Тамара Қасымқызы алдымен Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылына келді. Онда министр мен аймақ басшысы Құмар Ақсақалов былтыр бой көтерген мектептің жарақтандырылуымен, «Аружан» шағын орталығымен танысты.
Бұрын оқушылар аудан орталығына қатынап оқыса, енді жергілікті жерде оқуға мүмкіндік алып отыр. Жұмыс тобы жергілікті ФАП-ты аралап, тұрғындармен кездесті. Онда әлеуметтік салада қолға алынған бағдарламалар жөнінде әңгімеленді.
«Президенттің тікелей тапсырмысы бойынша зейнетақы мен жәрдемақы 20 пайызға көтерілді. Басқа да қолдаулар көрсетіліп жатыр. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар ашуға болады», деді Тамара Дүйсенова.
Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрі аудан орталығында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 18 пәтерлік жатақханада болды. Мұнда ішкі миграцияны реттеу бағдарламасы шеңберінде оңтүстік өңірлерден қоныс аударғандар тұрады.
«Қазір осында тұрып, пәтерді жалға алып отырсыздар. Кейін ақша жинап, үй сатып алуға болады. Ең бастысы – еңбек етіп, ауданның, тұтастай алғанда еліміздің дамуына үлес қосу», деді ведомоство басшысы.
Делегацияға «Ахмуддинов» ЖК-і шығаратын өнімдер, жұмысшылар үшін салынған жаңа үйлер көрсетілді.
«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның бас директоры Қуаныш Бишімов министрге әзірленген технологиялық жаңғырту бағдарламасы туралы айтып берді. Басшылық еңбекақыны 35%-ға көтеруді жоспарлап отыр. Мұнда үш жылдан бері ұшқыр режимде дуальды оқыту жүйесі боынша жұмыс істейді. Ол өндіріске жас мамандарды тартуға мүмкіндік.
«Жаңа еңбек кодексіне сәйкес мемлекет ең төменгі еңбекке ақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі стандарттарын белгілейді. Бұл стандарттар қатаң бақыланатын болады. Әлеуметтік пакетке, еңбекті қорғау қауіпсіздігі, еңбекке қабылдау мен жұмыс режиміне байланысты қалған мәселелер жұмысшы өкілдері мен жұмыс берушілерге беріледі», деді Т. Дүйсенова.
Облыстық әкімдікте активтің қатысуымен 28 маусым– 1 шілде аралығында өңірде өткен «Ашық есік» күнінің жұмыс қорытындылары шығарылды.
«Басты міндет– тұрғындарға атқарылып жатқан реформаларды кеңінен түсіндіру, әртүрлі әдістемелік, практикалық көмектер беру», деді өз сөзінде министр.
Ол 2018 жылдан іске қосылатын реформалардың маңыздылығы мен ауқымдылығын атап көрсетті. «2017-2020 жылдарға арналған Құнарлы жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына жүзеге асыруға жергілікті биліктің назарын аударды. Дағдарысқа қарсы шараларды кешенді жүргізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмыла атсалысуға шақырды.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы