Абайдың Қасқабұлағы
... Өскеменнен ертелете шығып, Семей асып, Күшікбай асуына аз аялдап, ұлы Мұхаң туған Бөріліні бетке алғанбыз. «Шыңғыстауды бірге сапарлаймыз» деп алдын ала келіскеніміздей мұнда бізді осындағы М.Әуезов музей-үйінің директоры Шағжан Исабаев күтіп отырған. Музей алдынан қарсы алды. Таңертең ертемен сонау Түркістаннан, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір бастаған қонақтар келген екен. «Бөріліні асықпай қайтар жолда аралармыз, әуелі әрідегі Ақшоқы, Жидебайдан бастайық» деп шештік те, көп бөгелместен жолға шықтық. Жолбасшымыз Шағжан ағамыз алдымен ұлы ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлаққа, яғни Абайдың Қасқабұлағына баратынымызды айтқан. Белгілі ақын Бауыржан Жақыптың:
Абайдың Қасқабұлағы,
Тұлпарлар тоқтап су ішкен,
Тұлпардай сен
кең тынысты ең.
Етбеттеп жатып жағаңда,
Бала Абай сенен су ішкен, – деп жырлайтыны осы Қасқабұлақ.
Жалпы, бұл атырапта бір емес, бірнеше Қасқабұлақ бар. Абайдың Қасқабұлағы, Шәкәрімнің Қасқабұлағы, Тәкежанның Қасқабұлағы, Ысқақтың Қасқабұлағы, Ызғұттының Қасқабұлағы деп беске бөлінеді. Бұлақ жанындағы шағын төбешіктегі қара тасқа: «Бұл жерде, аға сұлтан Құнанбай ауылында, 1845 жылы қазақтың данышпан ақыны Абай (Ибраһим) дүниеге келген» деп қашап жазылып, темір дуалмен қоршалыпты. Ақын туған төбе басында сәл аялдап, Абайдың Қасқабұлағына қарай беттегенімізде бұлақ басында салқындап тұрған жылқыларды көрдік. Төбе үстінде сарайыңды ашатын Сарыарқаның жанға жайлы самалы, Мұхтар Әуезовтің тілімен өрнектесек, игілік желі еседі. Жан-жағын ши қымтаған бұлаққа келіп, бір кездері һәкім бетін жуған қасиетті сумен біз де беті-қолымызды жудық. Бір емес, төрт бірдей көзі бар бұлақтың су көздері аздап бітеле бастаған екен. «Шіркін, бұлақтың көздерін ашып, жан-жағын тап-тұйнақтай қып тазалап қояр ма еді» деген ойымызды көзімізден оқыды-ау деймін, Шағжан Исабаев биыл Қасқабұлақ ауылының жастары бұлақ басын жөнге келтіріп, сыртын қоршамақ ойлары бар екенін айтты.
Абайдың Қасқабұлағынан соң «Еңлік-Кебек» мазарына тәу етіп, құран бағыштап Ақшоқыны бетке алдық. Қос мұңлықтың ескерткішінің тұсынан өте бергенде жолбастаушымыз алыстан бұлдырап көрінген төбені нұсқады. Еңлік пен Кебекке үкім шығарылған төбе осы екен. Бұл төбені Ақмағамбеттің биігі деп те атайды. Екі есіл жасты ат құйрығына байлап жібергенде бүгінгі кесене тұрған жерге дейін, қыл арқан қиылып түскенше сүйреген деседі. Бұл арақашықтық шамамен 15 шақырым.
«Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» дегендей, жолбастаушы Шағжан ағамыз көлікте жүріп келе жатып «мынау Ералы жазығы», «алдымызда Шолақ Арқалық, Үлкен Орда, Кіші Орда, оң жағымызда Шаңтимес, ар жағында Арқат-Бұрқат таулары», «ал Абай атамыз Семейден қайтқанда Өртеңнің үстімен Жидебайға тура түсетін болған. Ол соқпақ әлі де бар» деп әр жердің тарихына жеке-жеке тоқталып, кей сәтте сөзін өлең жолдарымен тұздықтап, әңгіме тиегін ағытып келеді. «Ералы жазығы ертеде Шаңтимес, Көкжайдақ деп аталған екен. Оны басы Тарбағатайдың Арбалы, Сарытау аталатын бөлігінен ағып шығатын Ащы су өзені басып өтеді де, тасыған жылдары бүкіл жазыққа жайылып, көк шалғын өседі екен. «Бұл шалғынды пәйектің ұзыны атшаптырымға созылып, төрт-бес қозы көшке кетеді. Мұндай шалқар нуға шаң қайдан жетсін. Өлкенің ертедегі атын ел ұмытпай түстігіндегі жалғыз биікті әлі күнге Шаңтимес деп атайды екен», – деп жазған еді әкем», – дейді тамсана әңгімелеп.
Ал Ералы кім десеңіз, «Абай жолы» романында айтылатын Бөжейдің әкесі. Әйгілі Кеңгірбай бидің баласы. Ералы көп жасаған адам екен. Дүниеден өтер алдында кейін өзі жерленген төбені нұсқап, «ертең мұнда Ералым жатыр демейсіңдер ме, ана төбеге жерлеңдер» деп ұрпақтарына өсиет еткен деседі.
Ақшоқы
Ел мен жер тарихы жайындағы әңгімеге елітіп отырып, Ақшоқыға қалай келгенімізді де білмей қалыппыз. Қасиет қонған, құт дарыған Ақшоқы. Абай еліндегі бүкіл халыққа мағұлұм, атағы алысқа жайылған киелі мекеннің бірі ұлы ақын өмірінің соңғы 10 жылын өткізген Жидебай десек, кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған» деп аса жоғары бағалаған дала данышпаны Құнанбай мен оның ұрпақтары жерленген Ақшоқының қазақ тарихында алар орны бөлек.
Ақшоқының өзі Кіші Ақшоқы, Шеткі Ақшоқы, Үлкен Ақшоқы деп үшке бөлінеді. Әрине, Ақшоқыны жұрттың көбі ең әуелі құдіретті Құнанбай бабамыз мәңгілікке тыныс тапқан киелі мекен ретінде біледі. Алайда, Абай еліне келетін туристер мен басқа да қонақтардың көпшілігінің Бөрілі мен Жидебайға ғана соғып, Ақшоқыны айналып өтіп кетіп жүргені мәлім. Бұл сірә, Ақшоқының ең әуелі жолдан қиыс, екіншіден, насихаттың аздығынан, басының қараусыз жатқандығынан болар деп топшыладық.
Ал Ақшоқының ұлы Абай өмірінде алар орны, ақынның алғашқы жарын сүйген ләззатты шақтары мен Әбдірахмандай аяулы ұлын өз қолымен ақтық сапарға аттандырған қамырықты сәттерін өткерген қасиетті өлке екендігін ескермей жүрген секілдіміз. Біріншіден, Ақшоқы – ұлы тұлғаның қыстау салған жері. Екіншіден, алғашқы жары Ділдәмен шаңырақ көтерген құтты қонысы. Ақшоқының Құнанбай мен Кәкітай зиратынан жоғары сай түкпірінде сол кезде салынған Абай қорасының іргетасы әлі күнге дейін сақталған. Ақын әуелде Үлкен Ақшоқыны мекен еткенімен, көп ұзамай бір жарым шақырымдай жердегі Кіші Ақшоқыға көшкен көрінеді. Аз ғана ғұмырында «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеп», «боямасыз ақ көңіл жүрегін кірлетпей» дүниеден өткен сүйікті ұлы Әбіштің сүйегін 1895 жылы наурыз айында осы Кіші Ақшоқыда қарсы алған дейді. «Әбішті Үлкен Ақшоқыдағы Құнанбай қасына жерлеуге алып жүргенде Абай пәуеске соңында салт бара жатыр еді. Сақ руына сіңген керей Байысұлы Қыдыралы артынан барып сөйлесіп еді, Абай пәуескені тоқтатып, жолдың оң жағындағы шиді нұсқап, солай жіберді» – деген көргендер», – дей келіп, «бір ғажабы, осы зарлы қоштасу болған орында түп-түп ши бүгін де өсіп тұр» деп жазады Бекен Исабаев. Нар тұлғаның ерекше жақсы көрген, келешегінен зор үміт күткен ұлдарының бірі, «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», «Абылай» поэмаларын жазған Мағауия Шеткі Ақшоқыда дүние салған. Ақын ұлының сүйегін Үлкен Ақшоқыға қарай алып жүргенде «Мағашымның сүйегін ауыртады» деп жол үстінің ұсақ тасын теріп, пәуеске алдында жүріп отырған деседі. Осындай шерлі де шежірелі тарихы бар Ақшоқыны Құнанбайға ғана қатысты деуге бола ма?
«Абай жолы» роман-эпопеясында 407 жер-су, 5 мыңнан астам кісі есімі аталады екен. «Шіркін-ай, осы 407 жер-су атауы түгелдей тізімделіп, «бұл жерде ұлы Абай қыстау салған», «мына жерде ақын сүйікті ұлымен қоштасқан» деген белгілер қойылса қандай ғажап болар еді» деп армандадым Ақшоқының басында тұрып.
Ақшоқыдағы Құнанбай қорымын мемлекет қамқорлығына алу жөнінде соңғы жылдары аз айтылып жүрген жоқ. Үлкен Ақшоқыға келіп, Құнанбай мен оның ұрпақтары, келіндері, жақын-жуықтары жерленген бейіттерге тәу еткенімізде жанымызда бірге жүрген жергілікті азаматтар да, Түркістаннан келген қонақтар да киелі мекенге өз дәрежесінде көңіл бөлінбей отырғанын көріп, қынжылыстарын білдіріп жатты.
Жандос Әубәкір Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық қорық-музейінде директор қызметін атқарып жүргенде Абай елінің тарихына жетік Бекен Исабаев, Молдабек Жанболатов сынды қариялармен бірге Шыңғыстауды бірнеше күн бойы аралап, тарихи жерлерді суретке, видеоға түсіріп, қыстақтардың орнын белгілепті. «Сол кезде аңғарғаным, тарихи уақиғалар өткен орындардың көпшілігінде шаруа қожалықтары отыр. Ертең әлгі шаруа қожалығы сол жерге өз атасының атын бермесіне кім кепіл? Өкінішке қарай, қазір көптеген елді мекендер тарихи атауын жоғалтып, кісі аттарымен аталып барады. Әуезовтің ұлылығы сол, «Абай жолында» жер-су атауларының бәрін жазып, айтып кеткен. Тарихи жер атауларын сақтау үшін бәріне белгі қою керек. Бұған көп қаржы кете қоймайтын шығар», – дейді Жандос Әубәкір.
Ақшоқының бүгінгі жайы Абай ауданының зиялы қауым өкілдерін де алаңдатып отыр. Есімі елге белгілі абайлық ақын Төлеген Жанғалиев ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен Жидебайда алыптарға ғажайып кесене салынып, Шыңғыс елі рухани жаңғыруды бастан кешкенін есіне алып, Ақшоқыға да осындай бір рухани серпілістің қажет болып тұрғандығын тілге тиек етті.
«Меніңше, рухани жаңғыру Абай елінен басталуы керек. Ақшоқыға келсек, дәл қазір Құнанбай бабамыз халқымен қайта қауышқан тұста ұлы ақынның әкесі жатқан мекен алаш баласының аялдайтын қасиетті орынға айналуы қажет. Қазір Ақшоқыға кісі бармайды. Бара қалғанның өзінде келушілерді қарсы алатын, Ақшоқының тарихы, қорымда кімдердің жерленгені туралы тәптіштеп айтып беретін адам жоқ. Біз Абайдың басына қалай келетін болсақ, ақынның әкесіне де солай келуіміз керек. Ақшоқыға дейінгі 21 шақырым жол асфальтталса тіпті ғажап болар еді», дейді Төлеген ақын.
Ақшоқыдан кейін Құнанбай әулетіне құтты қоныс болған, һәкім өмірінің соңғы жылдарын өткізген Жидебайға ат басын тіредік. Біз барғанда Абай мен Шәкәрім кесенесі аумағындағы амфитеатрға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. 1995 жылы аталып өткен ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ғажайып кесене салынып жатқан кезде бүгінгі амфитеатр тұрған жердің төменгі қабаты түркі әлеміне қатысты музей болады деп жоспарланған көрінеді. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков кесенедегі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін төменгі қабаттарды кәдеге жаратуды жоспарлап отырғандарын айтты. Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазжаңғырту» мекемесі 2015 жылы Жидебай мен Бөрілідегі музей-үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген екен. 2016 жылы Жидебайдағы музей-үйінің жәдігерлер қоятын 20-дан астам сөрелері ауыстырылып, Абай мен Шәкәрім кесенелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалыпты.
Қоңыр әулие үңгірі
Ұлылар мекенінде тек Құнанбай, Абай өміріне ғана қатысты емес, тарихы тереңнен тамыр тартатын киелі орындар жетерлік. Соның бірі де бірегейі – Қоңыр әулие үңгірі. Қоңыр әулие үңгірі жайында ел арасында аңызға бергісіз әңгімелер көп. Әйгілі Қабанбай батыр «Дарабоз» атағын осы жерде алған деседі. Бұл туралы «Абай жолы» романында да жазылғаны белгілі. Үңгір маңында жоңғарлармен қаншама кескілескен қанды шайқастардың өткенін сол төңіректегі тас қорымдардың өзі әйгілеп жатқандай. Алайда, дәл қазіргі уақытта Қоңыр әулие үңгірін жұрттың көбі тарихи мекен ретінде емес, тек емделу орны ретінде қабылдап жүрген секілді. Қасиетті үңгірді түсініксіз діни ұйымдардың табыс көзіне айналдырып алғаны жайында да БАҚ беттерінде айтылып, жазылған еді. Осы жолғы сапарымызда сол түсініксіз діни ұйымдардың үңгір сыртына бірнеше тас қойдырып, мән-мағынасы бұлыңғырлау сөздерді жазып қойғандарына куә болып, қынжылғанымыз рас. Сөзіміз дәлелді болу үшін үңгірге кіреберістегі тастың біріне жазылған жазуды тура сол қалпында келтірсек дейміз.
«Қоңыр әулие
Жазылған адал ғұмыр
маңдайына,
Қамқор болған елі-жері,
халқының жағдайына.
Қоңыр атың асыл, затың батыр,
Рухың шат болсын жаннат сарайында. «Ата жолы» Қарағанды 2007 мамыр Қарашаш ана ордасынан». Осы ақ тастың жанындағы қара тасқа да мағынасы осыған ұқсас өлең жолдары қашап жазылған. Тек соңына «Ақ жол. 13.Х.2003 ж» деген белгі қойылған.
Қоңыр әулие үңгірі қазір жеке адамның иелігінде екендігі белгілі. Жыл сайын, әсіресе, жаз уақытында еміне шипа іздеп келетін адамдардың қатары қалың. Соны ескерген болуы керек, үңгір алдына асхана, монша секілді келушілерге қызмет көрсететін кешен салынған. Айтпағымыз – бұл емес. Айтпағымыз – осынау қасиетті үңгірді мемлекет қарамағына алу жөнінде әңгімелер ара-тұра айтылып жүргенімен, ешқандай нәтиже болмай отырғандығы. Жалпы, Абай ауданында 35 мәдени-тарихи ескерткіш бар екен. Оның 10-ы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық қорық-музейіне қарайды. Абай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Елдар Оразалин осыдан бір-екі жыл бұрын Қоңыр әулие үңгірін тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер қатарына алу жөнінде облыстық мәдениет басқармасына хат жолданғанын жеткізді.
Жуықта Өскеменде Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бойынша облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен жиын өтіп, сол жиында Шығыс Қазақстандағы киелі орындар картасы жасалатыны туралы айтылған-ды. Аталған өңірлік бағдарламаға Қоңыр әулие үңгірі де енеді делінген. Осы бағдарлама аясында үңгірдің жағдайы бір жөнге келер және біз жоғарыда сөз еткен Ақшоқыдағы Құнанбай қорымы да өңірдің киелі орындары картасына енгізілер деп үміт етеміз.
Құнанбай демекші, Абай ауданының орталығы Қарауылға барғанымызда ақжолтай жаңалық естідік. Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков биыл тамыз айында Қарауылға Құнанбай бабамыздың еңселі ескерткіші орнатылатынын айтты. Биіктігі тұғырымен қоса алғанда 9 метрге жуықтайтын ескерткіш мыстан құйылып, әзірленіп жатыр екен. Қойылатын орны да белгіленіпті. Биыл елімізде әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойы аталып өтілетіні мәлім. Аудан басшысы қаламгердің мерейтойы атаусыз қалмайтынын, күзге қарай үлкен салтанатты шара, ауқымды конференция өтетінін, ұлы тұлғаның туған жері Бөріліге апаратын 4 шақырым қара жол толық асфальтталатынын жеткізді. Тағы бір жағымды жаңалық, ұлы Абай жастық шағында ғашық болған Тоғжан Сүйіндікқызының Тоқтамыс ауылы төңірегіндегі бейітіне тас қойылып, маңы қоршалған екен.
Түйін
Абай еліне сапарымызды Бөріліден бастап, Бөрілімен түйіндедік. Мұхтар Әуезов музей-үйін аралап, ондағы жәдігерлермен танысып, жазушының әкесі мен анасы, ағасы Қасымбек пен жеңгесі Ғалия жерленген кесенеге тәу еттік. Байқағанымыз, Бөрілінің маңында да әрқайсысына жеке-жеке белгі қоюға тұрарлық тарихи жерлер көп екен. Ұлы Мұхаң дүние есігін ашқан Аяқ қараған, Бас қараған, Бүйрек қараған, жазушы балалық шағында суына шомылған Қарасу, ұлы Абай Біржан салды қарсы алған Тізе су, Ділдә анамыз өмірінің соңғы күндерін өткізген Аралтөбе... Айта берсек, алысқа кетерміз. Шағжан Исабаев бір ғана жай көңілін алаңдататынын, һәкім Абайды әлемге танытқан қаламгерді тәрбиелеген, оқуға апарған туған ағасы Қасымбек пен жары Ғалияның басына осы уақытқа дейін тас қойылып, белгі соғылмағанын айтты. Жазушының 120 жылдық мерейтойында аудан азаматтары игі істі қолға алар деп сенеміз.
«Менің сіздерге айтайын деген арманды, иә, иә, асыл арманды сөзім бар еді. Шыңғыстың елі мен жері сендер дүнияға Абайды бергенсіңдер!.. Сендер халқыма әлі Абайдай перзент бересіңдер... беруге тиіссіңдер... Бересің! Мен оны көрмей кетіп бара жатырмын. Әлде сол мына қара табандарым арасында тұр ма екен! Осы Қарауылда, анау Жидебай, Орда бойында мен де жалаңаяқ жүгіріп жүргенмін. Мұхтардың аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Халық пен халық, адам мен адам біліммен теңеседі. Ұлт дүнияға берген тұлғалы ұл-қыздарымен өлшенеді», депті қайран Мұхаң 1957 жылы Абай еліне, туған жеріне соңғы рет келгендегі тебіреніске толы сөзінде. Бөріліден шығып, Семейді бетке алғанда жазушының осы сөзі ойға орала берді.
Азамат Қасым,
«Егемен Қазақстан»
Өскемен – Семей – Бөрілі – Ақшоқы – Жидебай – Өскемен