Аймақтар • 27 Маусым, 2017

Тоқсан ауылда той болады

340 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Биыл Батыс Қазақстан облы­сының 12 ауданындағы 55 елді мекенге таза ауыз су, 35 ауылға көгілдір отын құбырлары тартылып жатыр. Өңірде 8 мектеп құрылысы жүруде. Күрделі жөнделіп жатқан әлеуметтік нысандар да көп. Орта есеппен әр ауданға 3,5-4,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Облыс әкімі Алтай Көлгінов жақында бар­лық ауданды аралап, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдар­ламалары бойынша атқарылып жатқан жұмыс­тар­дың барысымен танысып шыққан еді.

Тоқсан ауылда той болады

Таза су – тән саулығының кепілі. Елімізде ерекше маңыз бері­ліп отырған осы мәселе Батыс Қазақ­стан облысы үшін өте өзекті. Өйт­кені, өңірдегі 443 елді мекеннің 164-і немесе 37 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. 275 елді мекен орталықтандырылған су жүйе­сі­не қосылмаған. Төрт ауыл ауыз су­ды сырттан тасымалдайды. Рес­пуб­­лика бойынша халықтың таза су­мен қамтылу орташа көрсет­кіші  52% екендігін ескерсек, батыс­қазақ­стан­дықтардың жағдайы алаңдатарлық күйде. Міне, сондық­тан да өңірдегі 55 ауылға биыл су тартылып жатыр.

– Он екі ауданды түгел аралап, жағдаймен танысып шықтық. Барлық жерде елді мекендерді жол, су, газбен қамту мақсатында жұ­мыс жүріп жатыр. «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы бойынша Ақжайық, Сырым аудандары газ және сумен толық қамтылды. Әлі де шешімін табар жұмыс көп. Биыл облыстағы 55 елді мекенге су тартылады. Нәтижесінде өңірдегі елді сумен қамту 43 пайызды құрайтын болады. Жол жөндеу үшін де бюджеттен 37 млрд теңге бөлінген. Жөнделуі тиіс 480 шақырым жолдың 200-інің республикалық маңызы бар. Әр ауданның өз ерекшелігі бар, оны да ескеріп отырамыз. Демек, мақ­сатымыз айқын, түйінделген мәсе­лелерді шешу жолында келе­шекте де еңбектене береміз, – деді Ал­тай Көлгінов аудандарға сапа­рын қоры­тындылаған соң журналистерге.

Биыл облыста «Өңірлерді дамыту-2020» жəне «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында 5 млрд 637 млн теңгеге 33 жоба жүзеге асырылады.

– Облыс орталығымен іргелес жатқан Теректі ауданына қарасты Новопавлов ауылында ауыз су құбыры жаңғыртылып жатыр. «Ақ­бұлақ» бағдарламасы аясында жүр­гізілген құрылыс аяқталған соң ауыл­дағы 190 үй таза су ішетін болады. Ал Аңқаты ауылдық округінде тартылып жатқан су құбыры толық­тай аяқталған соң 1200-дей адам, 250-дей аула ауыз сумен қамтылады. «Өткен жылдары ауылда мектеп, мәдениет үйі жөндеуден өтіп, көгіл­дір отын тартылды. Облыс орта­лы­ғына қатынайтын жолымыз жөн­делді. Көп кешікпей таза ауыз суға қол жеткіземіз. Ауылымызда барлық жағдай жасалуда, – дейді ауыл ақсақалы Кеңес Сақбаев.

Биыл жазда Сырым ауданының Тоғанас, Аңқаты, Қарағанды, Жаңаөңір, Құспанкөл, Сасықкөл ауылдарына газ құбыры келеді екен. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 240 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Ұзындығы 103 шақы­рымдық құбыр құрылысын қазан айына дейін аяқтау жоспарда тұр, бұйырса, аталған елді мекендердегі 1800-ден астам тұрғын от жағып, күл шығару бейнетінен біржола құтылады. Осылайша, Сырым ауданы аумағындағы елді мекендер 100 пайыз газбен қамтылады.

Аудан орталығы – Жымпиты ауылында көше жолдары жөнделіп жатыр. Аралтөбе, Қоңыр, Тамды ауылдарына ауыз су құбыры тартылу­да. 876 тұрғыны бар Аралтөбе ауы­лын таза ауыз сумен қамтуға жергі­лікті бюджет есебінен 275 миллион теңге қаражат қарастырылған. Құрылыс биыл аяқталмақ. Жалпы, биыл таза су жеткізілетін үш ауылда 2 мыңдай халық тұрады.

