ЭКСПО-2017 • 30 Маусым, 2017

Жайнай бер, жасыл Астана!

361 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін халқымыз үлкен қуанышпен қарсы алды. Байқап қарасаңыз, еліміз үшін мұның маңызы жоғары. Тіпті, көрменің негізгі тақырыбы – болашақтың энергиясын, жасыл энергетиканы дамыту мәселесін, онда салынған ғажайып ғимараттардың кескін-келбетін былай қойғанның өзінде, жан-жақтан ағылып келіп жатқан қонақтар үшін әсем Астанамыздың өзі ерекше әсер сыйлайтындығы анық.

Жайнай бер, жасыл Астана!

Біздің түсінігімізде, Қазақстан мемлекеті басшылығының ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу­дегі мақсатының бірі – жасыл энерге­тиканың әлемдік жаңа технология­ларын көрмеге жинақтау ғана емес, сонымен қатар алып Еуразия құрлығының жүрек тұсында соңғы жиыр­ма жылдың ішінде ғана пайда болып, жылдан жылға жайнап дамыған әлемдегі ең жаңа астананың заманауи образдық бейнесін халықаралық қауымдастықтың алдында әйгілеу болып табылатындай. Өйткені, көптеген елдердегідей уақытша мәнде ғана емес, тұрақты пайдалану үшін ерекше көңіл, таза ниетпен салынған ЭКСПО-2017 көрмесінің тамаша көрінісі жалт-жұлт еткен Астанамыздың әсем бейнесімен астасқан біртұтас қалыпта осынау Ұлы Дала төсінде қиялы өзінің сол сайын даласындай кең, құшағы көк аспанындай ашық қазақ атты арманшыл да жаңалыққа құмар, қонақжай халықтың өмір сүріп жатқандығын, оның кешегі өз заманында дүниені дүбірлеткен сақ пен ғұн, түркі халықтарының ұрпағы екендігін әйгілейтіндей. 

Көрмені көру үшін шет елдерден, келген әрбір қонақтың мұнда айналасына қараған кезде әйтеуір бір жаңалыққа кез болатындығы анық. Өйткені, көрме ғимараттары ғана емес, күллі Астанамыздың өзі жаңа ғой. Ал сол қонақ көрмеге жақын жерде орналасқан этноауылға барар немесе Астанадағы мұражайларды аралар болса, біздің тарихымызды танып, кім екенімізді ұғатындығы түсінікті. Міне, осы барша жаңалықтар мен тереңге тамыр тартқан тарихымыз қосыла келіп, өзіндік бір ерекшелік белгісін туғызып, Астананың туристік қалаға айналуына үлкен ықпал ететін болады.

Мен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жаңа елордамызда өтуінің өзін қазақ халқын әлемге әйгілеудің даналық саясаты деп түсінемін. Өйткені, келген қонаққа мұнда бәрі де көрініп тұратын болады. Тек көрмеге жинақталатын жаңа технологиялар ғана емес, тек мұнан кейінде тұрақты пайдалануда болатын көрменің тамаша ғимараттары ғана емес, тек көрменің қарсы алдында тұрған ерекше стильде салынған «Назарбаев Университеттің» жаңа ғимараттары ғана емес, тек қонақтарды қарсы алатын жаңа әуежай мен темір жол вокзалының ерекше келбеті ғана емес, қонақтарға көрсететін дүниелер бізде өте көп болады. Біз тұтас Астананың өзін де мақтанышпен көрсете аламыз. Мұнда Қазақстан мемлекетінің соңғы жылдары жүргізген жүйелі жұмыстары қаладағы сан түрлі ғимараттар  бейнесінде көз мұнартатын болады. 

Міне, осы тұрғыдан алғанда, менің түсінігім бойынша, бізде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстары оны өткізу құқын жеңіп алған осыдан 4-5 бұрынғы уақыттан бері ғана емес, одан көп бұрын, елордамыз еңселеніп бой түзеген сәттен бері басталып кеткен. Ал Астанамызда қонақ үшін көруге лайық дүниелер өте көп. Оның бәрін айтып тауыса алмаспыз. Мен соның былайғы көзге елеусіздеу, бірақ Астанада тұрып жатқан әрбір тұрғын үшін ерекше маңызды бір мәселесі туралы ғана әңгіме қозғамақпын. Ол – елорданың жасыл белдеуін қалыптастыру мәселесі. 

Егер келген қонаққа, әсіресе, жасыл Еуропадан келген қонаққа «Астананың маңайы бұрын топырағы шыққан тақыр жер еді. Ал мына айналамыздағы 70 мың гектар орманды алқапты осыдан 10-15 жыл бұрын ғана қолдан отырғызыла бастаған әртүрлі ағаштар құрап отыр» десек, қонақтың әуелгі кезде бұл сөзге сенбей қалуы да әбден мүмкін. Өйткені, Еуропада «70 мың гектарлық алқапты алып жатқан жасанды орман» деген ұғым жоқ. Оның жерінің құнарлылығы мен ылғалдылығы сондай, шыбық шаншысаңыз болды өзінен өзі қаулап өсе береді. Оның үстіне, Еуропада 70 мың гектарға орман отырғызарлықтай бос жатқан жер де жоқ. Ал біз үшін бұл айнадай ақиқат мәселе. Өйткені, бұл орманды біз үлкен еңбекпен қалыптастырдық. Сол үшін жүргізілген жұмыстарды әрқайсымыздың көзіміз көрді. Бәрі де астаналықтардың көз алдында өтті. Міне, осыдан кейін қазақты арманшыл, жақсылыққа, жаңалыққа құмар халық демегенде не дейміз. Астананың жасыл белдеуін, оның айналасында жайқалған жасыл орманды көргенде келген қонақтың да осылай демеске лажы болмас.

– Бір кездері біздің жоспарымызға күмәнмен қараған еді. Бірақ біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды. Орманда арнайы жидек ағаштары отырғызылып, аң-құс пайда болды. Егілген ағаштар елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына қажетті жағдай туғызады. Мұнда веложолдары, кемпингтері бар демалыс аймақтарын орнықтыру жоспарлануда, – деген еді журналистерге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы орманды аралап көрген бір сәтінде.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы орман шаруашылығы еңбеккерлеріне, ғалымдарға қажырлы еңбектері үшін ризашылық білдіре келіп, «жасыл белдеу» алқабын ұлғайту жұмыстары жалғасатынын айтты.

– Барған сайын ұлғайып келе жатқан Астана орманын біз мақтаныш етуімізге болады. 2020 жылға қарай оның көлемін 100 мың гектарға жеткізу міндеті қойылды. Ал қарағай отырғызылғаннан кейін ол сапалық тұрғыдан мүлде өзгеше болады. Осының бәрі Қазақстанның болашағы үшін жасалып жатыр, – деген еді Елбасы.

Ал енді Астана маңайын орманға бөлеуге арналған осы «Жасыл белдеу» жобасының өзіне келетін болсақ, ол –  Елбасымыздың тікелей тапсырмасы бойынша 1997 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатқан ауқымды жұмыстардың бірі. Бұл жұмыстың басты мақсаты – қаланың өзінде және оған жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастыру және оны сақтау.

1997 жылдан отырғызылып келе жатқан ағаш көшеттерінің жалпы ауданы 2013 жылға дейін 70 мың гектарды құрап үлгірді. Олардың шамамен 15 мыңы қала аумағында, қалған 55 мыңы қала сыртында орналасқан. Соның ішінде «Астана – Бурабай» автожолының бойында 3,6 мың гектардан астам аумаққа ағаш егілген.

Орманның ішінде алғаш отырғызылған ағаштардың биіктігі қазір 15-20 метрге жетті. Бұл, біріншіден, халықтың демалатын жері болса, екіншіден, жазда ыстықтан сая, қыста желден қорғаныш болып, қала климатының өзгеріп, оның жұмсара түсуіне әсер етуде.

Жасыл белдеу ішінде сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек секілді ағаштар жапа-тармағай өскен. Олардың қолдан отырғызылғандығын кәсіби орманшы болмаса, былайғы көз ажырата алмайтындай. Жасанды орман алқабында жоғарыда аталған ағаштардан басқа неше түрлі жидектер де өсуде.

Астана қаласы маңындағы жасыл белдеудің жалпы аумағы 14 827 гектарды құрайды. Оның 11 502,2 гектарына екпе ағаштар отырғызылған. Бұл аумақта 9,6 миллион дана ағаш пен бұталар жайқалып тұр. 1998-2004 жылдар арасында негізінен жапырақ тұқымдас көшеттер отырғызылыпты. Олардың ішінде сары қарақат, ақ көріктал, шие, татар бөріжидегі, қаужапырақты шегіршін және басқалар бар. 

2014 жылы көктемде тамыр жүйесі жабық 398 434 дана сеппе көшет отырғызылды. Оның 57 мыңдайы қылқан жапырақты болса, қалғаны орман құраушы ағаш тұқымдары болып саналатын емен, шегіршін және басқалар. Мұндағы өсімдіктердің шамамен 9,6 миллионы ағаштардан, 1,9 миллионы бұталардан тұрады. 

Жасыл белдеуде қазір қояндар өсіп-өніп, шілдер тіршілік етуде. 2010-2011 жылдары 125 бас құс сатып алынып жіберілген екен. Қырғауылдар тез көбейетіндіктен, үш жыл ішінде инкубация арқылы 2 333 құс өсіп шыққан.

Мұның сыртында қолдан отырғызылған орман ішінде басқа да неше түрлі аң мен құс бар. Марал, елік, қоян, түлкі, тіпті кейбір жойыла жаздаған аң түрлерінің басы көбейіп келеді.

2016 жылы Астананың жасыл белдеуінің аумағында «Көшеттерді қалпына келтіру мен орман өсірудің екінші кезегінің жобасы» бойынша ауданы 291,1 гектар жерге тамыры жабық жүйемен 353 560 көшет егілді. Оның 135 238-ін қылқан жапырақты ағаштар, 218 322-ін орман ағаштары құрайды.
Бүгінгі таңда Астананың жасыл белдеуі аумағында «Көшеттерді қалпына келтіру мен орман өсірудің үшінші кезегінің» жобасы әзірленіп, қолға алынды.

Мұның сыртында, Астананы жасыл қалаға айналдыру жөніндегі жұмыстар қала ішінде де жаппай жүргізіліп жатқандығын айтуымыз керек. Соның нәтижесінде соңғы жылдардың өзінде бірнеше бақтар мен скверлер пайда болды. Астананы гүлмен көмкеру ісі де қызу қолға алынуда. Мәселен былтыр қала ішінде 7 миллион дана гүл отырғызылса, биылғы көрсеткіш бұдан артық болмаса, кем емес. Кейбір деректерге қарағанда, Астана гүлзарлары қаланың әрбір шаршы метріне шаққанда жасыл қала Алматыдан да асып түскен.

Сөйтіп, жасыл көрпе жамылып жайнаған елорда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін лайықты деңгейде қарсы алды. Осының бәрі – бізге берілген табиғат сыйы ғана емес, адам еңбегінің жемісі. Жайнай бер, жасыл Астана!  

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»