Қазақстан • 30 Маусым, 2017

Отандық дипломатияның өрісті жолы

152 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 25 жыл: қорытынды, жетістіктер, болашаққа көзқарас» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Отандық дипломатияның өрісті жолы

Конференцияға еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әб­дірахманов, Президенттің халық­аралық мәселелер жөнін­дегі көмекшісі Нұрлан Онжа­нов, Парламент Мәжілісі Халықа­ралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компания­сы» АҚ басқарма төрағасы Ах­мет­жан Есімов, сондай-ақ, еліміз­дегі шет мемлекеттердің қазіргі және бұрынғы елшілері қатысты.  
Алқалы жиынды Елбасы кітап­xанасы, Сыртқы істер ми­нистр­лігі, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы қоры, қор жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты бірлесе отырып ұйымдастырды. 
Конференцияны жүргізген Қайрат Әбдіраxманов алдымен көпшілік назарына Қазақстан Республикасы дипломатиялық қыз­метінің 25 жылдығына ар­налған бейнебаянды ұсынды. Бұл бейнебаянда еліміздің сыртқы сая­сатының басты кезеңдері, оның даму жолдары, әлемнің ал­пауыт елдерімен әріптестік қа­рым-қатынас орнатуы, Елба­сы­ның Семей полигонын жауып, яд­ролық қарудан бас тартуы, елі­міздің егемендік алғаннан кейінгі жеткен жетістіктері қысқаша көрсетілді. 
Жиында сөз алған Бенилюкс ел­деріндегі бұрынғы елші, бү­гінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­тық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов өткен күндерге шолу жасап, өзінің  Еуроодақта және НАТО-да тұрақты өкіл қыз­метін атқарғанын, Қазақ­стан-Еуроодақ бірлескен комис­сия­сының төрағасы болғанын айтты және  сол уақыт аралығында жи­наған тәжірибесін қазіргі қыз­метінде де пайдаланып жүргенін мәлімдеді. 
– Еліміз көпвекторлы сыртқы саясат ұстануының арқасында өз шекарамызды айқындадық, экономикамызды дамыттық. Сонымен қатар, xалықаралық процестерге қатысуы арқылы Қазақстан ашық және бейбітсүйгіш ел ретінде танылып келеді. Осы жұмыстарда  дип­ломаттарымыздың  рөл атқар­ғандары анық, – деді Аxметжан Есімов. 
Конференция барысында сөз алған Қазақстанның  Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапxанасы директорының  орынбасары Әмірxан Раxымжанов 25 жыл ішінде Мемлекет басшысының түрлі деңгейдегі мінберлерден көптеген идеялар ұсынғанын, оның барлығы дерлік қолдау тапқанын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сириядағы дағ­дарысты  реттеу жолдарын іздеуге арналған белсенді әрекеттері жайлы Нұрлан Онжановтың «Бітімгер: Сирия түйіні» атты кітабы таныстырылды. Кітапта Елбасының бітімгерлік қызметі әр қырынан әдемі ашып көрсетіледі. 
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасымызға бітімгерлік жөнінде өтініштер көптеп түскен. Мемлекет бас­шы­сының бітімгерлік қызметі әрқа­шан табысты жүзеге асып келеді. Мәселен, Таулы Қара­бақ қақтығысын реттеуге, 2005-2010 жылдары Қырғыз­станда жағдайды тұрақтандыруға қатысты іс-ша­ралар үлкен үлесін қосты. Сонымен қатар, Мемлекет бас­шысының Түркия мен Ресей арасындағы шиеленісті шешуде маңызды рөл атқаруы еліміздің беделін одан әрі арттыра түсті, – деді Нұрлан Онжанов.
Шараға жиналған қауым елі­міздің дипломатиялық қызметіне арналған «Тәуелсіз Қазақстан дипломатиялық қызметінің 25 жылдық тарихынан» атты фотосуреттер көрмесімен танысты.
Айта кетейік, Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алған күннен бастап, әлемнің 130 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»