Басылым басшысы Дархан Қыдырәлі атап өткендей, бұл кітап қалам ұстаған қадірлі қауымның кәсіби мерекесіне ел газетінің жасаған тартуы болды. Биыл 85 жасқа толатын Шерағаның «Намыс найзағайына» 1990-2010 жылдары «Егеменде» жарық көрген, бірақ басқа жинақтарға кірмеген мақалалары мен ой-толғамдары еніп отыр.
Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» пьесасы бойынша Райымбек Сейтметовтің Алматыдағы Жастар театрына спектакль қойғанын, аталған қойылымға қатысқан сол кездегі республиканың бірінші хатшысы Колбиннің сәлден соң сахнадағы Сталиннің өз заманындағы Горбачев, Голощекиннің өзі екенін түсініп түнеріп сала бергенін, тіпті, шымылдықтың жабылуын күтпей, театрдан шыққанын еске алды. Орталық Комитетте сектор меңгерушісі болып қызмет еткен жылдарында Шерағаның «Социалистік Қазақстанға», одан соң «Қазақ телевизиясына» басшылыққа барғанын, бір де бір телехабар жасауға қатыспағанын алға тартып, телевизиядағы жұмыстан бас тартқан Ш.Мұртазаның қай жерде қалың жау болса, майданның сол тұсына жіберілетін Жуковтің рөлін атқарғанын, қазақ баспасөзінің ұлы редакторы екенін, қаламгердің жазғандарын қайта көшіріп жазған жан оның сөз құрылымының сұлу стилін түсінетінін ерекше атап өтті.
Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдік Ш.Мұртазаның тоталитарлық тар кезеңде де ұлтқа қызмет ете білгенін айтты.
– Шерхан дәуірі «Лениншіл жаста» қызмет еткен кезде-ақ басталған-ды. Сол кезде біздің қатарлас қаламдастарымыздың көбі «Шерханның шекпенінен шықтық» дегенді айта бастады. Өзі идеяға берілген, қызметтен түсіп қалса да қорғауға даяр мінезі үшін бәрі, әсіресе, жастар жағы жақсы көретін. Шәкең жастарға өте мұқият қарайтын. Сол кезде Әбіш Кекілбаевтан бастап, Мұхтар Шахановқа дейін «Лениншіл жас» газеті арқылы танымал болды. Ол қазақтың әдебиетіне екі қаламгерді алып келді. Оның бірі Оралхан болса, екіншісі Фариза еді. Екеуінің әдебиеттен қаншалықты орын алғанын өздеріңіз білесіздер, деді жазушы.
Сонымен бірге Ш.Мұртаза 1974 жылы «Жалын» журналының бас редакторы болғанында оның орынбасары бола жүріп, өте еңбекқор, адалдық, тазалық, адамгершілік сияқты қасиеттерге бай екенін байқағанын, принципшілдігі барша әріптестеріне үлгі болғанын жеткізді. Сондай-ақ Т.Әбдік Шерағаның азамат ретінде қалыптасуына айрықша ықпал еткен екі тұлғаны атады. Оның бірі, Бәукең, Бауыржан Момышұлы болса, екіншісі Өзбекәлі Жәнібеков еді, дейді жазушы.
Ал газет ардагері Жанат Елшібек өзінің 3-курста оқып жүрген кезінде Шерағаның шапағатымен «Лениншіл жас» газетіне қызметке алынғанын, осы жастар газетінде шыңдалғанын, 20 жылдан кейін «Социалистік Қазақстанда» бөлім меңгерушісі болып жүргенінде тағы да жолы түйіскенін айта келіп, газеттің жауапты хатшысы болып істеген жылдары өзі сызған макетпен басылған көзтаныс дүниелердің кітап болып жарық көргеніне қуанатынын айтты.
Сонымен бірге жиында белгілі қоғам қайраткері Әділ Ахметов, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факульетінің деканы Қайрат Сақ жазушының жаңа жинағының көпшілік оқырман және баспасөз мамандары, әсіресе, жоғары оқу орындарының студенттері үшін өте пайдалы кітап болатынын атай келе, осы ауқымды жұмысты қысқа уақытта ұйымдастыра білген басылым басшылығына ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетелік, бұған дейін «Егеменнің» кітапханасы» сериясымен көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы» атты жинағы және басқа да іргелі жобалар жарыққа шыққан болатын.