– Сырым – әлеуеті мол, келе­­шегі зор ауданның бірі. Биыл бұл ауданда «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша 24 тұрғын үй салынады. Бұл игі істер де ауданның әлеуметтік-экономикалық жағ­дайына оң әсер етпек, – дейді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Батыс Қазақстан облысының қиыр батысында жатқан Жәні­бек ауылына «Ақбұлақ» бағдар­лама­сы бойынша таза су, Тау ауыл­дық окугінің И.Жұмаев, Талов ауы­лының Майтүбек елді мекен­деріне табиғи газ тартылып жатыр.

– Бізде құрылыс қарқынды. Сырт көз сыншы ғой. Көршілес Ресей­ден келетін қонақтар ауда­нымыздың дамып, көркейіп келе жат­қанын жиі айтады, – дейді Жәні­бек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев.

Айтса айтқандай, облыс орталы­ғынан шалғай, 500-600 шақырым жерде жатқан Жәнібек ауданына биыл 3 млрд теңге қаржы қаралып, Жәні­бек, Қамысты ауылдық округ­тері­не таза ауыз су тарту, екі елді мекен­ге көгілдір отын кіргізу, 104 пә­­тер­лік 48 үйдің құрылысы, рес­пуб­­­ли­­к­алық мәртебеге ие жолды күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ал Қазталов ауданында биыл 4,5 млрд теңгенің жұмысы атқарылмақ. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауданның Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа ауылдарына жалпы ұзындығы 100 шақырымнан астам су құбыры тартылып, 1383 тұрғын таза судың игілігін көреді. Ал, Жалпақтал мен Қараөзен ауыл­дық округіне республикалық және жергілікті бюджеттен «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 361,126 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Аудан орталығы Қазталов ауылына республикалық бюджеттен 244 млн 606,2 мың және Бостандық ауылына 336 млн 470 мың теңге бөлінген.

– Ауданда әлі де жасалатын жос­пар­лы жұмыс көп. Облыс орта­лы­ғынан тартылып жатқан күре жол да аудан орталығына таяп қалды. Орталықтағы 100 орын­­дық жатақхана құрылысы биыл аяқ­­талады. «Нұрлы жол» бағдар­ла­­масы бойынша Қазталовта – 22, Жалпақталда 12 тұрғын үй салын­бақ. Қазталов ауданы бойынша биыл 12 елді мекенге таза су бері­летін болады, – деді Алтай Көл­гінов ауданға сапар кезінде жұрт­шылықпен жүздескенде.

Бөкей ордасы ауданында жеті ауылдық округ, 22 елді мекен бар. Елді мекеннің 10-ы орталық­тан­дырылған таза ауыз сумен қам­тыл­ған, ал екі елді мекенге су тасы­мал­данады. Аудан орталығы Сайқында су құбырын жаңғырту жұмысы жүруде. Жоба құны – 369 млрд 425 млн теңге. Жаңғырту аяқтал­ған соң 3514 адам таза су игілігін көреді.

Бөкей ордасы ауданы бойынша тоғыз елді мекенге газ тартылса, 1975 аулаға көгілдір отын кірген. Ал­да­ғы екі жылда жоспар бойынша 11 елді мекенге газ жүргізіледі. Ал «Ақ­бұлақ» бағдарламасы бойынша Көк­терек, Жамбыл, Бөрлі елді мекен­дері­не таза ауыз су тартылатын болады.

– Ауданда қазірдің өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 16 тұрғын үй пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 10 үй салынды, – дейді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Таза судың тауқыметін тартып отырған өңірдің бірі – Жаңақала. Биыл аудандағы төрт елді мекенге «Ақбұлақ» бағдар­ламасы бойынша таза ауыз су кірсе, төрт ауылдық округке көгілдір отын тартылады. Құлшық жер асты су қорынан 10 елді мекенге таза ауыз су тартылатын болады.

Ал көгілдір отын мәселесіне келер болсақ, аудандағы 27 елді мекеннің 12-сі газдандырылған. Аудан бойынша барлығы 23287 адам болса, соның 20121-і табиғи газбен қамтамасыз етілген.

Таратылған Тайпақ пен Ча­паев қосылған Ақжайық ауда­ны – өңірдегі ең ірі аудан. Аудан­­ның бірнеше ауылын аралап шыққан облыс әкімі «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданның 11 елді мекеніне газ құбы­ры тар­тылады. Екі жылдық жоба бойынша осы ауылдарды газбен қам­титын болсақ, Ақжайық 100 па­йыз газбен қамтылады. Жеті елді мекен­­ге ауыз су құбы­ры тар­тылады. «Нұр­лы жер» бағ­дар­ламасы бойынша 18 үй салы­нады. Әлеуметтік нысандар­дан үш мәдениет үйі жөнделу­де. Есенсай ауылының мектебі күр­делі жөнделеді. Шабдаржап елді меке­нін­де жаңа мектеп салынады. Аудан ор­т­а­лығында алты, Тайпақ ауы­лын­да екі көшеге асфальт төсе­­леді, жаяу жүргіншілер жолы са­лы­­нады. Чапаевтан Жаңақала бағы­­тын­­дағы республикалық жол­дың 36 ша­қы­рымы жөнделеді. Биыл Ақ­жа­йық ауданын дамытуға 4,5 млрд тең­геден астам қаражат бөлін­ді», – деді журналистерге берген сұхбатында.

