Аймақтар • 27 Маусым, 2017

Атыраудың ауасын топинамбур тазарта ала ма?

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мұнайлы аймақтағы экологиялық ахуалды жақсартуды жергілікті тұрғындар да қолға ала бастады.

Атыраудың ауасын топинамбур тазарта ала ма?

Атырау қаласының тұрғыны Арман Хайруллин Сарайшық селосындағы бір гектар жерге топинамбур өсімдігінің бес сұрыбын отырғызған. Мақсаты – облыс орталығы мен Қарабатан зауыты арасында жасыл белдеу жасау. 

Бірнеше жыл бұрын зауыт маңындағы Соколок өзегінің бойынан жасыл белдеу жасау жөнінде мәселе көтерілген еді. Алайда, жайқалып кеткен желекті көз көрген жоқ. Өндіріс ошақтарының қоршауында тұрған облыс орталығының экологиясын сауықтыруға аз да болса үлес қоссам деген азаматтың бастамасын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қолдады. 

«Егер биыл Соколов каналы маңынан үш мың гектарға топинамбур ексек, екінші жылы одан отыз мың гектар жерге жететін тұқым аламыз. Оны облыстың барлық фермерлеріне мал азығы ретінде өте төмен бағамен сатуға болады», дейді Арман Хайруллин.

Топинамбурдың бір «кереметі» – күнделікті тұтынар тамақтан бөлек малға азық болады, дәрі-дәрмек жасау үшін де осы өсімдік пайдаланылады. Ал Атырауға ең қолайлысы оның орман ағаштарынан екі есе көп оттегі бөлетіні. Топырақтың құнарлылығын арттыратын қасиеті тағы бар.

«Өндірісті Атырауға жер алмұртын егіп, оттегіні көбейтуге болады. Кез келген экологиялық шара бастапқыда қаржыны қажет етеді, алайда халықтың денсаулығы қай сомадан да жоғары», деген кәсіпкер бизнес-жобасының сәтті жүзеге асарына сенімді.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»