Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайында халық шебері Саид Сағындықовтың «Ер қаруы – бес қару» атты көрмесі өтуде.
Қазақта «ер қаруы – бес қару» деген сөз бар. Ол бес қаруға aтy қарулары – садақ, түйрегіш қарулар – найза, сүңгі, жыда, кесу қаруы – қылыш, семсер, сапы, шабу қаруы – айбалта, соғу қаруы – шоқпар, гүрзі жатады. Қару – атадан балаға мұра. Ер жетіп, алғаш рет ел қорғауға шыққан жас батыр әкесінің, не атасының қаруын сандықтан алып беліне таққаны тарихтан белгілі. «Қоңыраулы найза қолға алып, Қоңыр салқын төске алып, Қол төңкерер ме екенбіз?! Жалаулы найза жанға алып, Жау қашырар ма екенбіз?!» – деп жырлайды Ақтанберді жырау. Осылайша отансүйгіштікке, ерлікке шақырады.
Киелі елі мен жерінің біртұтастығын қорғап, бостандығын сақтап қалуда қазақ халқы астындағы атына, сом білегінің күшіне, жүрегінің түгіне, бойындағы бес қаруына, арқа сүйеген. Қазақ қару-жарағының айрықша қуатты болып, жауының құтын қашырғаны, батырларының мәртебе-мерейін асырғаны бізге тарихтан ән-жыр, дастан, аңыз болып, көне құжаттар мен жазба ескерткіштер арқылы жеткені бізге мәлім.
Автор даярлаған қазақ әскерінің жауынгерлік жарақтар жиынтығы дулыға, сауыт-саймандар, қалқан, сонымен қатар, дәстүрлі қару-жарақ элементтерінің үлгілері көркемдік жағынан мұражайға келушілердің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Саид шебер 1991 жылдан бері халық көркемөнері және қолданбалы қолөнер кәсібін өркендетумен айналысады. Шебердің туындылары бірнеше музейлер мен жеке коллекцияларда көрсетілген. Жұмыстары орындалу сонылығымен және типологиялық жағынан сиректігімен ерекшеленеді. Оның қолынан шыққан бұйымдардың қазақтың материалдық мәдениетіне қосар үлесі зор.
Сонымен қатар, Саид шебер көшпелі халықтардың материалдық мәдениетін зерттеумен айналысады. 2000 жылы оның «Киіз үй» («Юрта») атты алғашқы кітапшасы жарық көрді. Мұнда түркі тілдес халықтардың қозғалмалы тұрғын үйінің қалыптасу тарихы туралы жазылады. Онан кейін «Өрнек» (Узор), «Металл» және «Қару-жарақ энциклопедиясы» атты кітапшалары да жарық көргенін айта кетсек дейміз.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.