Академик Өмірзақ Айтбайұлы, жазушы Смағұл Елубай, ақын Шөмішбай Сариев, жазушы-публицист Әлібек Асқар, ақын Марфуға Айтқожина, қоғам қайраткері Асылы Осман, танымал ғалым Айгүл Ісімақова, жазушы Рафаэль Ниязбек, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының өкілі Амантай қажы және басқа да белгілі ақын-жазушылар, баспагерлер, қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар қатысқан айтулы жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин әңгіменің әлқиссасын: «Мұхтар Әуезовтың шәкірті болған ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілік етуімен сына таспен қашалып жазылған, қазақ үшін қасиетті саналатын көне жәдігер Орхон-Енисей жазуларын зерттеу ісіне алғаш болып түрен салып, қазақ халқының, әдебиетінің мыңдаған жылдық тарихын кеңестік билікке дәлелдеп берген Мырзатай Жолдасбеков ағамыз қандай мақтауға да лайық. Мырзекең Сүйінбай, Жамбыл, Кенен туындылары арқылы қазақ ауыз әдебиетінің сол кезеңдері туралы да үлкен зерттеу жүргізіп қана қоймай, әдебиетімізді, ұлтымыздың ұлы тарихын зерттеу ісін алға сүйрей білген ғалым», – деген жылы лебізімен бастады.
Шығармалары арқылы адамзаттың өмірге деген махаббатын, сүйініші мен күйінішін жырлап, жүрек қылын қозғауға ұмтылған руханият жанашыры Мырзағаңның өнерсүйер қауымға, музыкатанушы мамандар мен жалпы көпшілікке арналған «Дүние шіркін...» атты кітабына толғаныстан туған авторлық ән-күйлері енген. Ғалымның былайғы жұрт көп біле бермейтін композиторлық қырына, ән мен күй өнеріне қосқан өзіндік қолтаңбасына осы кітап арқылы көз жеткізсеңіз, «Кісілік кітабы...» атты тағы бір кітабы арқылы «Қазақ қайтсе қалады қазақ болып» деген мәңгілік сұраққа жауап іздеген автор ізденісін көресіз. Кітапқа Мырзатай Жолдасбековтың мемлекеттік мүдде, адамгершілік, кісілік турасында түрлі жиында сөйлеген сөздері мен «Егемен Қазақстан» газетінде әр жылдары жарияланған мақалалары енген. Жазушы Смағұл Елубай осы кітап жайында: «Бойына Тоныкөк бабамыздың тектілігі қонған, болмысынан тәуелсіздіктің Тоныкөгіндей болған Мырзағаңның тәуелсіздік жайлы толғаулы сөздері, жұрт көкейіндегі мәселелерді тап басып айтып, дер кезінде көтере білген көреген ойлары енген «Кісілік кітабы» – болашаққа аманат болып жететін, тәуелсіз Қазақстанның рухын, мақсаты мен мұратын, халық даналығын әдемі әдеби тілмен жеткізген кітап», – деп өз пікірін білдірді.
Қазақстан» газетінің биылғы бірқатар санында үзінділері жарияланып, халыққа таныстырылған «Күндерімнің куәсі...» атты күнделікке негізделген кітабында автор ел тарихы, ел тағдыры, тәуелсіздік тағылымы, заман, қоғам, өмір, адамгершілік, жер, дін, тіл туралы терең тебіренеді, оқушысымен сырласады. Тәуелсіздігіміздің шежіресі деуге тұрарлық бұл күнделік-кітапты оқығысы келген оқырман әдебиет ақтаңгерінің жан-дүниесімен, бітім-болмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алмақ. Осы орайда, тіл жанашыры, ғалым Өмірзақ Айтбайұлы «Елбасының сенімін ақтай білген, осы кітап арқылы кемелдігінің кескінін танытқан» Мырзағаң болмысына тоқталып, өз естеліктерімен бөлісті. «Сонау 89-шы жылдары ана тіліміздің хәлі мүшкіл шағында бәрімізді тіл майданына жетектеп әкеп қосқан Әбдуәли Қайдар ағамыз бас болып, Қоғам құрғанымызда да ең алдымен қол ұшын созған, сол жылдың 21 қыркүйегінде «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» болып бекіп, үлкен жеңіске жеткенімізде де сол жеңістің басы-қасында Өзбекәлі Жәнібеков пен Мырзекең жүріп еді. Егер осы кісілердің табандылығы болмағанда, бұл күнге жете алар ма едік...» – дей келе, М.Жолдасбековты «Ана тілі» халықаралық медалімен марапаттады.
Ал белгілі жазушы Болат Бодаубайдың құрастыруымен шыққан, екі кітаптан тұратын, сыр-сұхбатқа құрылған «Таңғаламын өмірдің ғажабына...» атты романда ұлт мұраты жолында ғұмыр бойы жан аямай қызмет етіп келе жатқан Мырза-ағаның күреске, ғибратқа толы өмір жолы көркем тілмен кестеленеді. Болат Бодаубай бұл кітаптың 2011 жылы «Егемен Қазақстанда» жарияланған Мырзатай Жолдасбеков туралы «Алдымызда ағалар бар аймаңдай» деген үлкен мақаласынан кейін сол тұстағы газет президенті Сауытбек Әбдірахмановтың ұсынысы бойынша дүниеге келгенін атап өтті. Мырзағаңмен сұхбат ретінде шыққан кітаптың бес жыл бойы қалай жазылғандығы туралы айта келіп, автор Жолдасбеков еңбектерін еш қысылмастан иеленіп, көшіріп жазып, тіпті сілтеме де жасамастан, өз аттарынан жариялап жүрген жас ғалымдардың диссертация қорғап, Мырзекеңнің мырзалығын белден баса пайдаланып жататынына қынжылыс білдірді. Осы тұста, танымал ғалым Айгүл Ісімақова да Мырзатай Жолдасбеков еңбектеріне «жиендік» жасап, ғылыми атақ алып жүргендерден гөрі, сол қыруар еңбекті көзінің майын тауыса зерттеп, дүниеге әкелген, түркі мәдениетінің ғұмырын екі ғасырға ұзартып берген Мырзекеңе әлі күнге дейін академик атағының берілмеуі үлкен сын екенін айтып өтіп, ел алғысы ретінде ғалымға академик атағын беру ұсынысын ортаға салды.
Жиын соңында сөз алған Мырзатай Жолдасбеков келушілерге алғысын білдіре отырып, мылтықсыз майдан өтінде жүріп, Тоныкөк жазбаларына қатысты ғылыми еңбектері үшін кеңестік биліктен көрген қыспақтарымен қатар, қазақ тілін мемлекеттік тіл ету жолында қылышынан қан тамған Колбинге тайсалмай кіріп, халық талабын жеткізгені, тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік құрудың оңайға түспегені, Елбасы көрегендігі арқылы Оралдағы, Шығыс Қазақстан облысындағы ұлтаралық қақтығыстардың қалай шешілгендігі және басқа да елеулі оқиғаларды еске алып, Тәуелсіздіктің елең-алаңында еліне айрықша еңбек сіңіргенмен, аттары елеусіздеу қалған мемлекет қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков пен Бейсенбай Кенжебаевқа мектеп, көше аттарын беру туралы тілегімен бөлісті.
Салтанатты шара аясында Мырза-ағаның төл шәкірттері «Ойтолғау», «Қосбасар», «Дүние шіркін...» сынды күйлері мен әндерін орындаса, «бала Жамбыл» атанған жас ақын Жамбыл Дүйсенов арнау өлеңін оқыды. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапхана қорынан Мырзатай Жолдасбековтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