Аймақтар • 27 Маусым, 2017

ОҚО әкімі құрылысты қадағаламаған аудан әкімдерін сынға алды

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстандағы аудан, қала әкімдері әлеуметтік нысандардағы кемшіліктерді түзетіп, олардың мерзімінде тапсырылуын тікелей қадағалауы керек. Тапсырманың тиянақты орындалуын облыс әкімі аппаратынан баратын инспекторлар тобы жүзеге асыратын болады. 

ОҚО әкімі құрылысты қадағаламаған аудан әкімдерін сынға алды

Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы туралы өткен мәжілісте айтты. Аймақ басшысы мұндай шешімді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашевтің Қазығұрт, Сайрам, Шардара аудандары мен Шымкент қаласындағы мектеп құрылысында орын алған олқылықтар бойынша баяндаған мәліметіне сәйкес айтты.

Басқарма басшысының хабарлауынша, Қазығұртта екі 300 орындық мектептің құрылысы кешіксе, Сайрамдағы төрт білім ошағында бірқатар құрылыс нормалары сақталмаған. Шардарадағы бір мектеп пен Шымкенттегі екі білім ошағында да жағдай осы іспеттес.

Мәселенің мән-жайына қаныққан облыс әкімі құрылыста кемшіліктерге жол берген аудан, қала әкімдерінің жұмысын сынға алды. Негізгі себепті құрылыс нысанын салушы мердігер мекемеге сілтеген басшылардың өздеріне ескерту жасады.

Егер жұмыс осылай жалғаса беретін болса, жауапкершіліктеріңіздің жоқтығынан келесіде жаңа құрылыс нысаны аудандарыңызға берілмейтін болады. Бір ауданға бір мектеп салу - бұл сол аудан үшін, ондағы халық, балалар үшін үлкен қуаныш. Сіздердің немқұрайлылықтарыңыздан туындайтын болмашы кемшіліктердің орын алуы халыққа зиянын тигізбеуі тиіс», - деді облыс әкімі.

Сонымен бірге, өңір басшысы жиында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша нысандардың құрылыс жұмыстарының сапалы және мерзімінде атқарылуын қамтамасыз етуді, қалыс қалып отырған нысандар бойынша 2, 3 ауысымда құрылыс жұмыстарын ұйымдастыруды, сондай-ақ, жұмыстың сапасына бақылауды бәсеңдеткен жауапты қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарауды тапсырды.