Ж.Бюффон.
Электронды ғаламтор желісінде «www.edu–cip.kz» деген сайтты тәулігіне мыңнан астам адам пайдаланады. Бұл сайтта еліміздің білім саласындағы жетістіктері, мемлекеттік білім бағдарламалары, сондай-ақ халықаралық «Болашақ» стипендиясы туралы мағлұматтар жарияланатындықтан, оны пайдаланушылардың дені оқушылар мен студенттер болып келетіні түсінікті. Аталмыш сайттың басты бетін ашып қарасаңыз, ең бас жағында Елбасы Н.Назарбаевтың жастарға арнап айтқан: «Халқымыз дарынды ұлға, талантты қызға қай заманда да кенде болмаған. Олардың бәрі де халқымыздың тарихында өшпес із қалдырып, аспанымызда шоқжұлдыздай жарқырап тұр... Ендігі кезекте алған білімдеріңізді туған елдеріңнің кәдесіне жаратып, мемлекет артқан үмітті ақтаңыздар. Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянбай еңбек ететіндеріңізге мен сенімдімін» деген сөзін кездестіресіз. Иә, қай кезде болса да білімдінің алдынан күн, артынан ай туып жүретіні ақиқат. Болашақта «қара шаңырақтың» иесі атанатын жастарға артылған жүк те, сенім де айтарлықтай салмақты. Әлемге егемендігімізді мойындатып, солармен қоян-қолтық араласу, саяси-экономикалық, рухани-мәдени, білім-ғылым жағынан да ынтымақтастықты нығайту жолында көптеген құжаттарға қол қойып, келешегіміздің даңғыл жолын айқындаудамыз. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы тағайындалғаннан бері шетелдерге шығып білім алуға мүмкіндік беретін бағдарлама туралы білмейтін жастар кемде-кем. Олар да шет елдерде оқығылары келетіндіктен, жақсы оқуға ұмтылады. Бізді қуантатын да осы! Осы орайда, талапкерлерге түрлі сынақтардан өтіп, таңның атысынан күннің батысына дейін құжат тапсыру кезегінде тұру да оңай емес. Өйткені, мектеп бітірушілер бүкіл республика бойынша жиналады. «Болашақ» бағдарламасындағы бәсекелестік, оның қиындығы қаншалық екендігі осыдан-ақ байқалады. Ал нәтижесі ше?.. Осындай таңғы кезекте сан рет тұрған, көптеген сынақтардан сүрінбей өтіп, қазіргі уақытта АҚШ-тың Иллинойс штатының орталығы Чикаго қаласындағы Иллинойс технология институтында энергетик-инженер мамандығы бойынша білім алып жүрген Сәулет Мұхамадиев есімді «Болашақ» бағдарламасының 2009 жылғы стипендиатымен ғаламтор желісі арқылы әңгімелескен едік. – «Америка», «Нью-Йорк», «Ақ үй» деген сөздер оқушы кезіңде өзіңе қалай әсер еттуші еді? Қазір ше? Сол кездегі сезіммен салыстырғанда айырмашылық бар ма? – Бұл сөздер, әрине, оқушы кезімде маған айтарлықтай бөтен әсер берген жоқ. Америкаға келуді, Нью-Йоркте қыдыруды, Ақ үйдің қасында суретке түсуді кәдімгідей армандайтынмын. Кітап беттерінен оқығанда немесе теледидардан көргенде қызығушылық сезімі пайда болатыны рас-тын. Оның үстіне мектеп қабырғасында жүрген кездерімде менің ең сүйікті пәндерімнің бірі ағылшын тілі болған. Уақыт өте келе ағылшын тілінің маңыздылығы айқындала түскендіктен, бұл тілді тереңдетуге тырыстым. Тіл үйренудің өзіндік қиындығы мен қызығы бар емес пе. Сол себепті өз тарапымнан қызығушылық болғандықтан, ағылшын тілі мен үшін қиынға соқпады. Сөйтіп, кешегі қиял-арманым бүгінде шындыққа айналды. Егер де қиыншылыққа мойымай, оған төзе білсең, шын сөзім, арманың шындыққа айналады екен. – «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алу туралы ойға келуіңе не себеп болды? – Біріншіден, осы тілге деген қызығушылығым маған АҚШ деген мемлекетті толықтай болмаса да біраз ашып бергендей болды. «Болашақ», басқалар үшін білмеймін, жеке өз басым үшін өмірімде бір-ақ рет берілетін мүмкіндік секілді көрінді. Оның үстіне 2007 жылы еліміздегі «Work & travel» бағдарламасымен алғаш рет Америкада болғанмын. Сол кезде нағыз тілдік ортаға келгендіктен болар, ағылшын тілін жетілдірудің көптеген жолын үйрендім. Елге оралған соң, «Болашақ» бағдарламасымен бағымды сынап көруге бел байладым. 2 жылдық дайындығым өз жемісін берді деп ойлаймын. Оның үстіне дайындық барысында ата-анам, мектептегі мұғалімдер, осы бағдарламамен оқып жүрген достарым үлкен қолдау көрсетіп, көмектерін аяған жоқ. «Болашақ» бағдарламасын тәуелсіз еліміздің бізге берген үлкен сыйы деп қабылдаймын. Әлем елдерінде мұндай бағдарламалар өте сирек кездеседі. – Қандай себеппен дәл қазіргі оқып жүрген университетті таңдадың? – Альберт Энштейннің: «Адам естіп білгені арқылы ғана жетілмейді. Еңбек пен іс-әрекет үстінде қалыптасады» деп айтқаны менің өмірлік ұстанымыма айналған. Кезінде, мектеп бітіре салысымен мен елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ағылшын