Қазақстан • 29 Маусым, 2017

Алманың түп төркіні – Тарбағатай

741 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алманың отаны – қазақ жері. Мұны әлемнің мүйізі қара­ғайдай ғалымдары мойын­дап отыр. Оксфорд универ­ситетінің биологы Бэрри Джуни­пердің пайымдауынша, жер бетіндегі алғашқы алманың түп тамыры Тарбағатай тауларында пайда болған көрінеді.

Алманың түп төркіні –  Тарбағатай

Бұған Британ ғалымдарының жеміс ДНК-сын ұзақ жылдар бойы зерт­теулерінің нәтижесі де себепкер болып отыр. Алайда, ұлыбританиялық жазушы-журналист, «Сага» беделді әдебиет сый­лығының иегері, көптеген деректі туын­дылардың авторы Кристофер Роббинс сәл бұры­нырақ Қазақстан жайлы жазған «Қазақ­стан – алманың отаны» атты кіта­бында «алма мен қызғалдақтар отаны» деп елімізге үлкен баға берген болатын. Роббинстің Қытай мен Қазақстан ше­карасындағы Тарбағатайдың биік тауларында, кейінгі өркениет құрығы жете қоймаған аймақтарда жабайы алма өсіп тұрғаны жайлы, оның ғалам­шардағы алғашқы алманың атасы екендігі (Malus sieversii) туралы қалам тербегендігі әжеп­тәуір ре­зонанс туғызғаны жасырын емес. Ға­лымның жазуынша, ежелгі дәуір­лерде осы өңір «Жұмақ бағы» аталған көрінеді.

Қазақстанның Қытаймен шек­тесетін таулы аймағында екі мың метр биіктікте өсетін бұл жемістің тұқымы әлі де сақталған. Джунипер жа­риялаған тағы бір дерек: гиб­рид жеміс саналатын «Грэнни Смит», «Кокс орандж пиппинс», «Бромли» секілді алманың британиялық сұрыптары ежелгі заманда Қазақстан аумағынан жеткізілген көрінеді. 1793 жылы Иоганн Сиверс Тар­бағатай тауларынан үлкендігі адам таң­ғаларлықтай алма көргендігін жазғаннан бері «Сиверс алмасы» атанған бүгінгі алманың атасының қандай болғандығын біздің ата-бабаларымыз жақсы білген... 
Джунипер мен Оксфорд университеті биолог-ғалымдарының зерттеу қорытын­дылары осы кезеңге дейін алма басқа жемістердің араласып, табиғи будандасу арқылы ұзақ жылдар еншісінде пайда болған деген жаңсақ тұжырымды жоққа шығарды. Ғалым бұл өңірде өркениеттен қағаберіс қалған алманың өзі бүгінде небәрі жиырма пайыздай ғана дейді. Күмәнмен қарауға тура келеді. Бәлкім, бұдан да аз болуы кәдік. Дегенмен, жабайы қазақ алмасын зерттеу әріден басталғанын айта кеткен орынды. Қазақстандық ғалым, профессор Аймақ Жанғалиев осынау алты мың жылдық тарихы бар жабайы алманы елу жыл зерттегенін жоққа шығаруға болмайды. 1941 жылы қазақ алмасының арғы түп тамыры жайлы докторлық диссертация да қорғаған. 1989 жылы елімізге Корнелл университетінің профессоры Олдуинкл осы кісінің шақыртуымен келіп, екі апта жатып бұл жемістің қыры мен сырына тағы да үңіледі. Корнелл университетіне оралғасын ол әлденеше сенсациялық мақалалар жариялап, оған әлемнің АҚШ, Германия, Оңтүстік Африка Республикасы секілді мемлекеттері үлкен қызығушылық танытады. Қазақстанға жаңа экспедициялар ұйымдастырылып, жаңа бағдарламалар қабылданады. Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері, жабайы алманың түп тамыры мен будандастыру жолын зерттеуші ғалым-биолог Татьяна Салованың айтуы бойынша, Тарбағатайдың жабайы алмасы табиғат ана уақыт өткелегінен өткізіп берген бүгінгі дайын сұрып. Бұл үлкен істің басында атақты ғалым, академик Вавилов тұр. Кезінде баспасөз беттерінде ол кісінің жабайы алманың қасиеті мен пай­дасы жайлы ұшан-теңіз ғылыми еңбек­тері жарық көрді, барлық саналы өмірін осы салаға арнады. Алайда, осынау жабайы жеміс әлі күнге дейін заңды түрде тіркелмей, некесіз туған нәрестенің күйін кешіп отырған көрінеді.

Тарбағатай тауларында өсетін осынау дәмі тіл үйіретін пайдалы жемістің тұқымы әлемге қалай тарағандығы жай­лы мәліметтер қандай? Зерттеуші ғалымдар бұл процесті биік тауларда қоныс­танған кәдімгі аюлармен байланыстырады. Әлбетте, өсіп тұрған алманың ең тәттісі мен үлкенін жеп тойған таудың қо­ңыр маймақтары төрткүл дүниеге мұны табиғи жолмен таратқан көрінеді. Алдымен Парсы шығанағына жеткен жеміс тұқымы өсіп, өркендеп саялы бақтарға айналып, Рим легионерлері арқылы Еуропа, оның ішінде Ұлыбританияға да қоныстана бас­тайды. Сөйтіп, Адамата мен Хауаананың жұмақтан жер бетіне келуіне себепкер болды делінетін жеміс адамзат баласының ең бір сүйікті асына айналады.

Алайда, түп төркіні өзімізден шыққан осынау шырынды жемісті дұрыс пайдалана білмей жүргеніміз ақиқат. Кеңес Одағы кезінде таулы өңірлердегі барлық кеңшар, ұжымшарлардың аумағы атшаптырым жекелеген алма бақтары болды. Онда қаншама бағбан еңбек етті. Жеміс шырыны, әртүрлі қайнатылған тосаптар шығаратын зауыттар қарқынды жұмыс істегенін көз көргендер жоққа шығармайды. Үкімет тарапынан алма бақ­тарын күтіп, баптау үшін арнайы қа­ражат бөлініп, өнім кәдеге асып жатушы еді…

Бүгінде тәтті жемістің орнын көрші мемле­кеттен келетін алмалар басқан. Құрт екеш құрт та жемейтін ол алмалар қазір төрімізге еніп, дастарқанымыздан берік орын алғаны рас. Табиғи, таза жеміс жоқ­тың қасы болып тұр. Сиверс алмасын да, апортты да армандаудан басқа амал жоқ. Тек, Тарбағатай тауларының күнгей бөктеріндегі ауылдарда ғана дәмі тіл үйірер бұл жеміспен қауыша аласыз.

Берікхан Тайжігіт

Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы