ЭКСПО-2017 • 28 Маусым, 2017

Қатар елі қатарласа дамуға ықыласты

720 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Қатар мемлекетінің ұлттық күні өтті. Салтанатты шара барысында осы елдің Сыртқы істер министрі Солтан Бин Әл-Мурайхи Қазақстан павильонын аралап, жоғары баға берді.

Қатар елі қатарласа дамуға ықыласты

«Мен Қазақстанға, әсіресе, Астанаға келгеніме өте қуаныш­тымын. Қазақ елінің ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізіп жатқанына қуанамын және мақтан тұтамын. Жаңа ғана «Нұр әлем» павильонында болып, ғимараттың өте сапалы салынғанына көз жет­кіздім. Бұған дейін талай халық­аралық көрмелерге қатыссам да мұндай павильонды өмірімде көрген емеспін», деп ағынан жарылды министр.
Жиында Қатар үкіметінің өкілі жасыл технологияны дамытуда Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. «Қатар мұнай мен газға бай ел екен­дігіне қарамастан, баламалы энер­гетика мен жоғары технология мәселелеріне айрықша назар аударады. Біз жасыл технологияны дамытуда Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге дайынбыз және өзара тиімді серіктестік қатынас құрудан үмітіміз бар», деді ол. Сонымен қатар, Солтан Бин Әл-Мурайхи шөл даладағы шағын мемлекеттің қысқа уақыт ішінде экономикалық көрсеткіштері жоғары, алдыңғы қатарлы мемлекетке қалай айнал­ғанын да әңгімеледі. 
Екі елдің мемлекеттік тулары көтеріліп, әнұраны ойналған басқосудан соң, көпшілік Таяу Шығыстағы танымал      ансамбль­дердің бірі «Maqam Ensemble» ұжымы­ның өнерін тамашалады. Араб өнерінің рухы мен ерек­ше­ліктерін сақтай отырып, класси­ка­лық араб музыкасына заманауи интерпретацияда орындау­ға машықтанған әртістердің ән-жыры көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.   

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»,
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан