ЭКСПО-2017 • 03 Шілде, 2017

Тай тәжірибесімен бөлісуге дайын

178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы қатысушы мемлекеттердің ұлттық күндері жалғасуда. Шілденің алғашқы күні Таиланд корольдігі төл мерекесін атап өтті. Елуден астам әртіс өнерін паш еткен шара барысында әсем табиғатымен әлемге танылған елдің тарихынан сыр шертетін қойылымдар сахналанды. Әсіресе, әдемі ұлттық костюмі, ерекше музыкасы мен ән-биі ешкімді бейжай қалдырмады.

Тай тәжірибесімен бөлісуге дайын

Ұлттық күн аясында ЭКСПО қонақтарының назарына тай мәдениетін және оның тұрмыс салтын бейнелейтін әсерлі шоу ұсынылды. Көрермендер «Хон», «Киннари», «Рамаяна маскалар» ұлттық билерін және Джо Луис қуыршақтарының қойылымын тамашалады. Шоу барысында 2016 жылғы Таиланд вице-мисі Пинтхип «Кван» Оракхорн ханым жиналған жұртты өз елінің биіне үйретті. Ол, әсіресе, өнерімен әрі сұлу­лығымен көпшілікті тәнті етті. Бұдан бөлек, қонақтарға тай елінің баламалы энергетика саласындағы жетістіктері, ауыл шаруашылығында биоэнергетика өндіру технологиялары арнайы бейнебаяндар арқылы көрсетілді.

Мерекенің ресми бөлімінде Таиландтың Энергетика ми­нистрі Анантапорн Канд­жанарат баламалы энергия алу жолында ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта қолдану тәжірибесімен бөлісуге дайын екендіктерін жеткізді. «Біз­дің энергетикалық сая­са­­тымыз тұрақтылық пен тех­но­логиялық дамуға бағыт­талған. Павильонымыз «Бар­лық адамға арналған биоэнергетика» құрылымына сай құрастырылған. Бұл Таи­­ланд үкіметінің энерге­тикалық стратегиясын жүзе­ге асыруға септігін тигі­зіп қа­на қоймай, біздің жергі­лікті фермерлерімізге де көмек­теседі», деді ол.

Басқосуда Қазақстан Рес­публикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой екі ел арасында тығыз дип­ломатиялық қарым-қатынас орнағанын айтып, тай хал­қына деген ілти­патын әңгі­меледі. «Ұлттық күн­ді өткі­зу қатысушыларға өзінің мәде­ниетін, дәстүрін, өмір сүру үлгісін және ұлттық тағамдарын көрсетуге мүмкіндік береді. Таиланд мерекесі екі­жақты тиімді әріптестікті ны­ғайтып, сол елдің бизнес қауым­дас­тығына Орталық Азия мен ТМД аумағында же­текші ком­паниялардың бірі ата­нуына мүмкіндік береді», деді А.Цой.
Таиланд павильоны көрме басталғалы көпшілік көңілінен шығып келеді. Халықаралық шара ашылғалы бері павильонды 100 мыңға жуық адам тамашалап үлгерген екен. 900 шаршы метр­ден асатын тай аймағы ойын-сауық пен танымдықты үйлестіре құрылған үш көр­ме залынан тұрады. Онда интерактивті демонстрация арқылы қант құрағы, эвкалипт, каучук, күріш, жүгері, тапиоки, көң мен пальма майынан энергия алу технологияларымен танысуға болады. Олар ЭКСПО-2017 көрмесінде үздік бес павильонның қатарынан көрінуді көздейді. Бұл мақсатқа тыңғылықты дайындалғандары да көрініп тұр. 

Павильонда бірнеше ұйым бөлмелерін ашқан. Олардан тай мемлекетінің экономикасы, қолөнері, мәдениеті мен туризмі туралы барлық ақпаратты алуға болады. Бұдан бөлек, Таиланд Инвестициялар жөніндегі кеңесі 30 маусым-5 шілде, 11-16 тамыз аралығында іс­керлік топтар мен инвесторлар үшін шеберлік сыныптарын өткізбек. Сондай-ақ, тай театры, бейнелеу мен қолөнеріне арналған сан алуан мәдени-бұқаралық шаралар жоспарланған. Жақында мемлекеттің Сауда министрлігі ЭКСПО-2017 көрмесіне тағы 16 компания тартты. Олар «халал» өнімдерін таныстырады.