Ресей Федерациясымен шека­ра­да жатқан Тасқала ауданында қыруар жұмыс жүріп жатыр. Мерей ауыл­дық округінің әкімі Қазихан Тәшімовтің сөзінше, ауыз су құбырын қайта жөндеу жұмысына 153 млн теңге бөлінген. Жөнделетін су құбырының жалпы ұзындығы 24 шақырым. Сондай-ақ, «Орал – Тасқала – Ресей шекарасы» бағытындағы автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы 2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алын­ған. Жаңғыр­тылатын жолдың ұзын­дығы – 104 шақырым.

Зеленов ауданында биыл 15 көше күрделі жөндеуден өтпек. Бес ел­ді мекенге таза ауыз су бері­ле­­ді және бірқатар әлеуметтік ны­сан са­лы­н­ады. Оның бірі – 160 орын­дық спорт кешені. Сондай-ақ, Да­риян ауылында жаңа мектеп бой көтермек.

Шыңғырлау ауданында сегіз ауылдық округ, 25 елді мекен бар. Тасмола және Лубен ауылында су құбырын жаңартып-жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Шыңғырлау ауылының өзінде бір пәтерлі 30 тұрғын үй құрылысы басталған. «БатысКотло Монтаж» ЖШС-нің мердігерлігімен салынып жатқан бұл жобаның құны – 285 436,0 мың теңге. Аудан орталығында ауыл­ішілік жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2017-2018 жылдарға есептелген жол жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 254, 094 млн теңге бөлінген.

Өндірісті өңір – Бөрлі ауданында 14 ауылдық округ, 31 ауылдық елді мекен, аудандық маңызы бар бір қала бар. Аудандағы өнеркәсіп өн­ді­рісінің көлемі 408,2 млрд теңге, ауыл шаруашылығынан түскен жалпы өнімінің көлемі 846,2 млн теңгені құрады. Ақсай қаласындағы 153 пәтерлі екі тұрғын үйдің құры­лыс жұмысы аяқталуға жақын. Ақсай қаласының №10 шағын аудандағы 320 орындық бала­бақша маусым айында пайда­лануға беріл­мек. Осындағы «ҚПО б.в.» компа­ния­сының қаржы­лан­дыруы­мен жүріп жатқан дене шы­нық­тыру-сауықтыру кешенінің құры­лысы да шілде айында аяқталуы тиіс. Эко­логиясы нашар Березов пен Бес­тау ауылдары тұрғындарына Арал­­талда жер теліміне салынып жат­қан 100 үйдің құрылысы да біту­ге жақын. Аралталда 300 оқу­шы­ға ар­нал­ған мектеп те «ҚПО б.в.» қар­жы­лан­дыруымен салынып жа­тыр. Жоба құны – 850 млн  теңге. Ал Кең­түбек ауылдық округінде 50 бал­аға арнап балабақша салынуда. Ол биыл­ғы қыркүйекте пайдалануға берілмек.

Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Қаратөбе ауданында биыл 22 үй салынып, 87 адамға жер телімі берілетінін аудан әкімі Асхат Шахаров айтып отыр. Ауданда «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жалпы ұзындығы 54 шақырымды құрайтын жоба негізінде Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана ауылдарына құбыр арқылы таза су жеткізілуі тиіс.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша сегіз ауданда 240 пәтер салынады. Облыс орталы­ғында көп қабатты 11 тұрғын үй тұр­ғы­зылмақ. Облыс орталы­ғын­дағы және Ақсай қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің құры­лысына 11 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл үйлер баспанаға аса мұқ­таж адамдарға беріледі. Сон­дай-ақ, аудандарда тұрғын үй құры­лысын жүргізу үшін кезек­те тұр­ған адамдарға 3252 жер телі­мі беріледі. Осының бәрі Ел­ба­сы­мыздың «Нұрлы жер» бағ­дар­ла­масына сәйкес, ел Үкіме­тінің қол­дауымен жүзеге асуда, – деді өңір басшысы облыстың барлық ауда­нын аралап шыққан іссапар жұ­мысын қорытындылаған сөзінде.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген
Айбатыр НҰРАШ