Көптің ықпалы күшейген заманда демографиялық дүмпу керек қазаққа. Күні кеше төрқалада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлем қазақтары алдында, атажұртына оралған қандастарымыз елдегі демографияға зор үлес қосып жатқанын тілге тиек ете отырып, оның сыртында еліміздегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына байланысты бастапқы жылдары жылына 200 мыңнан астам бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүние есігін ашып отырғанын жеткізіп, сөзінің соңында: «Мен 1 шілдеде біздің халқымыз 18 миллион болды деп жариялаймын», – деді. Онымен қоса еліміз тұрғындардың 70 пайызын қазақ ұлт өкілдері құрап отырғанын да сүйіншілеп өтті.
Бұл − елімізде жүргізіліп отырған демографиялық саясаттың оң нәтижесінің арқасы. Соңғы жылдары әлеуметтік-тұрмыстық ахуалдың мемлекет тарапынан қолдау табуы елдегі демографиялық өсуге негіз болып отыр. Атап айтқанда, өткен 2016 жылы республикалық бюджеттен бала тууына байланысты берілетін бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақыға 30,9 млрд теңге, бала күтімі үшін бiр жасқа толғанға дейiн төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыға 37,3 млрд теңге қарастырылыпты. Сонымен бірге, бірінші, екінші және үшінші бала туылғанда төленетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 66 621 теңгені құраса, төртінші және одан көп бала дүниеге келген жағдайда 111 035 теңге төленеді. Сол сияқты бірінші баланың туылуына байланысты төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 12 217 теңгені, екінші балаға – 14 445 теңгені, үшінші балаға – 16 650 теңгені, төрт және одан да көп балаларға берілетін қаржы көлемі 18 877 теңгені құрап отыр.
Жоғарыда Елбасы атап өткендей елдегі демографиялық өсудің екінші бір өзегі тарихи Отанынан оралушылар үшін мемлекет тарапынан арнайы квота бөлініп, ол қадағаланудың нәтижесінде: 1993 жылы 10 мың отбасы, 1994 жылы 7 мың отбасы, 1995 жылы 5 мың отбасы, 1996 жылы 4 мың отбасы, 1997 және 1998 жылдары 3 мың отбасы, 1999 жылы 500 отбасы, 2000 жылы 600 отбасы квота бойынша атажұртқа оралған екен. Қысқасы, 1991 жылдан бастап 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанға шетелден 261 104 отбасы, 957 772 қазақ оралған. Ал биылғы 2017 жылдың алғашқы тоқсанында елімізге сырттан 2601 отбасы, 4860 қазақ азаматы қоныстаныпты. Елге ел қосылып, керегесі кеңейіп, кемелденіп жатыр деген осы. Бағаналы жұрттың әлеуеті халықтың өсімі арқылы өріліп, айбынымызға айбын қосатыны тағы бар.
Қазақта: «Бейбіт жерде бақ тұрады» деген аталы сөз бар. Осы ұғымның аясына сыйғызып айтар болсақ: еліміздегі өсіп-өніп жатқан демографиялық ахуал мен экономикалық өрлеу біле білсек, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасы. Берекелі бірлігіміз бен ықыласты ынтымағымыз ұзағынан болсын дейміз. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының аясында құрылған «Отандастар» қоры алдағы уақытта халқымыздың демографиялық көрсеткішіне үлкен серпін қосатындығы сөзсіз. Бүгінде 18 миллионды дөңгелектеп отырсақ, енді оншақты жылдың бедерінде 20 миллионға көңіл тоғайтатын боламыз. Ең бастысы, халқымыздың ынтымағына селкеу түспесін!
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»