Қазақстан • 30 Маусым, 2017

Түзеу мекемесінде де дінаралық татулық бар

178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылдың 29 маусым күні Астана қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен ҚАЖ департаментіне қарасты ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінде діни бірлестіктермен бірлескен маңызды шара болып өтті, деп хабарлайды Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы.

Түзеу мекемесінде де дінаралық татулық бар

Шараға «Астана қаласының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» ММ басшысы, әділет полковнигі Н. Рысбаев, «Астана қаласының Дін Істері жөніндегі басқармасы» ММ басшысы Д. Есин және Астана қаласының діни бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Аталған шараның мақсаты: «Түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілер арасында дінаралық татулықты сақтау, деструктивтік діни ағымдардың таралыуының алдын алу, теріс ағымдардың зиянды тұстарын түсіндіру және оған қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру».

Шара барысында келген қонақтар түзеу мекемесінің барлық ғимаратын аралап көріп, ондағы жазасын өтеушілердің жағдайларымен, теологтың, психологтың т.с.с арнайы мақсаттағы кабинеттермен танысты.

Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Данияр Есин: «2011 жылы ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды және сол Заңның аясында діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтті, қазіргі таңда елімізде дінаралық татулықтың көркем үлгісі қалыптасқан, осындай татулығымызды әрқашан басқаларға үлгі етуіміз қажет» деп атап өтті.

«Нұр-Астана» орталық мешітінің найб имамы Әділхан Серікбай: «Дін – ол шынайы қарым-қатынас. Судың да сұрауы бар демекші біз әрбір ісімізге жауап береміз. Сондықтан да мейлі өзге дін өкілі болса да оған деген мәмілеміз дұрыс болуы қажет. Ислам дінінде дінаралық татулыққа аса мән береді. Дін мәселесінде толықтай хабардар болмайынша, қарапайым халқымыз әртүрлі деструктивті діни ұйымдардан зардап шегуді доғармасы анық. Деструктивті ағымдардың кері әсерінен еліміздің тұрғындарын қорғап қалудың өте тиімді әрі нәтижелі жолы – ақпараттандыру» деді.

Рим-католик шіркеуінің епискобы Томаш Петта Бернард «бұл шара өте пайдалы әрі ортақ үйіміз Қазақстанның бір бөлшегі болған Сіздердің уақытша үйлеріңіз, яғни осы мекемедегі жағдайларыңызбен толықтай таныстық, осындай жағдай туғызып отырған мекеме басшылығына алғысым шексіз, бұдан былай жиірек келіп кездесіп тұруға уәде беремін» деді.

Православ шіркеуінің өкілі, Астана қаласының Серафим-Саровский храмының архимандриты отец Иоасаф бұл мекемеге ай сайын келіп жазасын өтеушілермен кездесіп тұратындығын, және кездесу барысында дінаралық татулықтың маңызды фактор екендігін әрдайым айтатындығын жеткізді.

Аталған, іс-шара Астана қаласының әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің жұмысы аясында ұйымдастырылып, болашақта жүйелі түрде өткізіледі деп жоспарлануда.