Осыдан бес жыл бұрын Сыр бойының батыры Бұхарбай Естекбайұлының 200 жылдығына Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы тұратын ұрпақтары үлкен ас берді. Аспен бірге ата-баба дәстүрі атталмай, аламан бәйге басталады. Бәйгеге елдің түкпір-түкпірінен келген жақсылар жүйріктерін қосты. Сәйгүліктер ақ тер, көк тер болып мәре сызығына жақындағанда алдына тұлпар салмай келе жатқан Күрең жүйріктің шабандозы жалп етіп, аттан құлап түседі.
Жығылған баланы төрешілер ат артына мінгізіп, Күреңді қуып жетіп, атқа қайта мінгізеді. Шабандозды қайта мінгізем дегенше алдыңғы топ жарты айналым озып кетсе де, артынан қуып жетіп, төртінші болып мәре сызығын кесіп өтеді. Дәл осы сәтте тебіренбеген, делебесі қозбаған адам сирек болғаны сөзсіз. Аламанда жүйрік пен жығылған баланың ерлігіне риза болған сенатор Қожахмет Баймаханов өз қалтасынан 300 мың теңге алып, бәйге атаса керек.
Осы оқиғаға куә болған, тамаша сәтті түсіріп алған қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев былай дейді: «Ұлттық сара сайыстың құдіреті де осы! Сонда жылқы деген киелі малдың бір адым да жарыс ережесін бұзбай, барын салып алға ұмтылғаны, шабандозы атқа қайта қонғанда, одан бетер түлей шапқаны дүйім елдің делбесін қоздырып, бір айқай басталды. Осы жолы халық шулап, бәйгені Күреңге беру керек деп тұрып алды. Сол жолы бас бәйге Күреңге берілді ме жоқ па, білмедім. Төрешілер де бәйге тәртібін сақтауы керек».
Мұндайда бәйге төрешілері түрлі пайым айтады. Қатып қалған ереже жоқ. Егер егесі жығылған сәйгүлік бірінші келсе, екінші аттың бәйгесін беру керек десе, ат мәреге жетпей жығылғанда, шабандоз өзі жаяу жүгіріп мәреге бас киімін лақтырып өткізсе – бәйге соныкі дейді. Ал енді Бұхарбай батырдың асындағы атқа келсек, бірінші болып озып келе жатқан Күреңге төрешілер шабандоз баланы ерге отырғызамыз деп уақыт алдырып алды. Баланы атқа отырғызам дегенше он шақты тұлпар озып кетті. Күрең ат өзінен озған жүйріктерді қуып жетем дегенше мәреге жақындап қалды. Сонда да болса дүлей Күрең көбін қуып жетіп төртінші келді, дейді фототілші.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген
Болат ОМАРӘЛИЕВ