын сияқты 12 санат бойынша барлығы 30-дан астам сервис, сонымен бірге көптеген пайдалы виджеттерге қол жетімді болып отыр. «Smart Astana» жобасы ауқымында жүзеге асырылған «Ақылды мектеп», «Ақылды емхана», «Ақылды көше» және басқа smart жобалардың бас қаламыздың интеллектуалдық-инновациялық әлеуетін арттыруға қосқан үлесі өлшеусіз.
«Ақылды қала» – бұл, ең алдымен, әрбір қала тұрғыны өзін барынша еркін сезінетін, қолайлы да қауіпсіз қала. Осы ретте Астана әлемнің ТОП-21 ақылды қалалар тізіміне кіргендігін де ерекше атап өткен жөн. Иә, бүгінгі таңда Астана әлемге өзін мойындатқан интеллектуалды және өркениетті мегаполистер шоғырынан берік орын алды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»