– Ерлан Биахметұлы, Елбасы мақаласы жарық көргеннен бері қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде көптеген ой-пікірлер айтылды. Жалпы, жаңғыру – ұзаққа созылатын үдеріс. Осы уақыт аралығында ой-сананы ілгерілетудің қандай іргетасы қаланды?
– Елбасы мақаласы – еліміздің болашаққа бағытталған ауқымды идеясы. Идеяның негізгі тіні неде? ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында Еуропа, Солтүстік Америкада ғылыми-техникалық прогресс революциясы болды. Адамзат бұрын білмеген тұрмыс жабдықтарын, жаңа байланыс жүйелерін пайдалана бастады. Адам дамуының индексі деген ұғым қолданысқа енді. Бұл қоғамның түлеуінде алғышартқа айналды. Әр мемлекет жеке адамды дамытуға бағыт алды. Ғылыми-техникалық прогресс пен әлеуметтік жаңғыртуға ілесе алған мемлекеттер жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Азия-Тынық мұхиты аймағындағы «Азия жолбарыстары» атанған мемлекеттер де осы қатарға қосылды. Ал 90-жылдары қос лагерьлік жүйеде пайда болған «миллиард» ұғымы құрдымға кетті.
Сонымен бірге, әлемде сағат сайын қоғамның формасы мен мазмұны өзгеруде. Жер шарындағы 6 миллиард халық күннен күнге өсіп келеді. Сондықтан, қоғамға игілік сыйлау (материалдық және материалдық емес) және оны басқа елдерге ұсына білу де өз игілігің болмақ. Мәселен, жуырда НАСА-ның «Кеплер» зонды Жерге сәйкес келетін планетаны тапты. Яғни, жақын арада «Ғаламшарда адамзат жалғыз ба?» деген сұраққа жауап табылуы ықтимал. Адамның уақыт, кеңістік, ғалам жөніндегі көзқарасы толығымен өзгереді. Біз соған сәйкес болуымыз керек. Сондай-ақ, 10-20 жылдың ішінде орын алуы ықтимал экономикалық-өндірістік революция алдында тұрмыз. Мысалы, 10 жыл бұрын жүргізушісіз көлік, ұшақ-такси дегендер қиял-ғажайып нәрселер сияқты көрінетін. Қазір бәрі қолданыста бар. Міне, осы тұрғыда Қазақстан не істеуі керек деген түйінді сұрақтарға Елбасы мақаласы жауап береді. Бұл − ел болашағының манифесі деп айтуға тұрарлық кешенді еңбек.
– Мақалада еліміздің дамуы революциялық емес, эволюциялық дамуға бағыттауға сүйенеді делінген емес пе?
– Қазақстан қоғамы ең алдымен прагматикалық қоғам болуы керек. Прагматика – басқамен тіл табыса білу, басқаның игілігін өз пайдасына жұмсау. Екіншіден, ұлттық код. Қазақстан халқы тамыры мен өткенін зерделеп, бойына сіңірмесе, қазіргі 7 миллиард, 2050 жылға дейін тағы 2 миллиард қосылса, барлығы 9 миллиардты құрайтын халықтың ішінде жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан, бұл − ел дамуының ең негізгі алғышарты.
Ұлттық код қандай құрамнан тұрады? Президент бес бағытты анықтап берді. Біріншіден, латын қарпін енгізу, екіншіден, киелі география, үшіншіден, туған жер, төртіншіден, жаһандағы Қазақстан мәдениеті, бесіншіден, әлемдегі үздік 100 гуманитарлық кітапты ана тілімізге қотару. Әрқайсысына тоқталар болсақ, сакральді, яғни қасиетті жерлеріміздің географиясын Қазақстанның географиялық нүктелері деп қарауға болмайды. Оның аясы өте үлкен. Мысалы, Алтайды айтқанда мың жыл бұрынғы халықтардың ұлы көшін, Аттиланың Еуропаға баруын айтамыз. Аттила Еуропаға өзі ғана барған жоқ, түркі әлемінің пассионарлығын, мәдениетін, жойқын күшін де алып барды. Құл иеленушілік құрылысты жойып, Еуропаны басқа деңгейге шығарудың негізін жасады.
Алтайдан шыққан корейлер, манжчурлар өздерінің түп төркіні осында екенін жиі айтады. Яғни, Алтай – дүние жүзінде үлкен тектоникалық өзгерістерді енгізген, халықтардың басын қосқан жер. Ал Ахмет Ясауидің негізгі еңбегі исламды түркі мәдениетіне бейімдеу болды. Ол − исламның ең жақсы қасиеттерін түркі мәдениетіне алып келген тұлға. Осы арқылы түркілер өзін өзі сезінуін сақтап қалды. Әр адамда туған өлкеге деген сағыныш бар. Америкада, Еуропада әлеуметтік проблемаларды, инфрақұрылымды қоғам өзінің мойнына алып, түрлі қауымдастықтармен бірігіп шешеді. Яғни, әлеуметтік проблемалар шешімін тауып отырғандықтан, мемлекет экономикалық инфрақұрылымды қарауға қабілетті болады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда әлеуметтік мәселелерді қоғамның бірігіп шешуі «Туған жер» бағдарламасының негізгі өзегі болуы тиіс.
Ал 100 кітапқа келетін болсақ, әлемде нақты ғылымдар мен кітап индустриясының 80 пайызы ағылшын тілінің үлесінде, 20 пайызы ғана басқа тілде шығады. Дүние жүзіндегі үздік жаңашылдықтар мен ғалам жөніндегі ілімді жастарымыз игеруі керек. Жастарымыз бүгінде халықтың 30 пайызына жуық. Бұл – еліміздің болашақтағы үлкен пассионарлық күші. Бұл күш Қазақстан құндылықтарын ғана емес, шеттен келген құндылықтарды да бойына сіңіретін болса, бәсекеге қабілеттілігіміз артады.
Жақын арада мәдениет үлкен стратегиялық ресурсқа айналады. Себебі, мұнайдың экономикалық бағасы ғана емес, жалпы құндылығы түсіп барады. Есесіне мәдени құндылық көтеріліп келеді. Мәдениеттің экономикалық күшке айналуы ғажап емес. Әлемде еңбек бөлінісінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Интеллектуалды еңбектің бөлінісіне түскен соң адамдардың қолы босайды. Адамзаттың 30 пайызы тек мәдениетпен, мәдениетті қалыптастырумен және насихаттаумен айналысатын болады. Міне, осыған байланысты ұлттық нақыштағы мәдениетімізді әлемдік деңгейге көтеруге талпынуымыз, соған жетуге үлгеруіміз тиіс.
Қазақстанда опера өнері де, кино индустриясы да дамып жатыр. Төл мәдениетіміздің бастауы – бағзыда. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» − эллиндер заманынан бергі алғашқы махаббат жөніндегі дастан. Ал «Тристан мен Изольда», «Ромео мен Джульетта» жырлары көш керуен кейін шыққан. Сондай-ақ, шетелдік дастандардағы адамдар өмірде болмаған лақап есімдер. Ал Қозы мен Баян есімді ғашықтар өмір сүрген, оқиғаның өткен жері де сақталған. Міне, біздің мәдениеттің осы іспетті басымдықтары көп.
Номад мәдениеті басымдығының бірі – үзеңгі. Былай қарасаңыз, аттың үстіндегі қарапайым құрал тәрізді. Ал ертеде үзеңгіні ойлап табу қазіргі ұшақты ойлап табу іспетті еді. Өйткені, ат үстіндегі жасақтың нық отыруымен басымдылығы пайда болды. Ғылыми-техникалық прогресс зерттеушісі Л.Уайльд «Еуропада үзеңгінің пайда болуы алғашқы феодалдық мемлекеттердің дамуына алып келді» деген тұжырым жасайды. Бұл − номадтар әсерінің негізгі көрінісі. Қазақтың барлық жауһарларын шығарып, экспорттаушы мәдениетке айнала алсақ, болашаққа үмітіміз зор болмақ.
Руханият пен экономика бір-бірін толықтырып отыратын салалар. Көшпенділіктің мұрагері ретінде Қазақ елінің әлем мәдениетіне қосқан үлесі үзеңгі, киіз үй, дөңгелек. Батыс әлемі айтқандай емес, салық жүйесі мен кедендік алымдар Шығыс елдерінде пайда болды. Араб халифаты мен Алтын Орда мемлекеттерінде экономикалық жүйе жұмыс істеді. Мысалы, сол кездегі керуен сарайы кәдуілгі бизнес-орталығы еді. Керуен сарайында керуеннің бүкіл қауіпсіздігі сақталады. Қазіргі экономикалық жүйенің бәрі бұрыннан бар. Бірақ, біздегі тамыры үзіліп қалды.
Израиль мемлекетінің аумағы шағын әрі климаты жайсыз болса да жылына 3-5 миллиард доллардың ауыл шаруашылығы өнімін шығарады, 6 миллиард доллардың технологиясын экспорттайды. 8 миллион халық тұрады. Ал жан-жағын қоршаған араб мемлекеттерінде 200 миллион халық бар. Десе де, Израиль дүние жүзіндегі дамыған 8 мемлекеттің қатарында. Міне, рухтың негізгі мәні осында. Мысалы, Данияда бүкіл электр энергиясының 30 пайызын жел электр стансалары береді. Германияда 10 пайызын күн батареялары береді. Бұл − баламалы энергияның күні туады деген сөз. Латын қарпі – гуманитарлық жоба. Біз кейде Қытай, Жапония сияқты елдер иероглифпен жазады дейміз. Олар өз иероглифтерін латын қарпіне бейімдеген. Дүние жүзінде халықтың 90 пайызы латын қарпін қолданады. Латын қарпіне көшкенде, осы 90 пайызбен гуманитарлық және мәдени тұрғыдан бәсекеге қабілетті боламыз. Мұның саясатқа еш қатысы жоқ, бұл − қазақ қоғамының ішкі гуманитарлық мәселесі.
