Басты мақсат – ақпаратқа қолжетімділік
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылғанда Мемлекет басшысы жүктеген бірқатар міндеттің аса маңызды екендігін және соған орай, бүгінгі таңда көптеген шаралар жүзеге асырылғанын атап өткен министр бұлардың барлығы да ел мүддесі жолындағы кезек күттірмейтін мәселелер екендігіне тоқталды.
«Өткен жылдан бері елімізде мемлекетке қарасты барлық телеарналарда, газеттер мен интернет-ресурстарда толық жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру бойынша түбегейлі өзгерістер жасалды. Отандық медиа өнімдердің көлемі ұлғайып, сапасы артты. Әрине, бұл шаралардың барлығы ақпарат саласындағы оң өзгерістердің қарқын алуына айтарлықтай оң ықпалын тигізді. Дегенмен, бүгінгі заманның ағымы тағы бір маңызды мәселені қолға алуды талап етіп отыр. Ол – осы саладағы заңнаманы жетілдіру. Сондықтан да министрлік «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Біз жобаны талқылауға тұтас қоғамның қатысуына мүмкіндік жасадық. Арнайы жұмыс тобы құрылып, оған осы саладағы беделді ұйымдардың, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері, журналистер мен сарапшылар кірді. Атап айту керек, талқылаудың жоғары деңгейде өтуіне Парламент Мәжілісінің депутаттары да белсене атсалысты. Осындай ашық талқылаудың арқасында заңның нұсқасы жаңа ұсыныстармен толықтырылды. Тұтастай алғанда, аталған заң жобасы шеңберінде 12 заң мен 4 кодекске 200-ден астам түзету енгізу жоспарланып отыр. Ал осы заңға 200-ге жуық ұсыныс түссе, соның 70%-ы ескеріліп, құжатқа енгізілді», деді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, ең алдымен азаматтардың құқығын ескеру, әсіресе балаларды қорғау, мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылған. Сонымен қатар, телеарналарда белгіленген уақыт аралығында мемлекеттік тілдегі жарнамалардың үлес салмағының 50 пайыздан кем болмауы, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда көпшіліктің тек отандық телеарналарды көруін қамтамасыз ету мәселелері де қамтылып отыр.
«Сұр тәрелкелер» заңмен реттеледі
Заң жобасын отандық арналарды көрсетпейтін, «сұр тәрелке» деп аталып кеткен спутниктік құрылғылардың таралуын құқықтық тұрғыдан реттеу көзделуде. Министр «сұр тәрелкелерді» орнатқан азаматтар отандық телеарналарды қарамайды, яғни өз елінің ақпараттық кеңістігінен тыс қалып отырғанын айтады. «Сұр тәрелкелерге» еш жерде лицензиялар алынбаған әрі тіркелмеген. Яғни, олармен күрес қиындау, алайда сол жүйедегі карталармен күресуге болады. Жаңа заң жобасында лицензияланбаған осы карталарды таратқаны немесе жарнамалағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Интернет пен жаңа технологиялардың дамуына байланысты өзгерістер де ескерілген. Түптеп келгенде, осының барлығы – ақпараттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені.
Балалардың құқығы ерекше қорғалады
Министрдің атап өтуінше, қазақстандық БАҚ-та және телекоммуникацияның басқа да желілерінде құқыққа қарсы әрекеттен зардап шеккен балалар туралы ақпарат жариялауда шектеулер енгізіліп отыр. «Қазіргі кезде бұл мәселе реттелмеген, ал интернетте пайда болған мәліметтер алдағы уақытта баланың тағдырына кері әсер етуі мүмкін», деді Д. Абаев.
Заң жобасында айыппұлдардың сомасы көрсетілген. Құқыққа қарсы әрекеттен зардап шеккен баланың фотосуреттері мен жеке мәліметтерін таратқанда жеке тұлғаларға 5 АЕК көлемінде, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 25 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айппұл салынуы мүмкін. Егер де бір жылдың ішінде әкімшілік жаза белгіленгеннен кейін аталған жағдай қайталанса, жеке тұлғаларға – 50 АЕК, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК, сондай-ақ ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылады.
Интернетте тәулік бойы мониторинг жүргізіледі
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман министрден теріс мазмұндағы сайттарға тыйым салу шаралары туралы сұрады. Министр мемлекеттің заңнамасына қайшы келетін сайттарды анықтауға тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл орайда, мемлекеттің заңнамасына қайшы келетін мыңдаған сайттың жұмысы тоқтатылып, әлеуметтік желілердегі пабликтер жабылған. Д.Абаевтың айтуынша, тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша тиісті сілтемелерді жіберсе, қажетті тексерулер міндетті түрде жүргізілетін болады.
Блогерлер бақ-қа теңестірілмейді
«Біз блогерлерді журналистерге немесе желілік басылымдарға теңестіруді ұсынған болатынбыз, алайда жұртшылық қарсы пікір айтқан соң, осы норманы алып тастадық. Менің ойымша, ешқандай да проблема жоқ. Бұдан бөлек, Қазақстанда тіркелген желілік басылымдар аталған заңнама нормаларымен реттеледі. Әлеуметтік желілердегі пабликтер заңмен реттелмейді. Қазіргі кезеңде біз бір ғана бағытты көріп отырмыз, яғни Қазақстан аумағында жарияланатын құқыққа қайшы контентті алып тастау үшін аталған пабликтердің админдерімен, жетекшілерімен жұмыс істейміз», деді министр. Министрдің атап өткеніндей, кейбір блогерлердің аудиториясы бірқатар қазақстандық БАҚ-қа қарағанда көп. Бірақ оларға мемлекеттік тапсырыс берілмейді.
Айта кетейік, заң жобасы аясында 4 кодекс пен 12 заң жобасына 200-ден астам түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Заң таныстырылымына БАҚ басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, саяси партиялар мен қозғалыстардың, қауымдастықтардың, сондай-ақ ақпараттық технологиялар, байланыс, телерадиотарату және коммуникациялар салаларының мамандары қатысты.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»