Ақтөбе облысы күндерінің салтанатты ашылуы ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағында орналасқан амфитеатрда өтті. Жиналған қауымға «Ақтөбе – құтты мекен» атты гала-концерт болды. Мерекелік шараға «I am a Singer» халықаралық конкурсының финалисі Димаш Құдайберген, сондай-ақ, қазақ эстрадасының жұлдыздары, Ақтөбе облысының шығармашылық ұжымдары, жалпы саны 600-ден аса өнерпаз қатысты.
Мәдени күндердің жалғасы кеше Астана қаласының маңындағы «Қазанат» ипподромындағы «Этноауылда» жалғасты. Бұл жерде өңірдің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Ел жүрегі Астанаға – Арайлы Ақтөбеден» атты театрландырылған этно концерттік бағдарламасы өтті.
Бұл күні А.Жұбанов атындағы қазақ халықтық аспаптары оркестрі жиналған қауымды ән-күйге бөлесе, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртістері «Айман-Шолпан» музыкалық спектаклін қойды. Ал «Алақай» қуыршақ театрының орындауындағы «Жайна, жадыра, достар» атты бағдарлама қонақтарды қуанышқа бөледі.
– Бас қаламызға өңіріміздің балқаймақтарын ертіп келдік. «Ақтөбе – құтты мекен» атты гала-концертте өнерпаздарымыз өз өнерін паш етті. Ал әлемдік сахнада жарқырап шыққан жас жұлдызымыз Димаш Құдайберген шарамыздың көркіне көрік бере түсті. «Этноауылда» қойған Ақтөбенің тарихы көрермендер көңілінен жылы орын таба білді деп үміттенемін, – деді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Елтай Кемал.
Ұйымдастырушылар өңір тарихын жоғары деңгейде сахналай білгені анық. Себебі, Әбілқайыр хан, Едіге батыр, Мөңке би секілді нар тұлғалар тарих қойнауынан сыр шерткендей әсерде қалдырды. Әсіресе, Мөңке бидің «Түрлі-түрлі халық болады, ынтымағы берік болады. Алла халқымыздың тұтастығын, амандығын бергей!» дегенде сол бабаларымыздың арман-тілегі бүгінде бізді осындай бейбіт күнге жеткізіп отыр деген ой қалдырып жатты.
– «Айман-Шолпан» спектаклі бұрын репертуарымызда болған. 20 жыл бұрын алғаш рет сахналағанбыз. Көрермен жылы қабылдады. Бірақ, соңғы үш жылда белгілі себептерге байланысты тоқтап қалды. ЭКСПО аясында өтетін мәдени күндерге орай қойылымды қайта жаңғырттық, – деді «Айман-Шолпан» спектаклінің режиссері Дәметкен Құсайынова.
Бес күнге жалғасатын шарада «Ақтөбе облысының қазынасы» ұлттық географиялық дүниелер көрмесі, «Ақтөбе мануфактуралары» атты картиналар көрмесі жұртшылық назарына ұсынылады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»