– Елбасы адами капиталды дамыту туралы үнемі айтып келеді. Осы капиталды байыта түсетін тағы бір қасиет прагматик болу жөніндегі ой деуге болады. Көзқарасыңыз?
– XVII, XVIII, XIX ғасырлар түркі халықтарына оңай болған жоқ. Туысқан халықтардың көбі этностық топ ретінде күшін жойды. Ал қазақтар қалды. Оның негізгі себебі – басқалармен бітімге бару. Бітімге бейімделе білудің арқасында сұрапыл замандарда сақталып қалдық. Мұны прагматиканың үлкен нәтижесі деуге болады. Бүгінгі жаһандық саясатқа келетін болсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшеміз, БҰҰ-да ядролық қарусыздану бойынша көшбасшы атандық. Украина дағдарысы, Сирия процесі болсын, дүние жүзіндегі ірі геосаяси процестер күрмеуінің шешімін Астанада табуға қадам жасалуда. Бұл – еліміздің дүние жүзіндегі саяси процестер мен кикілжіңдерден жоғары тұрып, арбитр болуы. Төрелік атқарған мемлекеттер әрқашан өз мүддесін қорғауға қабілетті. Мемлекеттік тұрғыдағы прагматизм – осы. Ал жеке адамның прагматизміне келсек, ол − жәй ғана үнемшіл болу емес, ол − жаңашылдыққа ұмтылу. Қандай жаңа технология пайда болды, қандай ноу-хау бар, барлығын игеру, өзінің ноу-хауын, жаңашылдығын енгізу деген сөз. Прагматизмді осы тұрғыдан қарау керек.
Орхан Памуктің «Менің атым - Қызыл» атты кітабы бар. Шығармада бес суретшінің тарихына тоқталады. Бірақ көптеген оқырман туындыдағы негізгі жіптің ұшын жоғалтып алады. Бұл − Сұлтанның Рим Папасы сияқты өзінің портретін салғызғысы келетін тұс. Міне, сол кезде Сұлтанның айналасында шиеленіс пайда болады. Өйткені, бұл − жаңа мен ескінің күресі. Ескілер айтады: «Сұлтан – Алла тағаланың өкілі, оның суретін салуға болмайды». Ал жаңашылдар: «Бұл портретті салсақ, келешек ұрпаққа қалады», дейді. Егер жаңа жеңіп, портрет салынатын болса, Осман империясының тарихы қалай өрбитін еді?! Кішкене ғана түйткіл жаңа мен ескінің қалай күресетінін, тарихтың тегершігі де осыған орай айналатынын бейнелейді. Бұл − барлық елдерге тән.
Дүние жүзінде империя деген құбылыс бар. Бұл империялардың барлығы түркі мәдениетімен байланысты. Мысалы, араб халифатында түркі факторы 60-70 пайызға дейін болды. Халифаттың бүкіл қолбасшысы, кеңсесі түркілерден құралған еді. Алтын Орда 100 пайыз түркілерден тұрды. Дели сұлтанаты да түркілер құрған мемлекет. Барлығы үлкен империяларға айналғанымен аяғында ыдырап кетті. Неге? Өйткені, толысып, мығым жағдайға жеткен кезде жаңашылдықты, басқа мәдениеттің элементтерін алудан бас тартып, томаға-тұйықталып қалып отырды. Сондықтан болашаққа бағдар жасап, мемлекетіміз мығым болсын десек, жаңашылдыққа батыл болу, оны өзіміз жасау, жасай алмасақ, дамытып отыру қажет. Бірақ жаңашыл боламыз деп өткенімізді ұмытып кетпеуіміз де керек. Орхан Памуктің тағы бір айтқаны бар: «Вавилон патшалығының жойылуы олардың биік мұнара саламыз деп тәңірге жақындағанынан емес, аспанмен астасқан мұнараны саламыз деп биікке көтеріле беріп, өзінің тамырынан ажырап қалуында», деп.
– АҚШ президенті Т.Джеффорсон Еуропада оқып жүрген америкалық жастарға хат жазғанында осы тамырды ұмытпау жөнінде айтады. Шетелде оқыған жастардың кейбірінің еуропалық мәдениетке ден қойып кетіп жатқанынан да хабардармыз. Таразының екі басын қалай тең ұстауға болады?
