– 90-жылдары тек Қарабалықта ғана емес, көптеген аудандарда газет шықпай қалды. Сол кезде біздің Қарабалық аудандық газетін жекеменшікке беріп, кездейсоқ адамның қолына ұстата салды. Газет құлдырап кетті. Прокуратура арқылы газеттің сүлдерін алып, тақыр жерден істі қайта бастадық. Себебі, қанша тұрмыс ауыр болғанымен, адамдар ақпарат аштығына шыдамайтын секілді, –дейді газет редакторы Мария Сапарова.
Мария Әбутәліпқызы «Дела и люди» деп аталған аудандық газеттің алдымен атын «Айна» деп өзгертті. Аты өзгерген басылымның енді затын да өзгерту қажет еді. 90-жылдары ауыл шаруашылығы әбден тұралаған кезде аудандарда газетті қаржыландыратындай мықты бюджет болған жоқ. Газетті сақтау үшін оны жекешелендіру керек болатын. 2001 жылы Мария Әбутәліпқызы «Айна» Қарабалық аудандық газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Қаржы болмаса газет шықпайды, сондықтан жарнама жағын көбейтуге, қаржы көздерін іздеуге тура келді. Қаржы үнемдеу үшін редакция ұжымы газетті оқырмандарға пошта арқылы емес, өздері жеткізіп беруді ұйымдастырды. Ол үшін әр ауылдан ауданға қатынайтын жеке адамдармен, жергілікті атқару органдарымен, шаруашылық басшыларымен келісімдер жасады. Жұрттың нарыққа әлі мойынсұна қоймаған кезі. Шаруасы шайқалған ауылда кәсіпкерлік енді қылаң бере бастаған болатын. Газетке жарнама негізінен кәсіпкерлерден түсетінін нарық ұстанымын түсінген адам бағамдар еді. Редакция ұжымы ауданда енді пайда бола бастаған кәсіпкерлік өкілдерін шақырып, оларға өз ісін, тауарын жарнама жасауды оқытты, тренингтер, ойын формасындағы сабақтар өткізді. Газет оқырманның алдында жүрді, ол керегін «Айнадан» табатындай, ақылдасуға «Айнаға» жүгінетіндей етуді мақсат етті.
2000 жылдан бастап, еліміз экономикасы көтерілуге бет алды. Мұны қарабалықтықтар да сезіне бастады. Сол жылдары А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің сол кездегі Журналистика факультетін басқарған Гүлнар Асанбаева Вашингтондағы Халықаралық журналистер орталығының (ICF) Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған кәсіби оқыту бағдарламасына қатысуға облыстан журналистер тартты.
– Гүлнар Досқалиқызына бүгінге дейін алғысым шексіз. Біз осы бағдарлама аясындағы конкурсқа қатыстық. 60 қатысушының арасынан жеңімпаз болған 8 журналистің бірі болдым. 2004 жылы орталық 8 журналисті Америкаға алып барып, әр штаттарға бөліп, сондағы газеттерде тәжірибеден өткізді. Мен Вермонт штатындағы «The Chronicle» деген шағын газетте болдым. Шағын деген газеттің 8 мың тиражы бар, 48 бет болып шығады. Мен Қарабалық аудандық «Айна» газетіндегі өзіміздің жұмысты америкалық газет тәжірибесімен салыстырдым. Олар да газетті өмірдің шынайы айнасы деп біледі екен. Күнделікті жаңалықтарға көп мән береді, газеттің өтуін, таралымын қадағалайды. Бізде ол жылдары интернет енді-енді көріне бастаған еді, ал «The Chronicle» газетінің сайты бар екен, интернет-ресурстары болды. Біздің «Айна» газеті ол кезде ауыр дағдарыстан кейін аяғынан енді тұрып келе жатқан еді. Соның өзінде олар біздің кейбір тәжірибелерімізге қызығушылық білдірді. Мысалы, газетті поштасыз, редакцияның өзі таратады дегенде таңырқауын жасырған жоқ. Ал мен олардан бәсекеге қабілетті болу керек деген түсінікке тұшынып қайттым және олар қаржы табуды жолға қойған. Газет жарнамаға нөмір сайын газеттің тең жартысын береді. Сонымен қатар, америкалық журналистер шағын, өңірлік газеттердің мақалалары ылғи да қызық болады деп есептейді. Олар маған оны «өңірлерде адамдар бірін-бірі таниды, олар үшін таныстары туралы газеттен оқыған мақаланың барлығы да қызық, өтімді» деп түсіндірді. Қарап отырсам, расын да солай емес пе?–дейді Мария Сапарова.
Оқырман мен газеттің мүддесі бір
Мария Әбутәліпқызы газетті дамытқанда алдына екі мақсат қойды. Оқырманмен етене араласу және қаржының қиындықсыз келуін ойластыруды көздеді. Оқырман назарын аудару үшін, әрине жақсы мақала керек, оған дау жоқ. Оқырманды ойлантқан, көкейтесті мәселелерді көтеретін қаламы ұшқыр журналистерді жинады. «Айна» уақыттың, заманның, күнделікті тіршіліктің айнасы болғандықтан, газет үшін де, оқырман үшін де ұсақ-түйек мәселе жоқ, барлығы да маңызды. Ақпарат жеделдігін, жаңалықтардың барынша алуан тақырыпта, қызықты болуын алға қойды. Редактор Мария Сапарова редакция жанынан мүгедек балаларға құқықтық, моральдық және материалдық қолдау көрсететін «Мейірім мен үміт сәулесі» атты қоғамдық қор құрды. Жыл сайын мүгедек, ауру балаларды шетелге немесе Астанаға апару үшін аудан тұрғындарынан ақша жиналады, ал газет осы қорға ақпараттық қолдау көрсетеді. Аудандық газет бетінде ауру бала немесе басына қайғылы іс түскен, оқыс жағдайға ұшыраған жандар туралы оқыған тұрғындар тапқан-таянғанын алып, редакцияға келеді. Мысалы, қазір он төрт жасқа келген Ярослава Олейникке осы жылдар ішінде бірнеше операция жасалды. Лейпра ауруымен туған қыздың бет әлпетін қалыпқа келтіру үшін тағы да операция жасалуы тиіс.
– Ярославаны екі айлығынан бастап, біздің оқырмандар жақсы біледі. «Көп түкірсе – көл» демей ме халқымыз? Оны қанша рет операцияға апарса, сонша рет көмек берілді. Ақшалай көмекті ата-анасы қызының емі біткенше Астанада уақытша пәтер жалдауына, тамағына, жол ақысына жұмсайды. Мұндай мысалдар бізде өте көп. Мысалы, балалары мүгедек отбасының үйіне пешіне дейін алып, көгілдір отын кіргізіп бердік, оның барлығы да қаржыға келіп тірелетіні түсінікті, – дейді Мария Әбутәліпқызы.
Осы қорға қаржы түсіру мақсатымен ауданда жыл сайын «Романс кеші» өтеді. Газет акциясының арқасында өтетін концертке аудандағы небір таланттар, кәсіби әншілер қатысады. Осы концерттен түскен қаржының барлығы қорға тапсырылады. Қарабалық ауданы орталығындағы №1 орта мектептің директоры Көркем Айтбаеваның бастамасымен соңғы 3-4 жылда үлкен концерт қайырымдылық акциясы ретінде өтеді. Оған мектеп оқушылары және олардың ата-аналары мен ұстаздары қатысады. Концерттен түскен қаржының шеті сынбастан «Мейі-
рім мен үміт сәулесі» қорына құйылады. Акция оқырманды газетке жақындата түседі.
Жақсы менеджері бар газет редакторы арқасын тауға сүйегендей екен. Мария Әбутәліпқызы тек жарнамамен айналысатын жеке бір маман ұстап отыр. Ол Қарабалықта жарнаманың «иісі шығатын» орынның барлығын біледі, адамдармен сөйлесе алады. Қаржы табуға әбден төселген. Облыстағы басқа бір газетте де мұндай тәжірибе жоқ. Аптасына бір рет 16 бет болып шығатын газеттің жартысы жарнама мен аудан әкімдігінің түрлі актілік құжаттарына беріледі. Қалғандары журналист, дизайнер, жазылым жөніндегі бөлім меңгерушісі алаңдамай тікелей өз жұмысына көңіл бөледі. Мұның сыртында газетті оқырмандарға жеткізетін 38 пошташы бар.
Газет тілшісі Татьяна Макарова еліміздегі гендерлік саясатты Қарабалық ауданы мысалында талдап жазған болатын. Бұл көпшілік арасында пікірталас та туғызды. Міне, аудандық газеттегі жақсы мақаланың авторы облыс делегациясының құрамында Швецияға барып келді. Ал қазақ тілінде мақала жазатын журналист Динара Өтешева орыс, қазақ тілдерін жақсы меңгерген.
– Газет редакциясында қызу жұмыс қайнап жатады. Көрші Челябі облысының аудандық газеттерімен араласамыз. Ресейде жыл сайын Қара теңіздің жағасындағы Догамыс қаласында 3 мың журналистің басын қосатын аудандық және қалалық газеттер фестивалі өтеді. Соған да қатыстық. Онда көп мәселелер айтылады. Біздің газетті поштасыз тарататын тәжірибеміз ресейліктерге де қатты ұнады,–дейді Мария Әбутәліпқызы.–Осыдан екі жыл бұрын Челябі облысындағы аудандық газеттер редакторларын мен де Қарабалыққа шақырдым, экскурсия жасаттық. Олар да біздегі тамаша істерді көріп таңданысты, біздің газет тәжірибесіндегі озық үлгілерді алатынын айтты.
Қазір бәсекенің заманы. Бәсекеде бәйгеден қалуға болмайды, әйтпесе нарық иірімінде тұншығып қаласың. Сол үшін «Айна» газеті қазір интернет ресурстарын тиімді пайдаланады, сайтын түрлендіреді. Газет аптасына бір рет шыққан соң, жаңалықтардың барлығын сайтқа салып отырады. «Айнаның» сайтын облыста, республикада пайдаланатындар аз емес. Шекарада жатқан аудандық газеттің тиражы бүгінде 4300 дананы құрайды. Бұл ауданның әрбір бесінші адамы басылымды жаздырып алады деген сөз. Бұл – өңірдегі аудандық, қалалық басылымдар арасындағы жақсы көрсеткіш. Баспасөзге жазылу науқаны өзгелерге қарағанда Қарабалықта жақсы жүреді. Өйткені, редакция мен оқырман арасында тығыз байланыс бар. «Айна» десе – айна болып отырған газетке оқырмандар ынта-ықыласымен жазылады.Бұл ізденісі көп редактордың түпкі мақсаты болатын.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы