Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев биыл өңірде 12 инвестициялық жобаның іске асатынын айтты. Талас, Сарысу, Қордай, Байзақ аудандарын қамтитын айтулы жобаларды еліміздегі инвестиция игілігін көрсететін бірден-бір бастамалар деуге болады. Мәселен, құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын мәрмәр толтырғышын өндіретін зауыт құрылысы ағымдағы жылдың наурыз айында ғана іске асырылды. Жобаны әзірлеуші «Қаратау ПРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылатын мекемеде 68 адамға жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, гранит тақталарын және брусчаткаларды өндіретін цехтың құрылысы жүргізілу үстінде. Жобаны әзірлеуші – «Казгранит компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ал жобаның құны 200,0 миллион теңгені құрайды. Жоба іске қосылған жағдайда 60 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Жалпы, Жамбыл өңірінде биыл жылдағыдан өзгеше жобалардың қолға алынып отырғанын айта кету керек. Бұл біріншіден, Елбасы Жолдауындағы айтылған мәселелер және тапсырмаларды орындау болса, екіншіден, халықты жұмыспен қамтудың жолын көрсету болып отыр. Осы орайда «Ер Тай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба әзірлеушілігімен қолға алынып отырған Ақсүйек кен байыту фабрикасын қайта жаңғырту жобасының құны бүгінде 1,2 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, болашақта мұнда 300 адам жұмыспен қамтылады деген жоспар бар. Негізінен әрбір жобаның өңірге, сондай-ақ елімізге берер орасан пайдасы бар екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Әулиеатаның әлеуетін танытатын бірқатар жобаларды атап көрсетуге болады.
Өңірдегі тағы бір айтулы жобалардың бірі ретінде жаңғырту және өңдеу, гранитті, мәрмәрді және гипсті қайта өңдеу, соңғы технологиялар бойынша жарылыссыз блоктарды өндіру жобасын айтар едік. Аталған жобаның ауқымы да үлкен. Жоба әзірлеуші «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылатын инвестицияның құны – 256,0 миллион теңге. Болашақта 50 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы жоба Жамбыл жеріне жақсылығымен келіп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, Елбасы Жолдауында айтылған маңызды мәселелерді шешуге ықпал ететіні сөзсіз.
Кезінде фосфор өндірумен танылған Жамбыл өңірі болашақта ас тұзын өндірумен де өзін-өзі дәлелдейтін болады. Бүгінде «Соляная компания «Асыл тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен қолға алынып отырған ас тұзын өндіретін зауыттың құрылысы да – инвестиция игілігін көрсететін айрықша жобалардың бірі. Жобаның жалпы құны 422,0 миллион теңге болса, жұмыс орындары 75 адамды қамтиды.
Жамбыл облысында қолға алынған 12 жобаның барлығы да жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыратын қадам болмақ. Жобалардың жалпы құны 15,4 миллиард теңгені құрап, 1365 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бұл да өз кезегінде өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне алып келетін игі бастама.
Ал Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының Жамбыл облысында жүзеге асырылуы қандай деңгейде? «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының екінші бесжылдығы 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста жалпы құны 512,1 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру барысында 5392 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда. Олардың ішінде жалпы құны 356 миллиард теңгені құрайтын 1 инвестициялық жоба республикалық карта бойынша іске асырылуда және іске қосылу кезеңінде 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Әрине, бұл жобалардың экономика саласына алдағы уақытта қосатын үлесі маңызды», дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Әрине, өңірде атқарылып жатқан инвестициялық жобалардың елге де, жерге де берері мол. Десек те, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында Жамбыл облысының өнеркәсіп кәсіпорындарымен 133,9 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрағанын атап өткен жөн. Бұл орайда өңірдің алға қойған мақсаты орындалып, жоспарының жүзеге асып келе жатқанын көруге болады. Сонымен қатар, өңірдің өңдеу өнеркәсібі саласында да соны серпінге қол жеткізгенін айта кету керек. Мәселен, тамақ өнімдерін өндіру, химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, мұнай өнімдерін өндіру бойынша да жоғары көрсеткіштерге қол жеткен. Ендігі кезекте өңірде индустриалды аймақтар құру жөнінде жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, Тараз қаласы, Шу, Сарысу, Талас аудандарында бұл жұмыс басталды. Алдағы уақыттарда индустриясы дамыған, инвестициясы шалқыған аймақ ретінде Жамбыл облысының да жұлдызы жарқырай түсері сөзсіз.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы