Жарыс алдында турнирдің 2015 жылы «Көрермен көзайымы» болған қызылордалық балуан Нұрым Сәлімгереевтен турнир туралы пікірін сұраған едік.
– 2015 жылы Нұрым Сәлімгереев «Қазақстан барысы» турнирінде жарқ етіп шығып, жоқ болып кетті...
– Белгілі бір себептерге байланысты спорттан бірнеше айға қол үзіп қалдым. Нақты қандай себеп екенін айтпай-ақ қояйын. Сонымен қатар, спортшылардың жарақат деген балуандардан бөлек тағы бір «қарсыласы» бар. Өкінішке қарай, 2016 жылы жарақатыма байланысты бірқатар жарыстарға қатыса алдым. Көрінбей кетуімнің негізгі себебі де осы еді.
– Бір жылдық үзілістен соң «Қазақстан барысына» қайта оралдың. Осы жылғы турнирге жақсы дайындықпен келген шығарсың?
– Әрине. Бабыма еніп, 100 пайыз дайын болған соң келдім. Барша Қызылорда жұрты маған сеніп, үміт артып отыр. Бұйырса, жанкүйерлерімнің үмітін ақтауға тырысамын.
– Күресіңді қарасақ, бозкілемде қарсыласыңнан именбей еркін күрескеніңмен, ұтылып қалып жатасың. Неліктен?
– Көп жағдайда тәжірибенің аздығынан қарсыластарымнан жеңіліп қаламын. Мүмкін, жеңіс бұйырмаған шығар деп өзімді іштей жұбатып қоямын. Спортта ең бастысы – тәжірибе ғой. Тәжірибемен және айла-тәсілмен барлығын жеңуге болады. Бұйырса, биыл бар күш-жігерімді, осыған дейін жиған-терген тәжірибемді салып күресуге тырысамын.
– Сеніңше биыл кім жеңімпаз болады?
– «Қазақстан барысына» барлық балуан жеңемін деп келеді ғой. Ешкімнің жеңілгісі келмейді. Дегенмен, бәрі бір Алланың қолында. Мен-мен дегеннен еш пайда жоқ. Кімнің мықты екенін бозкілемде анықтайтын боламыз.
Әңгімелескен
Абзал ОРЫНБАСАР