тілі мамандығына мемлекеттік грантпен оқуға түскенмін. Алайда уақыт бәріне сарапшы ғой, кейін энергетика саласына қызыға бастадым. Байқап қарасаңыз, отандық энергетика саласындағы мамандардың дені – шетелдіктер. Мемлекет тарапынан бұл салаға, үлкен қолдау болып жатқандықтан, неге осы мамандықты оқымасқа деген ойға келдім. Сөйтіп, ғаламтор желісі арқылы осы мамандық бойынша кадр дайындайтын әлемдегі ең мықты оқу орындарын іздестірдім. Энергетика мамандығын дайындайтын жоо-лардың ішінде АҚШ-тың алар орны ерекше. Осылайша энергетикасы жоғары дамыған АҚШ-ты таңдап, осы сала маманын жақсы дайындайтын аталмыш оқу орнына оқуға түстім. – Қай қырынан алып қарамайық, АҚШ – әлем мойындаған көшбасшы ел. Кез келген салада Америка қашанда басымдыққа ие. Білім беру саласы да «па, шіркін-ай» дерліктей. Осы білім беру саласында елімізбен салыстырғанда көзге анық көрінетін айырмашылық бар ма? – Бұған бірдеңе деп дөп басып айту қиын. Өйткені, айырмашылық шынымен де көп. Бірақ, ең бастысы, бұл жерде білім алушының деңгейі оның қалтасының тереңдігіне немесе әкесінің орынтағының биіктігіне байланысты емес. Басындағы біліміне тікелей тәуелді. Міне, осындай жерде кім-кімнің де өз мамандығын қаншалықты меңгергені айдан анық көрініп тұрады. Бұл тұрғысынан біздің үйренеріміз баршылық деп ойлаймын. Білім беруде біздің елімізде АҚШ-тың тәжірибесінен алынған кредиттік жүйе бар. Бұл жүйе өз кезегінде жоо-лардың студенттері мен оқытушылары үшін өте тиімді. – Оқу үрдісінде қандай қиындықтар кездесті? – Оқу кезіндегі қиындықтардың көбі тілден басталды. Мың жерден өзімді ағылшын тілін жақсы меңгердім деп ойлағаныммен, тілдік айырмашылықтарға тап болдым. Өйткені, кезінде мектеп қабырғасында бізге британдық ағылшын тілі оқытылды. Ал америкалық ағылшын тіліне аса назар аударылмады. Екі елдің тілдік айырмашылықтары аз дегенімен де, біз үшін кейбір жерлерін түсіну оңайға түспеді. Әсіресе, афроамерикалық оқытушыларды әрең дегенде түсінеміз. Сөйлеу мәнері мен идиомаларында айырмашылық болғандықтан, солардың сөйлеу тіліне бейімделіп келе жатырмыз. Ал мамандығымды меңгерудегі қиындықтар аса күрделі емес. – Америкада жан-жақтан келген адамдар өте көп екенін жақсы білеміз. Оқу орнында да дәл солай шығар. Басқалардың сендерге, Қазақстанға деген көзқарастары қандай? – Америкалықтар болсын, басқа мемлекеттен келгендер болсын, қай-қайсысы да біздің қонақжайлығымызға тәнті. Еліміздегі ұлттардың тату өмірі, бейбіт тұрмысы қатты қызықтырады. Оның үстіне Президентіміз Н.Назарбаевты кемеңгер саясаткер ретінде өте жақсы біледі. «Әлемдік дағдарысқа қарамастан, сендердің елдерің қазіргі уақытта өте мықты тұр. Мұның бәрі елдеріңді алға жетелеп жатқан басшыларыңның арқасы», деген сөзді оқытушы, профессорлардың аузынан жиі естиміз. Осындай кезде кезінде «Қазақстан» дегенде көз алдарына Ауғанстанды елестететін көзқарастарынан арылғанына іштей қатты қуанамын. Жатақханада тұрғандықтан, бәрімен де аралас-құралас жүреміз. Көбісі бізге қонаққа келуді ұнатады. Оларға қолымыздан келгенше ұлттық тағамдарымызды ұсынамыз. Ұлттық киіміміздің әдемілігіне, ою-өрнектің әсемдігіне де қатты қызығады. Мұндайда кәдімгідей марқайып қаламыз. – Болашақ бағдарламасы арқылы оқитын көптеген студенттер өздерінде жауапкершілік сезімі арта түскендігін айтып жатады. Ал өз басың қандай жауапкершілікті сезінудесің? – Бірде Чикаго қаласындағы Ислам орталығында пәкстандық студентпен сөйлесіп қалғаным бар. Қазақстандық студенттердің «Болашақ» бағдарламасымен тегін оқып жатқанын естігенде таңғалды. АҚШ-тың жоо-ларында оқу өте қымбатқа түседі. Алайда мәселе ақшада емес қой. Еліңнің саған артып отырған сенімі ең бірінші орында. Осыны ойлағанда жауапкершілігің еріксіз артады екен. Оның үстіне шетелде оқудың жөні басқа. Елбасының жастарға деген сенімі, қолдауы үлкен медеу. Елдің үмітін арқалаған жастар да тек Отанының ертеңі үшін еңбектенеді. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.Бұқар жырау ауданы 100 пайыз ауыз сумен қамтылады
Аймақтар • Бүгін, 18:22
Қызылорда қаласында 600 орындық «Жайлы мектеп» ашылды
Аймақтар • Бүгін, 18:13
Көкшетауда екі студенттен вейп өнімдері тәркіленді
Оқиға • Бүгін, 17:50
Алматы облысы көлік инфрақұрылымын нығайтып жатыр
Аймақтар • Бүгін, 17:40
Маңғыстау облысында жол апатынан екі адам қаза тапты
Оқиға • Бүгін, 17:25
Айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы жаңа қызметке тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 17:15