– Қазақ социуымының ішінде үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Қазақ болу біртіндеп трендке айналып келеді. Өйткені, қазақ ұлты мәдениет пен ғылымда халықаралық тұрғыдан белгілі бір жетістіктерге жетті. Димаш Құдайбергеновтің өзін мысалға алсақ та жеткілікті. Осы әлеуметтік-рухани жаңашылдықты демеп жіберу қажет. Қазақстанның ішінде қазақ болуды дәріптеуіміз керек. Мәселен, «Никелодеон» арнасын қосып қалсаңыз «Наруто», «Аватар» сияқты мультфильмдерді көресіз. Бұлар − жапон халқының XV ғасырдағы аңыздары. Олар осы аңыздарын мультфильм арқылы дәріптеп, өздеріне ұлттық код жасап отыр. Біз де ұлттық дүниелерімізді дүние жүзінде дәріптеудің институтын қалыптастыруымыз керек. Сонда дүниенің қай тарабында болсаңыз да, өзіңіздің қазақ екеніңізді сезініп, көкірегіңіз көтеріліп жүреді. Қазақстанның жаһандық мәдениеті бағдарламасы осыған бағытталған.
Ұлттық код – қазақ ұлтының дамуының негізгі алғышарты. Ұлттық код қалыптастыра алмасақ, қазақтың антропологиясына ұқсас халықтарға сіңісіп кету оңай. Сасанид, сабур деген халық болған. Сабурлар басқа халықтармен сауда жасаймыз деп жүріп, соңында сасанидтармен бірігіп, соларға сіңіп кетті. Ассимиляцияға ұшырамау үшін ар жағыңызда қазақ екеніңізді сезініп тұру керек. Бұл − басқа мәдениетті, өркениетті алшақтату емес. Керісінше, қазақ екеніңді сезіне отырып, оны басқа мәдениетке лайықты дәрежеде көрсетсең, олар сыймен қарайтын болады. Рухы күшті екен, мәдениеті биік екен дейді. Әрине, өз мәдениетіңді игере отырып, басқаның да ішкі жан дүниесін білуің керек. Қазақ осындай майталман болмай, дүниежүзілік дамудың келесі сатысына өтуі қиын. Қытай, Жапония, Үндістан, Израиль елдерінің барлығы этностық негізде құрылған. Бұл елдердің әрқайсысы этностық сезінуін бірінші орынға қояды. Одан кейін барып дүниежүзілік мәдениетке назар аударады. Біздің де осындай деңгейге жетуіміз керек.
– Жоғарыда пассионарлық туралы айттыңыз. Елдің ел болуы үшін әр адамның пассионарлық үлесі болуы керек сияқты ма, қалай?
– Әрине, пассионарлық жеке адамдарда болуы мүмкін, бірақ бұл − ұжымдық күш. Еуразияның кіндігі Алтайдан төрт-бес бағыттағы пассионарлық ағымдар тарады. Халықтардың ұлы көші кезінде түркілер Еуропаға барды. Еуропаның ішіндегі орталық мемлекеттердің қағидасы, экономикалық-қаржылық және рухани жүйесі ғұндардың әсерімен құрылды. Екінші пассионарлық күш Шыңғыс ханмен тарады. Оның әскерінің 80 пайызы түркілер еді. Ибн Баттута Шыңғыс хан әскері қыпшақтарды жаулап алғанымен, олардың тілін қабылдап, сіңіп кеткенін жазады. Бұл − түркі халқының екінші пассионарлық жарылысы. Олар да Еуропаға келіп, әлеуметтік жаңғырудың бастауын түзді. Ресей сияқты орталықтандырылған мемлекеттің ең негізгі элементтерін жасады.
Дәл сол кезде Юань империясында Құбылайдың билігі болды. Онда сарай ішіндегі қаржы мен кадр мәселесін қыпшақтар шешіп отырды. Дели сұлтанатын да қыпшақтар құрып, орталықтандырылған мемлекеттің негіздерін жасады. ХХ ғасырдағы Алаш орда – қазақтың жаңа пассионарлық күші. Бұл қазақтың әбден қалжырап, ұлттық рухының жойылып бара жатқан кезеңінде ұлтты басқа деңгейге көтерді. ХХ ғасырда М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин мен 70-80-жылдардағы «Менің Қазақстаным!», «Атамекен» сынды өлең-жырлармен қазақ музыкасы, поэзиясы қазақтың биік рухы бар екенін танытты. Қазіргі таңда бізге тағы бір сондай үлкен пассионарлық бағыт керек. Міне, Елбасы мақаласы осы пассионарлық бағытқа негіз бола алады. Мемлекет тарапынан оған барлық ресурс қарастырылып отыр. Сондықтан, қоғам бұл мәселеде саналы қолдау танытуы тиіс.
Әңгімелескен Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»