Ник Гоуинг,
халықаралық тележүргізуші, Ұлыбритания:
– Мұндай медиа-форумдардың халықаралық журналистиканың дамуында, бір ел мен ақпарат құралдарының өзара байланыс орнатуында маңызы зор. Форумда әлемдік деңгейдегі халықаралық қақтығыстар мен келіспеушіліктерді шешу кезіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы сөз болды.
Жалпы, мемлекетаралық келіспеушіліктер кезінде дәстүрлі журналистиканың маңызы айтарлықтай. Тарихқа қарайтын болсақ, ғасырлар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелер халықаралық журналистердің араағайындығымен ретке келгенін көреміз.
Ал Астанадағы медиа-форумның осымен 14-рет өткізіліп отыруы Қазақстанның әлемдік бейбітшілік пен келісімге қосқан үлесін бекіте түседі. Осы орайда, қазақ журналистикасы халықаралық және өңірлік деңгейдегі қақтығыстардың шешілуіне жұмыс істеп жатқанын көзіміз көріп отыр. Мәселен, Астанада өткізілген Сирия келіссөздерінде қазақ журналистикасы ортақ ұстаным танытылуына өзіндік үлестерін қосты.
Тодд Бэйр,
Блумберг агенттігінің халықаралық директоры, Ұлыбритания:
– Астанадағы дәстүрлі медиа-форумда журналистиканың бүгіні мен ертеңі туралы пікір алмастық. Технологияның дамуымен дәстүрлі журналистиканың түр-тұлғасы мен мазмұны өзгеріп жатқаны ақиқат. Кей сарапшылардың пікірінше, алдағы бірнеше жылда дәстүрлі журналистика біржола жойылып, орнына әуесқой тілшілер жұмыс істей бастамақ. Дегенмен, менің пікірімше, журналистика саласы технологияның дамуымен одан сайын дами түспесе, жоғалмайтыны анық.
Мүмкін, журналистердің ақпарат беру әдістері мен ақпараттың мазмұны, оның жылдамдығы кісі танымастай өзгерер. Оның алғашқы белгілерін біз қазірдің өзінде байқап отырмыз. Әлеуметтік желілерді қолдану кеңістігінің кеңеюі, кез келген адамның ақпарат тарату мүмкіндігінің пайда болуы қазіргі ақпараттық-технологиялық заманда мәліметтерге күмәнмен қарауды үйретеді. Жоғарыда айтылған, журналистер жұмысы технологияның дамуымен түрленеді дегеніміздің себебі, алдағы уақытта журналистердің міндеті ақпарат табу мен оны тарату емес, оның ақиқаттығын тексеру болуы мүмкін.
Гилад ШЕР,
Израиль премьер-министрі әкімшілігінің бұрынғы басшысы, келіссөздер бойынша бас маман:
– Қазақстанның астанасы аз ғана уақыттың ішінде әлемдік деңгейде бітімгерлік құжаттар қабылданатын алаңға айналды. Астанада өткен Сирия келіссөздері Таяу Шығыстағы келіспеушіліктердің түпкі себептерін анықтап, тараптар пікірлерінің тыңдалуына, тиісінше ортақ шешім қабылдауға бір қадам жақындауға мүмкіндік берді.
Ал ұйымдастырылып отырған Еуразиялық медиа-форум құрлықтағы ғана емес, сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі мәселелердің ортаға тасталып, әр елден келген мамандардың пікір алмасуына жағдай жасап отыр. Әрине, ақпарат құралдарының ашықтығы, сала мамандарының сараптамалық пікірлерінің БАҚ-тарда объективті жариялануы азаматтық қоғамның жоғары деңгейі мен демократияның беріктігін көрсетсе керек.
Осы орайда, Астананың әлемдік БАҚ үшін халықаралық деңгейдегі мәселелерді еркін зерттеу мен талқылау алаңын ұсынып отыруы Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі экономикалық және саяси ғана емес, сонымен қатар, сөз бостандығы бойынша көшбасшы мемлекет екенін айғақтай түседі.
Билл РИЧАРДСОН,
АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі, бұрынғы энергетика министрі:
– Бұл жолғы медиа-форум соңғы жылдары айтылмай, айтылса да бұрмаланып жеткізіліп отырған халықаралық деңгейдегі бірқатар мәселенің еркін талқылануына, әртүрлі тараптан қаралуына мүмкіндік берді.
Соның бірі – Сирия мәселесі мен АҚШ-Ресей қатынасы. Қазақстанның XXI ғасырдағы ең маңызды бітімгер мемлекеттердің бірі екені анық. Медиа- форумның берген мүмкіндігін пайдалана отырып біз – сарапшылардың көптеген маңызды мәселелер туралы ойларымызды ортаға салуымызға жағдай жасады. Жалпы, Сирия мәселесінің де, Ресей-Батыс қатынасының да тараптар үшін тиімді шешілуінде Астананың берері мол.
АҚШ пен Ресейдің бірлесе жұмыс істеп, әріптестіктерін қалпына келтіретін уақыт жетті. Аймақтағы шиеленісті жағдайларды шешу үшін барлық мемлекеттердің өзара келісімге келуі керек. Ал ондай келісімнің орнауы үшін Қазақстан секілді бітімгер мемлекеттің осы бағыттағы жұмыстары өте маңызды.
Кайхан БАРЗЕГАР,
Таяу Шығыс стратегиялық зерттеулер институтының директоры, Иран:
– Астанада өткен Сирия келіссөздерінде Иран, Түркия, Ресей үштігі айтарлықтай келісімге қол жеткізді деуге болады. Иранның атынан айтар болсам, біз аймақтағы ахуалды ретке келтіру үшін кез келген тараппен үнқатысуға дайынбыз. Әу баста Иранның Сирия мәселесіндегі ұстанымы осы болған.
Ал Астанадағы келіссөздердің алғашқы раундында Иран билігінің АҚШ тарабының қатысуына қарсылық білдіруін елдің АҚШ саясатына деген жауабы деп түсіну керек. Өйткені, АҚШ ешқашан да Сирия мәселесінде ешбір мемлекеттің мүддесімен санасу керек деп есептемейді. Олар Сириядағы саяси баланстың сақталуына, яғни қазіргі билік пен оппозицияның күш-қуатының тепе-теңдігінің сақталуына мүдделі. Бұл дегеніңіз, ондағы азамат соғысының аяқталуына АҚШ-тың асықпайтынын көрсетеді.
Ал Иран өз кезегінде қандай билік болсын, Сирияда тыныштықтың орнағанын қалайды.